Түркістан облысында сенімгерлік басқаруға берілген колледждер өгей баланың күйін кешіп отыр. Себебі колледждер білім беру ұйымдарының жабдықтарын жаңғыртуға бағытталған «Жас маман» мемлекеттік бағдарламасы аясында бөлінген қаржыдан қағылды.
Далада қалған колледждер
Мән-жайды толығырақ баяндасақ, Түркістан облысындағы Жоғары аграрлық, индустриалды-құрылыс және «№16 колледжі» мемлекеттік коммуналдық қазынашылық мекемелері өткен жылдың соңында мемлекеттік-жекешелік серіктестік шеңберінде өңірдегі DALA-CONSTRUCTION.KZ ЖШС, DALA-FRUIT.KZ ЖШС және «Хамит» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясына 10 жылға сатып алу құқығынсыз сенімгерлік басқаруға берілген. 2020 жылдың қаңтар айынан бастап мекемелер толық сенімді басқару аясында жұмыс істейді. Бірақ осынау мекемелер толықтай мемлекет меншігінде. Себебі балалар 100 пайыз мемлекет есебінен оқып, шәкіртақы алады. Мұғалімдер де сол баяғы жалақысын мемлекеттен алып отыр. Ешнәрсе де өзгермеген. Түркістан индустриалды-құрылыс колледжінің заңгері Сұлтанбек Қаратаевтың айтуынша, сенімді басқаруға өткендегі жарғыда колледждің толық мемлекет меншігінде екені жазылған. «Сенімгерлік басқарушылар оқу орнының оқу процесіне араласа алмайды. Алайда мүмкіндігіне қарай материалдық базасын жаңғырта алады» делінген. Әрине, «мүмкіндігіне қарай деп тұр» және мұнда ешқандай нақты баға көрсетілмеген. Бізді сенімді басқаруға алған DALA-CONSTRUCTION.KZ компаниясы негізінен балаларды құрылыс компаниясында тәжірибеден өткізіп, жоғары білікті маман болып шығуына мүмкіндік жасайды. Осылайша, еңбек нарығына қажетті кадрлар дайындап, олардың жұмыспен қамтылуын, тәжірибеден өтуін өз міндетіне алады. Жалпы, біз дуальды оқуға кіріскенбіз. Ол дегеніміз – 40 пайыз теория болса, 60 пайыз тәжірибеден өтуге басым бағыт берілген. Біртіндеп тәжірибені 80 пайызға жеткізу жоспарда бар», – дейді ол. Ал колледж директоры Нұрсұлу Қалиева: «Елбасының неғұрлым көп талап етілетін 100 кәсіп бойынша 180 колледж бен 20 жоғары оқу орнын жаңғырту және мамандар дайындаудың халықаралық тәжірибесін енгізу» жөніндегі тапсырмасы аясында колледж сенімгерлік басқаруға берілмей тұрып, «Жас маман» жобасына қатысып, республикалық комиссияның шешімімен іріктеуден өткенін айтады. Жобада өндіріске аса қажетті 100 мамандықты таңдау қарастырылған. Индустриалды-құрылыс колледжі бұл бағытта «экскаватор-машинист», «ағаш ұстасы-құрылысшы» мамандығы бойынша бірінен 16, екіншісінен 22 балл жинап, 2019 жылдың 30 қазанында бағдарламаға қатысушылар тізіміне кіріп, 404 млн теңгені ұтып алған. Осы қаржыға жабдықтар сатып алу көзделген. «Сенімгерлік компаниямен келісе отырып, барлық маманды жұмылдырып, 6 ай бойы жұмыс істеп, алатын жабдығымызды дайындап та қойғанбыз. Міне, енді соңғы сәтте 2020 жылғы 23 қазан күні Білім және ғылым министрлігі бізді, яғни сенімгерлік басқаруға өткен 4 колледжді (оның 3-еуі Түркістан облысына қарасты) жобадан шығарып отыр. Уәжі «жоғарыда айтылған 404 млн теңгені сенімгерлік басқару компаниясы берсін», – дейді. Ал сенімгерлік басқарушымыз «Сіздер толықтай мемлекет меншігіндесіздер. Бізге 10 жылға сатып алу құқығынсыз өткенсіздер. Ондай қаржыны беруге мүмкіндігіміз жоқ» деп отыр. Егер мәселеміз шешіліп қайта орнына келетін болса, жаңа, заманауи жабдықтар алып, шәкірттеріміз қазіргі құрылыс компанияларында пайдаланылып жүрген жабдықтарды көріп, ұстап, пайдаланып үйренер еді» деп шырылдайды Нұрсұлу Әбдешқызы. Дәл осындай жобадан қағылып отырған кәсіптік-техникалық оқу орындарының бірі – №16 колледж. Директор Закирхан Талбидин министрліктің барлық шарты бітіп, соңғы сатыда жобадан шығарып тастағанына қынжылады. «Министрлік осы бағыттағы наразылық хатымызға түсініксіздеу жауап жолдапты. Онда бұл мәселе өңірлік комиссияның шешімімен айқындалатыны айтылған. Ал жуырда облыстық Адами әлеуетті дамыту басқармасы басшысының төрағалығымен өткен өңірлік комиссия отырысының шешімімен