Қысқы спорт түрлеріне дайынбыз ба?
Қысқы спорт түрлеріне дайынбыз ба?
337
оқылды

Қазақстанда қысқы спорт түрі кенже қалған, насихаты тө­мен спорттардың қата­ры­на кіре­ді. Жазғы олим­пиа­далық ойын­дарға қара­ған­да, аталған спорт түрлерінен өтетін жарыс­тарда биік шың­­ды бағындырған сайып­қы­рандарымыздың өзі са­нау­лы. Жанкүйерлердің «қыс­­­­қы спортта жүрген спорт­­­шы­ларға сенім артуы – бәй­геге ақсақ ат қосқанмен бірдей» деп әзілдейтіні де сон­дық­тан.

Қысқы Олимпиада ойындарына 1994 жылдан бері тұрақты түрде қатысып келеміз. Алайда бұл сыннан бүгінге дейін тек 7 жүлде ғана жеңіп алдық. Атап айтқанда, қор жынымызда 1 алтын, 3 күміс, 3 қола медаль бар. Жалғыз алтын медальді Олимпиадаға алғаш қатысқан кезде алдық. 1994 жылы Норвегияның Лиллехаммер қаласында өткен XVII қысқы Олимпиадада шаңғышы Владимир Смирнов бас жүлдені қанжығасына байлаған. Содан бері Қазақстан құрамасы үшін «алтынның» ауылы алыстап кетті. – Қысқы спорт негізі елімізде керемет дамуы тиіс болған. Өздеріңіз білесіздер, Алматы мен Астана қаласы түгелдей қысқы спорттық инфрақұрылымға тұнып тұр. Мұндағы трамплин, мұзайдыны – бәрі-бәрі халықтың игілігі үшін жұмыс істеуде. Тұңғыш рет елімізде VII қысқы Азиада ойындары және XXVIII қысқы универсиада ойындары өтті. Сол кезде көптеген заманауи спорт кешені салынған болатын. Сонымен қатар Бурабайда трамплин бой көтерді. Өскемен мен Риддерде де қысқы спорт пен айналысуға жақсы мүмкіндік жасалған, – дейді спорт комментаторы Ермұхамед Мәулен. Көңілге жұбаныш болары, мәнерлеп сырғанау бойынша біршама жетістігіміз бар. «Барыс» хоккей клубы да дүбірлі додаларда мерейімізді асқақтатып жүр. Шаңғы спортында да аздаған даму бар. Несін жасырайық, бірақ бізде сноуборд, биатлон, керлинг, фристайл секілді спорт түрлері аса танымал емес. Сондықтан ондағы спортшыларды біле бермейміз. Мойындау керек, қазіргі қысқы спорт түрлерінен ел намысын қорғап жүргендердің арасында қаракөздеріміз жоқ. Содан да болар, екінші сортты спортшыларға ешқашан қызығушылық танытып, өзімізге жылы тартқан емеспіз. Спорт сарапшылары да Қазақстанда ақша көп кететін, жүлде аз келетін спорт түрлеріне көңіл бөлінбейтінін расқа шығарып отыр. Дегенмен елімізде қысқы спортты дамытуға күш салып жатқан санаулы аймақтар бар. Солардың бірі – Ақмола облысы. Ақмола облыстық Спорт басқармасының мәліметінше, қазір қысқы спорттың дамуына өңірде барлық жағдай жасалған. Облыста 11 шаңғы базасы мен биатлон спортына арналған 3 ату алаңы бар. Жалпы, облыста қысқы спортпен айналысушылардың саны 16,8 мың адамға жеткен. Мұнда сонымен қатар 234 адам биатлон және 1 мыңнан астам адам шаңғы спортымен тұрақты айналысады. Өзге өңірлерде де жылдан-жылға аз болса, қысқы спорт түрлеріне қызығушы жастар қатары көбейіп келеді. Бұған да шүкір дейміз. Газетімізге берген сұхбатында спорт шолушысы Қуаныш Қаппас елімізде қысқы спорттың дамуын тежейтін бірқатар кедергіні атады. Оның айтуынша, Қазақстанда қысқы спорт түрлерінен жаттықтырушы кадрлардың тапшылығы күрделі мәселеге айналған.

Қысқы спорттың қадамына тұсау болған екінші себеп – спорттық кешеннің кемдігі. Еліміздің көп өңірінде қысқы спортқа арналған алаңдар жоқ. Көптеген споршымыз ірі додалар алдында шетелге шығып, жаттығу жиынын өткізеді. Осының бәрі бұл спорт түрінің дамуына тұсау болып отыр.

– Шынын айтқанда, елімізде қысқы спорттың деңгейі де, дамуы да өте төмен. Соңғы 3 кезекті қысқы Олимпиадада бізге бұйырғаны 1 күміс, 2 қола медаль ғана. Осыдан-ақ қысқы спорттағы деңгейімізді саралай беруге болады. Еліміздің шығысында, солтүстік аймақтарымызда қысқы спорт үшін тамаша орындар жеткілікті. Тіпті, кей жерде қысы-жазы дайындалса да мүмкіндік бар. Алматыда қысқы Азия ойындарын өткізу үшін тамаша спорттық кешендер салынды. Бірақ әлі де қысқы спорттың дамуы тым баяу. Мұның басты себебі, қысқы спорттың бұқаралық сипаты болмауында деп есептеу керек шығар. Жоғарыда айтқанымыздай, шығыс және солтүстік аймақтарда, Алматыда қысқы спорт үшін жағдай жасалғанымен, өзге өңірлерде спорттың бұл саласы мүлде ескерусіз қалған. Қазір Қызылорда немесе Маңғыстау өңірінде шаңғы спортын дамыту мүмкін емес. Бір қызығы, фристайлдың акробатика түрі еліміздің оңтүстігі – Шымкентте жақсы дамыған. Оңтүстік өңірден Жанбота Алдабергенова секілді үздік спортшылардың шығуы осының айқын дәлелі. Демек, ниет танытсақ, көңіл бөлсек, кез келген аймақта қысқы спорт түрін дамыта аламыз. Қысқы спорттың қадамына тұсау болған екінші себеп – спорттық кешеннің кемдігі. Еліміздің көп өңірінде қысқы спортқа арналған алаңдар жоқ. Көптеген споршымыз ірі додалар алдында шетелге шығып, жаттығу жиынын өткізеді. Осының бәрі бұл спорт түрінің дамуына тұсау болып отыр, – деп атап өтті ол. Ал спорт ардагерлерінің басым бөлігі кез келген саланы дамыту үшін ең бастысы мықты база керек екенін, содан соң жақсы нәтиже күтуге болатынын айтады. Расымен, қысқы спортты қолға алу үшін алдымен жүйелі жұмыс жүргізілуі тиіс. Бірінші кезекте әр ауылдық округтен шағын болса да мұзайдындары салынса, аудан орталығынан қысы-жазы жұмыс істейтін мұз сарайы тұрғызылса дейсің. Сонда қыс бойы өз ауылдарында коньки теуіп шыныққан балалар қар ерігесін аудан орталығында жаттығуын жалғастырады. Сосын жер-жерде ауылішілік жарыстарды жиі өткізіп тұрған абзал. Жарыс көрген бала түптің түбінде спортшыға айналып, биік белестерді бағындырады. Тоқ етерін айтқанда, өңірлерде қысқы спорт түрлерін дамыту, насихаттау, бұқаралық сипат алуына мейлінше ықпал етуіміз керек. Сонда ғана нәтижеге қол жеткізе аламыз.

АбылайханАбылайхан ЖҰМАШ