Айтыстан өкпелеп кетіп қалған ақындар бар
Айтыстан өкпелеп кетіп қалған ақындар бар
496
оқылды
– Ұзақ жылғы еңбектің арқасында ұлттық айтыс өнерінің бойына қан жүгірді. Осы өнердің енді өлмейтініне елдің көзі жетті. Тап қазір көңіліңіз жайланды ма, әлде айтыс өнерін да­мытуда мазалап жүрген қандай да бір ойыңыз бар ма? – Өткен ғасырдың 80-90-жыл­дарында «Бұл айтыс ХХІ ғасырға бармайды» деп сәуегейсігенмін. Өйткені ол халықтың беті ұлттық руханиятқа, тілге теріс бұрылып тұрған кез еді. Менің сәуегейлігімді бұл айтыс жоққа шығарды. Айтыс халықты тәуелсіздікке дайындаған өнер болды. Ұлтты ұйымдастырып, еңсесін көтерді. Одан бері де айтыс тәуелсіздікке қызмет етіп келеді. Бұл өзінің өлмейтінін дәлелдеген өнер болды. – Бір кездері Мәскеуге, Парижге ақындарды алып барып, айтыс өт­кіздіңіздер. Қазақтың керемет өне­ріне шетелдіктер аса зор қы­зығу­шылық танытты. Алдағы уақытта айтыс өткізуде қандай жаңалықтар болуы мүмкін? – Індет салдарынан біраз жұ­мысымыз тоқтап, жүзеге аспай жа­тыр. Облыстарда айтыскерлер клуб­тары жұмыс істейді. Сол клубтардың арасында біріншіліктер өткізу ойы­мызда бар. 80-жылдары облысаралық айтыстар өтуші еді. Команда бола­тын. Сол команданың құрамында айтыскерлермен қатар әнші-күйші, термешілер болды. Олар айтысатын облыстарын күні бұрын аралап көріп, сол облыс туралы жан-жақты пікір қалыптастырып, материал жинайтын. Көзбен көрген жақсылық пен кемшілікті өлеңге қосқанда ол басқаша нәтиже береді. Ақындар жағдаймен етене таныс болмағаннан кейін дайын, бұрыннан естіген әң­гімелерден құрылған өлең құрғақ болып шығады, құлағыңның құ­рышын қандырмайды. Ақын­дардың бір облыстан екінші облысқа барып, жағдаймен танысуы үшін қаражат керек, қазір біздің оған шамамыз келмей қалды. Дегенмен осындай ниетіміз бар. Қазір жастардың айтысын бөлек өткізіп жүрміз. Абай атындағы ҚазҰПУ төртінші рет «Менің пірім – Сүйінбай» атты студенттердің рес­публикалық айтысын өткізді. Талап­танған 50-60  жас ақынның арасынан он бес-жиырмасы ірік­теліп, айтысқа қатысады. Астанадағы Өнер академиясында «Айтыс» бөлімі бар. Сол бөлімнің жұмысын жүргізіп отырған Еркебұлан Қайназаров мұрындық болып, Серікзат Дүй­сенғазы қолдап, жастардың айтысы астанада да өтіп тұрады. Ертерек өмірден озып кеткен Ерік Асқаровтың 60 жылдығына арнап Қызылжарда ретро-айтыс өткіздік. Оған Еріктің қатарластары Абаш Кәкенов, Серік Құсанбаев, Кенжебай Жүсіповпен қатар жас ақындар да қатысты. Ретро-айтысты да жұрт қызығып көреді екен. Са­ғынып қалыпты. Соларды көріп, көзайым болды. Жастар жол беріп, бас бәйгені де үлкен ақындар алды. Міне, айтысты өткізудің осындай жаңа түрлерін іздеп табуға ты­рысамыз. – Айтыскер ақын Жандарбек Бұлғақов «Айтыста біз көп жағдайда қазыларға, ұйымдастыруға ренжиміз. Бұрын қазылар алқасында айтқан сөзінде тұра алатын, көтерген ұпайына жауап бере