Пандемия планетамен қоштасқан жоқ
Пандемия планетамен қоштасқан жоқ
193
оқылды

Кейбір адамдар ескі жылмен бірге эпидемия да келмеске кетеді деп күтті, соны тіледі. Алайда COVID-19 ешқайда жоғалған жоқ, онымен күрес жалғасып жатыр. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой жаңа жылдағы алғашқы брифингте «Қазақстанда КВИ-мен байланысты эпиджағдай әлі де жақсы емесін» мәлімдеді.

Әлемді коронавирус жайлауда: инфекция жұқтырғандар саны кеше 85,5 миллионнан, қаза тапқандар 1,8 миллионнан асты. Қазақстан қазір қаупі төмен «жасыл» аймақта тұр. Алайда Атырау облысы аса қауіпті «қызыл» аймақта қалды. Тағы 6 өңір: СҚО, Павлодар, Ақмола, Қостанай облыстары және Нұр-Сұлтан мен Алматы қалалары «сары» аймақта. 3 қаңтардағы жағдай бойынша елімізде 18 608 инфекциялық төсек-орын бар, оның ішінде  4 980 төсек-орында науқас жатыр. Реанимация пала­тасындағы нау­қас саны – 320, яғни өткен аймен салыстырғанда 1,3 есе артты. Бұл ретте 54 науқастың жағ­дайы өте ауыр. ӨЖЖ аппа­ратына 45 науқас таңылған, бұлардың қатары 1,4 есе көбейді. 150 сырқат өз бетінше тыныс алуда. Әуеқатынасы қалпына кел­тірілген елдерден келген адам­­дарға карантиндік бақылауы кү­шейтілді. ЕАЭО елдерімен, Өз­бекстанмен және басқамен арадағы автоөткел жолдарда ка­рантин стационарлары дайын: онда 6 666 төсек-орын бар, 403 төсек-орында адам жатыр. Оқу жылы басталғалы 3 972 оқушы КВИ-ге шалдықты, оның 1 047-і кезекші сыныптарда оқиды, қалған 2 925-і қашық­тықтан білім алады. Күн сайын жаңа туған нәрес­телер мен балалар арасында мо­ниторинг жүргізіледі. 2020 жыл­­дың сәуірінен 2021 жылдың 2 қаңтарына дейінгі аралықта елде COVID-19 диагнозы расталған 7 492 бала тіркелді, соның ішінде 134-і – нәресте. 6 550-і (87,4%) жазылып шықты. Балалар ара­сында жағдайы ауыры  және мультисистемалық қабыну син­дро­­мы бар нау­қас жоқ. Министр өңірлерде талапты бұзушылар көп екенін айтты. «Мысалы, мереке күндерінде 31 желтоқсаннан бастап 804 рейд жүргізілді, 4 618 объекті қамтылды, оның ішінде 71 объекті талап бұз­ған, 65-іне әкімшілік айыппұл салынды», – деді А.Цой. Мереке күндері қызмет көрсетуге тыйым салынған объектілер жұмыс істе­ген, шектеу режимі сақтал­­маған, адам көп жиналатын іс-шара өт­кізгендері  бар.

Елдос СЕНБАЙ