министрліктің бұйрығын өзгеріссіз қалдырып отыр. Яғни, сенімгерлік басқаруға берілген колледждер жобадан алынып тасталды. Демек, облыстық басқарма өзінің қарамағындағы 3 колледжге материалдық-техникалық базаны жетілдіру үшін республикалық бюджеттен бөлінетін 2 млрд 200 мың теңгеден бас тартып отыр. Біз өңірлік комиссияның шешіміне қарсымыз. «Жас маман» бағдарламасы бойынша жобаны одан әрі жалғастыруды сұраймыз. Бізді сенімгерлік басқаруға алған «Хамит» ӘКК-і колледжге ағымдағы жөндеу жұмыстарын, балаларға қажетті компьютер, смартфон алып беру жұмыстарына көмектесуде. Алайда 404 млн теңгеге аламыз деп отырған заманауи, қазіргі өндірісте пайдаланып жүрген жабдықтарды алып беруге мүмкіндігі жоқ екенін, ондай міндет жүктелмегенін айтып отыр. Мәселен, бітірушілеріміз заманауи құрылғылармен жұмыс істеуді білмейді. Сондықтан жұмысқа орналасу кезінде де қиындықтар туындап жатады», – дейді директор. Түркістан жоғары аграрлық колледжінің басшысы Наржан Әліпбеков болса, қазіргі өтіп жатқан сабақтың барлығы тікелей өндіріспен байланысты екенін, бұрын осынау алып компанияларға тәжірибеден өтуге, олардың қымбат техникаларын пайдалануға қолы жетпегенімен, қазір оған үлкен мүмкіндік туғанын жеткізді.Студенттерде білім жоқ
Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған брифингте айтылған колледж басшыларының жанайқайына сенімгерлік басқаруға алған компания өкілі Қайрат Айтбаев та өз пікірін білдірді. «Бізге колледждерді түпкілікті басқаруға берген жоқ. 10 жылға сатып алу құқығынсыз өткізді. Сенімгерлік басқару сатып алу құқығын бермейтіндіктен, бұл оқу орындары мемлекеттік мекеме болып қала береді. Жарғыда «қазіргі бағыттарын өзгертпей 10 жылдан соң тура солай қайтарасыңдар» делінген. Мәселен, компанияның еліміздің түкпір-түкпірінде салынып жатқан құрылыс жұмыстары бар. 2024 жылға дейін 40 үй салынбақшы. Әрқайсысына 40 адамнан маман керек. Сонда 1 500 адамды жұмысқа алады. Басшылық болашақ маман иелеріне келсін, жұмысқа кірсін деп отыр. Тіпті, басшылық түске дейін сабақ оқып, түстен кейін бізге келсін дейді. Теория мен тәжірибені ұштастырмақ. Бірақ осында оқып жүрген балаларды дәнекерлеуге қойсаң дәнекерлеуді, кірпіш қалауға қойсаң, оны да дұрыс істей алмайды. Ал ол жердегі мамандар кемі 600 мың теңге айлық алады. Мұндағы бітірушілерді 80 мың теңге жалақымен де ешкім жұмысқа қабылдамайды. Біз бұларға өзіміздің компанияның бүкіл дүниесін, аппаратын көрсетіп, үйретіп жұмысқа да аламыз», – дейді DALA-FRUIT.KZ ЖШС басқарушы компаниясының өкілі Қайрат Ташқұлұлы. Одан бөлек, басқарушы компанияның өкілі колледждерді сенімгерлік басқаруға алған соң оқу процесін тексеріп, талай заңсыздыққа тап болғанын жеткізді. Колледжде оқып жүрген 1 600 баланың 30 пайызы ғана сабаққа қатысады екен. Қалғаны қағаз жүзінде ғана бар. Студент неғұрлым көп болса, мемлекеттен қаржы соғұрлым көп беріледі. «Келмейтін балаларды оқудан шығарып іріктедік. Осы кезде оқу орнында үлкен дау шықты. Бала саны қысқарған соң мұғалімдердің жалақысына да әсер етеді ғой. Қысқарту да болады. Біз іріктеп, жақсы маман даярлауды міндетімізге алдық. Барлығын да заңды істеуге кірістік», – дейді ол. Осылайша, колледжердің мәселесі дәл қазір «сен салар да мен салардың...» кебін киіп отыр. Жиынға қатысушылар бұл мәселені «аяғына дейін жеткіземіз, сотқа дейін шағымданамыз» деп отыр. Ал «Атамекен» ҰКП коллеждер сенімді басқаруда бары-жоғына қарамастан мемлекеттік коллеждерге тең құқық белгілеуді немесе сенімді басқарушыларға қосымша талаптарды бекітуді ұсынады. Қаржы мәселесінде туындаған осы даудың салдарынан мемлекеттік мекемелердегі, оның ішіндегі колледждердегі білім сапасының деңгейі көрінді. Қалай болғанда да, сенімгерлік басқарудың шикі тұсы көп сияқты. Нақты жүйесі жоқ. Мемлекет өз меншігіндегі мекемені итеріп тастай салған, ал сенімгерлікке алғандар бізге түпкілікті жекеменшікке берілген жоқ деп жаны ашымайды.Назгүл НАЗАРБЕК