алатын, қазақ сөзінің қа­дірін білетін адамдар отыратын. Қазір қазылардың арасында айтыстан кейін болатын банкет пен төрелік еткені үшін төленетін гонорарды күтетіндер өте көп», – дейді. Бұған не дейсіз? – Жандарбек бұл сөзді нені көз­деп айтқанын білмеймін. Бірақ қазір осындай ақындар пайда болды, ай­тыс ұйымдастырып, шақырсаң «Қа­зы­­лардың ішінде кімдер бар?» деп сұрақ қояды. Айтыскердің кім­нің қазы болатынында не шаруасы бар? Көшеден біреу келіп баға бермейді. Қазақтың сөзін ұстаған, руханияттың көшін бастап жүрген көрнекті адам­дар айтысқа қазылық жасайды. Рас, 80-жылдары төрт көзіміз түгел еді. Мә­дениеттің, әдебиеттің, руха­­ният­тың алыптары бар еді. Солардың бә­рін қазылыққа шақырып жүрдім. Әріден бастасам Рахманқұл Берді­баев, Тұрсынбек Кәкішев, Мырзабек Дүйсенов, Мұзафар Әлімбаев, Қадір Мырза Әлі, Тұманбай Молдағалиев, Еркеғали Рахмадиев, театр қайрат­керлері арасынан Сәбира Майқанова тізіліп отыратын. Олардың бәрі қазір өмірден озды. Екіншіден, айтысқа кез келген адам келіп баға бере ал­майды. Айтыс ақындарының құ­рылтайында «Әділқазылар алқа­сында кәсіби қазыларды отыр­ғы­­­замыз» деген шешімге келгенбіз. Өйт­­­кені ол айтыскердің өткен жыл­ғы, оның алдындағы айтыста не айт­қанын білетін адам болуы керек. Сол себепті қазір тұрақты қазылар қазылық етіп келеді. «Әртістерді неге қазылар алқасына қосасың?» дей­тіндер бар. Асанәлі Әшімов пен Ал­тынбек Қоразбаевты айтып отыр­­­ғаны ғой. Алтынбек – жақсы сазгер, ақындығы да бар, сөз ұғатын адам. Асанәлі – ұлттың, руханияттың абы­­зы. Біз Асанәлі ағамызды ай­­тысқа апару арқылы айтыстың да абы­­ройын көтеруді ойлаймыз. Ха­­лық оны көргісі келеді. Асекең соған ла­­йық баға беріп жатады. Әсия Бер­­кенова, Бауыржан Қалиолла, Свет­қали Нұржанов, Ғалым Жайлы­бай, Жанарбек Әшімжан тұрақты түрде қазы болып жүр. Оның астынан пәле іздеудің қажеті бар ма, жоқ па, біл­­меймін. Бұрын қазы­лардың жұмы­сына араласу деген болмайтын. Ақын­­дардың «Не жүлде қойып жатыр екен?» деген сияқты сауал­дары да менің шамыма тиеді. Ақын болсаң Құдай берген нығметті пай­даланып айтыс жаса, қазылар бар, халық бар өз бағасын алады ғой. Бұл сұрақтың астарында не сыр бар еке­нін білмеймін, өзім осылай ой­лай­мын. – Бұрынырақта өткен айтыстарда зиялылардың көрермен ретінде тізіліп отырғанын көруші едік. Қазір олардың айтыс өнерін тамашалауға барғанын ілуде бір байқаймыз... – Жалпы, ақындардың айтысқа баруы еш уақытта да мол болған емес. Неге екенін қайдам, жазба поэзия өкілдерінің айтыскерлермен әуелден бір бақталастығы бар. «Қа­­зылар алқасына мүше бол» деп шақырсаң жетіп келеді, ал өз бетінше келіп, өлеңнің жаратылысын құ­лағыммен естиін, көзіммен көрейін деген ақын сирек. Бұл қай уақытта да солай болған. – Айтыс қаншалықты әділ өтеді? Ақындардың ішінде «Менің өнерім дұрыс бағаланбады» деп реніш біл­діретін кезі