Ұжымдық қауіпсіздік кепілі
Ұжымдық  қауіпсіздік кепілі
310
оқылды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік сапармен Қырғызстан астанасы Бішкекке келді. Сапар барысында Мемлекет басшысы Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбековпен шағын құрамда келіссөздер жүргізді. Қазақстан мен Қырғызстанның Жоғары мемлекетаралық кеңесінің отырысына қатысты. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымының сессиясына қатысты. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Өзара тиімді диалог

Бішкек қаласында өткен Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы (ҰҚШҰ) Ұжымдық қауіпсіздік кеңе­сінің сессиясы аясында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Беларусь президенті Александр Лукашенко, Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков, Ресей президенті Владимир Путин, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон, Арменияның премьер-министрі Николай Пашинян, сондай-ақ ҰҚШҰ Бас хат­­шысының міндетін атқарушы Валерий Семериков шағын құрамда кездесу өткізді. Содан кейін делегация мүшелерінің қатысуымен келіс­сөздер жалғасты.

Мемлекеттер басшылары халықаралық және өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөнінде пі­кір алмасты. ҰҚШҰ-ның 2019 жылғы басым бағыт­тарының іске асырылуын қорытындылап, алдағы жоспарын анықтады.

Қасым-Жомарт Тоқаев шағын форматта өткен кездесуде қатысушы мемлекеттер басшыларына Қазақстанның ҰҚШҰ форматындағы өзара іс-қимылдардың өзекті мәселелері жөніндегі ұстанымын жеткізді.

– Біз ҰҚШҰ аясындағы саяси ынтымақтастықты дамытуға, ұйымның әскери-күштік әлеуетін нығайтуға және заманауи сын-қатерлер мен қауіп­терге қарсы іс-қимылдар жасауға ниеттіміз, – деді Мемлекет басшысы.

Халықаралық қауіпсіздік саласындағы саяси диалогты күшейту қажетін атап өткен Қасым-Жомарт Тоқаев Еуразия кіндігінде орналасқан аумақтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісіндегі ҰҚШҰ-ның атқаратын жауапкершілігіне назар аударды. Оның пікірінше, ұйым Еуропа мен Азияны қауіпсіздіктің бірыңғай Еуразиялық плат­­формасында байланыстыра отырып, өз пози­циясын қазіргіден де нығайта алатыны жөнінде пікір білдірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев осы мақсатқа қол жет­кізу үшін бірқатар міндетті қарастыру керек екенін айтты. Атап айтқанда, ҰҚШҰ-ның халықаралық беделін арттыру үшін жұмыс жүргізу қажеттігіне тоқталды.

– Біз ешкімге қарсы шықпаймыз, керісінше, өзара тиімді диалогқа дайынбыз. Бұл ұстанымды ілгерілету маңызды, – деді Мемлекет басшысы.

Осыған орай, Қазақстан Президенті ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің Сыртқы істер министрлерінің НАТО-дағы әріптестеріне биылғы мамыр айында жолдаған Ашық үндеуінің маңызын атап өтіп, оның өзара сенімді нығайтуға және ынтымақтастықты дамытуға септігін тигізетінін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев ҰҚШҰ жанындағы Серіктес және Бақылаушы институттарды одан ары дамытудың маңызын атап өтті. Институттарды құру туралы шешім былтыр Қазақстан астанасында қабылданған болатын. Президенттің пікірінше, бұл институттар жұмыстарының алғашқы нәтижелері де айтарлықтай.

Президент ҰҚШҰ аясындағы сараптамалық-диалогтық инфрақұрылымды кеңейтуге шақырды. Мемлекет басшысының айтуынша, Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің алдағы сессияларының бірінде министрлер, Қауіпсіздік кеңесі хатшылары, ірі сарапшылар мен шетелдік қонақтар деңгейінде халықаралық конференция ұйымдастыру туралы ойланған жөн.

Қасым-Жомарт Тоқаев Мюнхен конференция­сын мысалға келтірді. Оның пікірінше, бұл жиын бастапқыда НАТО-ға мүше елдердің қор­ғаныс ведомстволары өкілдерінің бейресми кез­десуі ретінде ұйымдастырылған еді, ал бүгінде Еуро­па­ның қауіпсіздігіне қатысты проблемаларды талқы­лайтын беделді форумға айналды.

Мемлекет басшысы өз сөзінде ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттер аумағындағы, соның ішінде Ауғанстандағы терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелері туралы айтты.

– Бүгінде ресми билік ел аумағының жарты­сынан астамын ғана бақылайды. Онда халықтың 65 пайызы тұрады. Ауғанстанның қалған ай­мақ­тары – террористік ұйымдардың қолында. Оңтүс­тіктен төнетін осындай қауіптің бар екенін ескере отырып, ҰҚШҰ халықаралық терроризм мен басқа да қатерлерге қарсы күресу үшін қарулы күштер мен құралдарды сақадай-сай ұстауы қажет, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы саммит қатысушыларына «Жусан» арна­йы гуманитарлық операциясының нәтижесі туралы айтып, осы шара барысында Қазақстан мен Сирия­ның салалық органдары 595 аза­матты, оның ішінде 400-ден астам баланы қақтығыс аймағынан алып шыққанын жеткізді. Пре­зидент жуырда ғана Ирактан бір топ баланың құтқарылғанын хабарлады.

