Стратегиялық серіктестік арта түспек
Стратегиялық серіктестік арта түспек
229
оқылды

Қасым-Жомарт Тоқаев ресми сапармен Германияға барды. Қазақстан Прези­дентін ресми қарсы алу рәсімі Феде­ралдық канцлердің ведомс­тволық ғимаратының алдын­да өтті. Бұл туралы Ақорда­ның баспасөз қызметі хабар­ла­ды. Қазақстанның, Герма­ния­ның және Еуро­палық Одақтың тулары кө­теріліп, Бундесвер­дің бас оркестрі екі мем­лекеттің әнұранын орындады.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ангела Меркель Құрмет қарауы­лын аралап шықты. Содан кейін екі елдің ресми делегациясының құрамы таныстырылды. Сал­танатты рәсімнің соңында Қа­зақстан Президенті мен Германия канцлері кеңейтілген құрамда келіссөздер өткізді.

Келіссөздер барысында екі­жақты байланыстарды жандан­ды­руға және стратегиялық эко­но­ми­калық серіктестік орнату перс­пективаларына баса мән берілді.

Қазақстан Президенті Гер­мания канцлеріне қонақжайлық көрсеткені үшін ризашылығын білдіріп, Меркель ханымның екі ел арасындағы достық байла­ныстарды нығайтуға қосқан үле­сін жоғары бағалайтынын айтты. Мемлекет басшысы алдағы уақытта Қазақстан өзінің сыртқы сая­сатындағы сабақтастықты сақтап, Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың баста­ма­ларын жалғастыра бе­ре­тінін атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Президент ретінде Еуропа Одағы бойынша алғашқы ресми сапарын Германиядан бастағанын айтып, Қазақстан үшін осы елмен ынтымақтастықты нығайтудың маңызы зор екеніне тоқталды. Сондай-ақ Мемлекет басшысы бұл сапардың басты мақсаты екі ел арасындағы экономикалық ын­тымақтастық пен саяси ықпал­дастыққа жаңа серпін беру екенін жеткізді.

– Германия – экономикалық әлеуеті жағынан Еуропада төр­тінші болғанымен, біздің елі­мізге тікелей инвестиция салып отырған мемлекеттердің ішінде 12-орында. Қазақстан әртүрлі саладағы 700-ден астам жобаны жекешелендіретін болады. Бұл неміс инвесторлары мен компа­ния­ларына жақсы мүмкіндік ту­ғызады деп санаймын. Неғұрлым инвестиция көп тартылса, со­ғұрлым екі ел үшін де тиімді бол­мақ, – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Германия инвесторлары үшін арнайы жеңілдіктер ұсынып отырғанын, бұл екі тарапқа да өте тиімді болатынын айтты.


Баспасөз мәслихаты бары­сын­да журналистер Германияға экс­портталатын тауар көлемінің соңғы 8 айда 21,4%, яғни 2,258 мил­лиард евроға төмендеп кеткені, сарап­шылар мұның себебін мұнай на­рығындағы жағдаймен байланыс­тырып отырғанын сұрады.

– Расында, мұндай үрдіс бар. Бүгінгі сапарымның басты мақсаты – осы жағдайды мейлінше өзгерту. Сондықтан келіссөздер барысында канцлер ханымға бір­неше нақты ұсыныстарымды жеткіздім, – деп жауап берді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысына дуальды білім беру саласына қатысты екі­жақты ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен перспекти­васына байланысты да сұрақ қойылды.

– Дуальды білім беру жүйесінде неміс тәжірибесін қолданып ке­леміз. Алдағы уақытта білім беру саласында ынтымақтастықты жал­ғастыра береміз, – деді Президент.

Германияның канцлері Ангела Меркель Қазақстанмен арада берік ынтымақтастықтың орнағанын, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен өзара түсіністікте жұмыс істегенін атап өтіп, Қасым-Жомарт Тоқаев­тың екі ел арасындағы ықпал­дастықты жаңа деңгейге көтере­тініне сенім білдірді, сондай-ақ бүгінгі келіссөздердің нәтижелі өткенін айтты.

Артынша Мемлекет бас­шысы ГФР-дің экс-канцлері Герхард Шрёдермен кездесті. Кездесу барысында Қазақстан мен Германия арасындағы ын­тымақтастықтың аясын кеңейту және екі елдің іскерлік байла­ныс­тарын нығайту мүмкіндіктері талқыланды.