болатыны да заңдылық. Сондай реніштен кейін айтысқа қатыспай кеткен ақындар бар ма? – Ақындар да пенде. «Бірыңғай маған бола берсе екен» дейтін ақын­дар да бар. 2011 жылы құрылған Ай­тыс ақындары мен жыршы-тер­мешілердің халықаралық ода­ғына 215-ке жуық ресми мүше тір­келген. Олардың арасында тек ай­тыскерлер емес, жыршы, жырау, тер­­меші, халық өнерпаздары да бар. Ақын­дардың жүлдесін Мәскеуден келіп Иван, Тәшкеннен келіп Таш­мат әкетіп жатқан жоқ. Жүлдеге не ті­гілсе де осылардың еншісінде. Ол рас, кейде қазылыққа да байланысты. Тура жүлдені алуға лайық болып тұр­ған ақынның әртүрлі себепке байланысты алмай қалатын кездері де болады. Өз басым осы айтыс өне­рінің тізгінін ұстап отырған адам ре­тінде соның есесін келесі айтыста қайтаруға тырысамын. Қазыларға да «Өткенде осындай жағдай болып еді, бұл жолы сағын сындырмай жүлдесін берейік» деп түсіндіремін. Бірақ өкпелеп, айтыстан кетіп қалған ақын­дар да бар. Қыз бен жігіт ай­тысының шебері Мақсат Ақанов екі жылдан бері «Айтысты қойдым. Шық­паймын» деп бас тартып жүр. Соның ар жағында «Осы жолы жүл­дені неге мен алмадым?» деген өк­песі де болған. Балғынбек Имашев, Жандарбек Бұлғақов, Сара Тоқта­мысова сияқты үйірден шығып кет­кен ақындардың айтысқа келмеуінің басқа да себептері бар. Өткен көк­темде Балғынбекке «Айтыс болайын деп жатыр, сен неге өз үйіріңде жүр­мейсің?» дедім. «Аға, жасым келді, мен айтысты қойдым» деді. «Нағыз қылшылдап тұрған кезіңде осы ісің дұрыс па?» дедім. Ондай ақындарға мен не істей аламын? – Балғынбек Имашев «...айтысым онның (ұпай) емес, сегіздің айтысы, өзім білемін, іштей сеземін. Былайша айтқанда, «бетім» жұмыс істеп кетті. Содан кейін жақсы айтысып тұрған жас балаларға қиянат болмасын, жол берейін деп шештім» депті. Бұған не дейсіз? – Мен бұл сөздің ақиқат екеніне сенбеймін. «Жастарға жол беремін» де­ген не сөз? Ақындардың бойын­дағы пендешілік көбіне қолбайлау болып қалады. Айтыстың алдында «Кімдер қазы болады екен? Қандай жүлде тігіледі? Айтысқа кіммен шы­ғамын?» деп бал ашып, есеп шы­ғаратын ақындар да бар. Оның бә­рінің ойынан шыға беру мүмкін емес. Жас ақындар да көптеп шығып келеді. Олардың қарқыны қатты. Олар атағы шығып қалған тәжірибелі ақындардың абыройын ойлап ір­­­кіліп қалмайды. Тас-талқанын шы­­ға­­­­рады. Солардан қаймығып, жеңі­­ліп қалып жүрген ақындар да бар. ақын – Мұхтар Ниязов үшінші рет «Алтын домбыра» иегері атанды. Бұл Мұхтардың  өзгелерге қарағанда на­ғыз бабында болып тұрғанының дәлелі ме? – Мұхтардың айтысқа қатысып жүргеніне 15 жылдың шамасы болды. Суырып салып айтысуда оған ешкім шақ келмейтінін үнемі айтып жүремін. «Ақынның құлағы өзінен қырық жыл бұрын туады» дейміз ғой, ол – Сыр сүлейлерінің сарқыты. Құдай берген қасиет мұның бір ба­сында жетіп жатыр. Онда талант, тауып айту, оқшау ойларды жеткізу, юмор мен сарказмды қолдана