Қасым-Жомарт Тоқаев заңсыз есірткі айналымымен күрес, ақпа­раттық және киберқауіпсіздік са­лаларындағы ынтымақтастық­ты нығайту мәселелеріне назар аударды.

Қазақстан Президенті сөзі­нің соңында ҰҚШҰ-ға төрағалық ет­кен қырғыз тарапының же­тістік­тері үшін Сооронбай Жээн­бе­ков­ке ризашылық білдіріп, ұйым тө­ра­ғалығын қабылдап алған ре­сейлік әріптестерін құт­тықтады.

Саммит қорытындысы бо­йын­ша ҰҚШҰ-ға мүше мемлекет­тер басшылары жаһандық және өңірлік қауіпсіздікті нығайту мақ­сатында халықаралық іс-қи­мылдар мен ынтымақтастықты жетілдіру туралы саяси мәлімдеме қабылдады.


Бішкекте қабылданған құ­жат­тар ҰҚШҰ аясындағы ық­пал­дас­тықты одан ары нығайтуға бағыт­талған. Құжаттар ұйым­ның ашық­тығын және оның өзге ел­дермен және халықаралық құры­лымдармен ынтымақ­тас­тығын кеңейтуге бейілдігін көрсетеді.

Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі сессиясының қорытындысы бо­йынша 17 құжатқа, соның ішінде жаһандық және өңірлік қауіпсіз­дікті нығайту мақсатында халықа­ралық өзара іс-қимылдар мен ын­тымақтастықты жетілдіру ту­ралы мәлімдемеге және Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің 14 шешіміне қол қойылды.


Бішкекте Абай ескерткіші
бой көтермек

Қазақстан Президентін «Ала-Арча» резиденциясында салта­натты қарсы алу рәсімінен кейін «Ақсақалдар» залында шағын құрамдағы келіссөздер өтті.

Тараптар екіжақты страте­гия­лық серіктестік бойынша, оның ішінде саяси, сауда-экономи­ка­лық және мәдени-гуманитарлық бағыттағы, сондай-ақ халықа­ралық құрылымдар аясындағы көптеген мәселені қарастырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Соо­рон­бай Жээнбековке қонақжай­лық көрсеткені үшін ризашылық білдіріп, оның қазақ-қырғыз ын­тымақтастығын нығайтуға қос­қан жеке үлесін жоғары бағалады.

Қазақстан Президенті өзінің Бішкекке жасаған мемлекеттік сапарына зор мән беретінін атап өтіп, екі бауырлас халық арасында ешқандай қарама-қайшылықтың жоқ екенін айтты.

Кездесу соңында Қасым-Жо­март Тоқаев Сооронбай Жээн­бековті 2020 жылы Қазақстанға сапармен келуге шақырды.

Шағын құрамдағы кездесуден кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Сооронбай Жээнбеков Қазақстан мен Қырғызстанның Жоғары мем­лекетаралық кеңесінің бесін­ші отырысын өткізді.

Мемлекет басшысы өз сөзінде осындай форматтағы отырыстың 2014 жылы Қазақстан астанасында өткеніне тоқталды.

– Кеңес жұмысының біраз уа­қыт кідіріп қалғанына қарамас­тан, аталған жиын екіжақты қа­ты­настардың барлық бағыты бо­йынша маңызды саяси шешімдер қабылдауға септігін тигізетін ын­ты­мақтастықтың жоғары орга­ны болып қала береді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, Қыр­ғызстан – Қазақстан үшін тату көрші, одақтас және бауырлас мемлекет. Мемлекет басшысы кө­лік-тран­зиттік инфрақұры­лы­мы қалыптас­қан ортақ шекараның болуы, Еуразиялық экономика­лық одақ аясындағы серіктестігі – екі елдің экономикалық байла­ныс­тарының басымдығы деп атап өтті. Осының арқасында Қазақ­стан Қырғыз­станның жетекші сауда се­ріктес­терінің біріне ай­налып, көр­ші елдің сыртқы сауда айналымында үшінші орынға берік орнықты.

Сооронбай Жээнбеков алдағы уақытта қазақ-қырғыз стратегия­лық серіктестігі мен одақтастығы екі ел халықтарының игілігі жо­лында одан ары нығая түсетініне сенім білдірді.

Мемлекеттер басшылары Қа­зақ­стан мен Қырғызстан арасын­дағы байланыстарды қалыптас­тыру және дамыту ісіндегі Қазақ­станның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегін атап өтті.

Келіссөздер барысында қыр­ғыз тарапы 2020 жылы Бішкекте Абай Құнанбайұлына ескерткіш орнатылатыны туралы шешім қабылданғанын айтты.

Келіссөздер қорытындысы бо­­йынша бірқатар құжатқа қол қойылды. Мемлекет басшысы екі елдің көпжақты құрылымдар ая­сындағы табысты ықпалдастығын және халықаралық күн тәрті­бін­дегі көптеген өзекті мәселелер жөнінде көзқарастардың ортақ екенін атап өтті.

Қазақстан мен Қырғызстан делегацияларының арасында өт­кен келіссөздер қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев пен Сооронбай Жээнбеков бұ­қа­ралық ақпарат құралдары үшін бірлескен мәлімдеме жасады.