– Қазақстанға инвестор ретінде келетін неміс кәсіпкерлеріне ар­найы жеңілдіктер жасауға ниеттіміз. Бізде арнайы эконо­микалық аймақтар бар. Сондықтан оларға ерекше жағдай жасаймыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Герхард Шрёдер Қазақстанның инвесторлар тартуға бағытталған шараларына оң баға беріп, эконо­миканың нақты секторындағы бірлескен бизнес-жобаларды жүзеге асыру жөнінде өз ұсынысын айтты. Белгілі саяси қайраткердің пікірінше, Қазақстан немістің ірі компанияларына ғана көңіл бөліп қоймай, сондай-ақ Германияның шағын және орта бизнесінің әлеуетін де ескеруі қажет.

Бұдан кейін Қазақстан Президенті Германияның Федерал­дық президенті Франк-Вальтер Штайнмайермен жүздесті.

Сәлемдесу және суретке түсу рәсімінен кейін Мемлекеттер басшылары «Бельвю» мемлекеттік резиденциясына барды. Онда Қасым-Жомарт Тоқаев Құрметті қонақтар кітабына қолтаңбасын қалдырды.

Содан кейін екі елдің прези­денттері келіссөз жүргізіп, өзара қы­зығушылық тудыратын ауқым­ды мәселелерді қарастырды.


Франк-Вальтер Штайнмайер аталған сапары үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа ризашылығын білдіріп, Қазақстан мен Герма­ния­ның ынтымақтастығын одан ары дамыту үшін жүргізілген келіс­сөздердің маңызын атап өтті.

Мемлекет басшысы Берлинге са­пары барысында неміс бизне­сі­нің бірқатар өкілімен кездесті.

CLAAS Group компаниясы Ба­қылау кеңесінің төрағасы Кат­рина Клаас-Мюльхойзермен кез­десу барысында бірлескен инвес­ти­циялық жобаларды жүзеге асы­ру мәселелері талқыланды. CLAAS Group компаниясы біздің елі­мізге CT Agro дистрибьюторлық же­лісі арқылы ауыл шаруашылығы тех­никаларын әкеліп, сервистік қыз­мет көрсетумен айналысады.

– Біздің негізгі стратегиямыз – елімізге тартылатын инвес­ти­ция­ларды әртараптандыру. Инвести­ция тұрғысынан Германияның не­гізгі стратегиялық серіктесі бол­­ғымыз келеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Катрина Клаас-Мюльхойзер Қа­зақстанның ірі компаниялары­мен ғана емес, сондай-ақ орта деңгей­дегі компаниялармен де ынтымақ­тас­тық орнатуға ниетті екеніне ри­зашылық білдірді.

Linde AG компаниясының ат­қарушы вице-президенті Крис­тиан Брухпен кездесу барысында кә­сіпорынның Қазақстанда жүзе­ге асырып жатқан инвестициялық жобалары мен алдағы жоспарлары туралы сөз болды.

– Канцлер Ангела Меркельмен жә­не Президент Франк-Вальтер Штайнмайермен жүргізілген бү­гін­гі келіссөздер жоғары деңгейде өтті. Осы келіссөздер екіжақты ын­­­тымақтастықты дамытуға тың сер­пін беретініне сенімдімін, – де­ді Мемлекет басшысы.

Кристиан Брух өз компания­сының 2013 жылы «Арселор Мит­тал Теміртау» АҚ базасында тех­ни­калық газ өндіру жобасын іске асырғанын атап өтіп, оған 95 мил­лион евро көлемінде инвести­ция салғанына тоқталды.

– Бүгінде Linde AG компа­ния­сы жобаның екінші кезеңін қолға ал­ды. Жаңа жобаға шамамен 80 мил­лион евро инвестиция салуға ниет­тіміз, – деді Кристиан Брух.

Сонымен қатар германиялық ком­пания «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ Маң­ғыстау облысының Жаңаөзен қа­ласында газ өңдеу зауытын салу жө­нінде келіссөздер жүргізіп жат­қанын айтты.

Қазақстан Президенті Schaeffler Group компаниясының бас ди­ректоры Клаус Розенфельдпен кез­десу кезінде өзара ынты­мақ­тас­тықтың перспективаларын тал­қылады. Автомобиль жасау, өнер­кәсіп және ғарыш салалары бойынша қосалқы бөлшектер шығаратын кәсіпорын басшысы Клаус Розенфельд Қасым-Жомарт Тоқаевқа өндірістік және инвес­тициялық мүмкіндіктері туралы мә­лімет берді.

Siemens Healthineers ком­па­ниясының бас директоры Бернд Монтаг Мемлекет басшысына мем­лекеттік-жекеменшік әріп­тес­тік негізінде салынатын он­ко­ло­гия­лық орталықтың жо­басын ұсын­ды. Кәсіпорын бас­шысы елі­міздің өндірістік әлеуетін арт­тыруға септігін ти­гізетін ұзақмер­зімді ынты­мақ­­тастық орнатуға ниет­ті еке­нін айтты.