білу, қазақы қалжыңдарды араластырып отыру – бәрі бар. Оның үстіне, ізде­німпаз екі ақын болса, Мұхтар со­ның біреуі. Айтыстың тақырыбына байланысты небір тың ойларды қозғап айта алады. Мысалы, үшінші рет «Алтын домбыраны» жеңіп алған айтыста Абай, оның әке-шешесі, ортасы, Абайдың толық адам идеясы төңірегінде небір озық ойларды теріп айтты. Термелеп айтып келіп, «Тәуелді елдің төбеті де төмен қарап үреді» деді, не деген теңеу?! Мұхтар­дың екі сөзінің бірі қанатты сөзге айналуға дайын тұрған теңеулер. Ол – аса бесаспап, дарынды ақын. Сондықтан дау-дамайсыз жеңіп алды. Оны әріптестері де, халық та мойындаған. – Отандық телеарналарда ара-тұра шоу айтыс өткізіледі. Телеви­зияның осындай жобаларына бір кездері оң көзқарас білдіргендей бол­ғансыз. Қазір құптамайтыныңызды ашық білдіріп жүрсіз. Мұның сыры неде? – Мұндай айтыс осыдан 5 жыл бұрын «Хабар» арнасында ұйым­дастырылды. «Ақыры ұйымдас­тырып жатыр ғой» деп алғашқы шоу-айтысты барып көргем, бірақ оған ішім жылымады. Ақындар мен әншілерді айтыстыру дегенді түсін­беймін. Екі сөздің басын құрай алмайтын әншілер қалай айтыс жасайды? Ақселеу Сейдімбек ағамыз айтпақшы, айтыс деген ат сүрінгенше сөз табатын, аяқ астынан ұйқас та­батын, суырып салатын өнер ғой. Мұх­тар Әуезов те «Айтыс – сөз барым­тасы» дейді. Ал екі шумақ өлеңді жаттап келген әнші мен төгіліп тұр­ған айтыс ақынын қалай бір бәйгеге қосасың? Бұл, тіпті ақылға қонбайтын мәселе. – Аbai tv арнасы ашылды. Не­гізінен, мәдени саланы қамтитын ар­нада тұрақты «Айтыс» хабарын беріп отыруға талпыныс жасап көрмедіңіз бе? Біздікі «Таспаға басылған бұрынғы айтыстарды қайта көрудің бір мүм­кіндігі туар ма еді?» деген ой ғой. – «Домбыра» арнасы ашылғанда соған үлкен үміт артып едік. Архивте жатқан хабар­ла­ры­ңызды тірілтіп, эфирге беріп тұ­ра­мыз» деген ұсыныс болған. Бұл ар­на­ның жолы болмады. Екіншіден, бізге телеарналармен байланыс жа­сау да оңай емес. Ақша сұрайтын арналар да бар. Көк тиыны жоқ одақ ондай ақшаны қайдан табады? Дінмұхамед Қонаевтың 95 жыл­дығына арнап Алматыда «Қонаевтай ер қайда?» деген айтыс ұйым­дас­тырдық. Осы айтыста ақындардан талай тамаша сөз қалды. «31 ар­наның» бас директоры Бағдат Қо­жахметов «Осы айтысты бізге бе­ріңіз» деп таспаға түсірді. Жеме-жемге келгенде сол айтыс эфирге шық­пады. Қожахметов «Бұл ай­тысты эфирден берсем, қызметпен қоштасуыма тура келетін түрім бар» деді. Өзіңіз айтып отырған Аbai tv арнасы да ықылас білдіріп отыр. Бірақ біз барлық айтысты Qazaqstan ұлттық телеарнасы көрсетеді деген меморандумға қол қойғанбыз. Ай­тыскерлер одағының көк тиын қар­жысы жоғын айттым. Теледи­дардың жұмысын атқару үшін де адам керек, оған ақша төлеуге тиіс­піз. Аitysker. org деген сайтымыз бар, соның өзін оннан-мұннан жиналған ақшаның басын құрап әрең жүргізіп отырмыз. 1984 жылдан бергі айтыстың бәрі Qazaqstan ұлттық телеарнасының алтын қорында сақтаулы тұр еді. Осыдан он шақты жыл бұрын «Ха­бар» арнасына көшірілді. Солар эфирден беріп жатса, ешкім қолын қағып жатқан жоқ. Бір жақсысы, бұрынғы айтыстар ютубта, өз сай­тымызда да бар. Бұлардың бәрі ха­лықтық қазынаға айналды деуге болады. – Айтыс ақындарының таңдамалы жинағы бар ма? – Соңғы жылдардағы үздік ай­тыстардың екі томдығын жи­нақ­тап, соның бірінші томын өз қаражатыма «Үш қиян» баспасынан шығарып бердім. Екінші томы да дайын, бірақ соны сатып алатын қаржының реті келмей тұр. Оған дейін «Күлтегін» баспасынан да айтыстың бірнеше томы шықты. Қазір Аманжол Әл­таев, Бақыт Жағыпаров, Аспанбек Шұғатаев сияқты өзі қаржы тауып, жинақ шығарып жатқандар бар. Бірақ бәрінің бірдей шамасы келмейді. Шындығына келгенде, ақындардың бәрі бірдей пысық емес, «алма піс, аузыма түс» деп отыра­тындар да көп. – Осыдан біраз бұрын «Сара жолға түскен ұлттық идеологиямыз жоқ» деген едіңіз. Биыл тәуелсіздік алғанымызға отыз жыл болады. Ұлт­тың ұстанымы, идеологиясы қалып­тасты ма? – Кеңес Одағы кезінде Өзбекәлі Жәнібеков идеология жөніндегі хатшы болды. Қазір осы идеологияға жауап беретін адам жоқ. Бұл бетімен кететін жұмыс емес еді. Мұны жүйелі түрде орталықтан басқарып отыру керек. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің, Мәдениет және спорт министрлігінің өз саласы бар. Олар бүкіл республика бойынша идеологиялық жұмыстарға жауап бере алмайды. Тізгінін ұстап отырған бір кісі болмағаннан кейін идео­­логиялық жұмыстар ақсап, тұралап жатыр. Тәуелсіздік алғалы бері мем­лекеттің нарықтық эко­номи­касы қалыптасты. Халықтың әлеу­меттік жағдайы да біршама түзеліп қалды. Халық та нарық жағдайына бейім­делді. Қалай күн көрудің амалдарын тапты. Енді руханиятты түгендейтін уақыт келді. Соның егесіз жатқаны, жүйелі жұмыстардың жүргізілмей жатқаны бұл салаға үлкен әсер етіп отыр. Телеарналарда қолдан жа­салған шоу, арзан күлкі қаптап кетті. Адамды қанағаттандыратын, ләззат беретін хабарлар жоққа тән. Тек Qazaqstan ұлттық телеарнасында ғана аздап талпыныс бар. Кезінде елімізде жалғыз арна болды. Соның өзінде танымдық бағдарламаларға мән берілетін. Ұлттық нақышы бар, ұлттың санасын оятатын, жастарды тәрбиелейтін, балаларға арналған арнайы хабарлар болды. Соның бәрі қазір жойылып кетті де, бірыңғай шоуға қадам бастық. Бір жүйе жоқ. Көрінген адам тележүргізуші болды. Теледидардың басында отырған адам нағыз идеолог болуы керек. – Жаңа жыл басталды, тарихтың тағы бір парағының беті ашылды. «Айқын» газетінің оқырмандарына қандай тілек айтасыз? – «Айқын» – оқырмандар ал­дында беделі бар басылым. Өзіміз де тұрақты оқырманымыз. Газет рухани құндылықтарға, ұлттық мәселелерге назар аударса, сол салада сүбелі материалдарды жүйелі түрде шыға­рып тұрса екен деп тілейміз. – Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