«Отанды қорғау – тарих пен мәдениетті қорғау» – профессор Айгүл Ісімақ
«Отанды қорғау – тарих пен мәдениетті қорғау» –  профессор Айгүл Ісімақ
323
оқылды

Алла қаласа, биыл Тәуел­сіздігімізге 30 жыл толады. Президенттің Egemen Qazag­­stan газетінде жарық көрген мақаласында мем­лекеттің осы 30 жылда ат­қарылған нақты істері де аталған. Жет­кен жетістік те  бар­шы­лық.

Ал тәуелсіз ел өз тарихы мен оны бейнелеген әдебиетін қалай насихаттап келеді? Текті бабалар сөзінен басталатын «Отанды сүю – иманнан» деген киелі ұс­таным тәуелсіздікке жеткенге дейін қалай іске асты? Неге Отанды қорғау 100 томдық ба­балар сөзінің басты тақырыбы? Неге ертегіден басталған қазақ ауыз әдебиетінің басты кейіпкері өз Отаны мен жерін қорғайтын адал жолда жүретін жақсы адам болды? Неге Қазтуған, Шалкиіз, Ақтамберді, Бұқар жыраулар үшін қара бастың қамы емес, халық пен билік арасында дәнекер болып, мемлекет мүддесін ұстану басты азаматтық парыз болып саналды? Неге Абайдың әр сөзі қазақ өз діні мен Отанынан айырылып қалмас үшін жазылды? «Қазақтың бас ақыны» өзіне дейінгі бабалар сөзіне сүйеніп, «толық адам Отанына адал қызмет етуді парыз деп санап, ар мен ұятты естен шығармайтын адам» деді. Неге Алашорда саяси элитасы Абайды қазақтың бас ақыны деді? Неге әр есті тұлға үшін қай заманда да Отанға адал қызмет ету басты адамдық абырой мен парыз болып саналды? Біз неге осы барымызды қазіргі сая­­­­си, әлеуметтік, рухани дис­­курста наси­хаттай алмай келеміз? Пре­зидент мақаласында осы мә­­­­­се­­лелер тұңғыш рет анық кө­теріл­ген. Осы ретте «Көркем және деректі тарихи туындыларда мем­­­­­ле­кет­тілік және мемле­­­кет­­шілдік идеясы әрдайым кө­рініс табуы қажет. Біз кезінде елге қызмет етудің озық үлгісін көр­сеткен Алаш қайраткерлерінен тағылым аламыз. Олар өткен ға­сырдың басында тәуелсіздік идеяларын халық арасында дәріптеуге зор еңбек сіңіріп, азат­тық жолында құрбан болды» делінген. Отан үшін отқа түсуді әрқайсысы өз өмірімен көрсетіп кеткен Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Жүсіпбек Ай­мауытұлы, Міржақып Дулатұлы, Мағжан Жұмабай, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Хәлел Дос­мұха­медұлы, Жаһанша Дос­мұхамед­ұлы, Қошке Кемеңгерұлы, Мұхтар Әуезов, Қайым Мұхам­медхан­ұлылар не үшін құрбан­дыққа барғаны осы ретте айқын мең­зелген. Саяси қуғын-сүргін мен қолдан жасалған ашаршылық тота­литарлық советтік үкіметтің терроры ретінде анықталғаны да құптарлық. Осы ретте әлі атқа­рылуға тиіс нақты саяси әлеу­меттік шаралардың басты бағыты Отанға Алаш саяси элитасы сияқ­ты адал қызмет ету деп анық­­талған! Бұл менің дәрістерімнің басты тақырыбы дер едім. Са­бақтарымда бүгінгі жастар: біз өзімізге кімді үлгі ете аламыз? Неге мемлекеттік қызметкерлер ұрлыққа ұрынуда? Өз Отанын өзі тонағандарға неге билікке жол ашылған? Біз Алаш саяси элитасы сияқты «Ел – бү­гіншіл, менікі – ертең үшін!» деп нағыз отан­сүйгіштікті орната аламыз дейтін жастар баршылық. Президенттің мақаласы осы жас­тарға арналған. Қазақ елінің әр тұрғыны үшін Отанын қорғау – оның тарихы, әдебиеті мен мә­дениетін құр­меттеу, Отанды осы тұрғыдан қорғауға дайын болу – азаматтық парыз! Қазыбек би айтқандай, біз бейбітшіл, ақылды, парасатты елміз. Құтты, берекелі ел болуы­мыз үшін қажетті ақыл сөздер бізге дейінгі бабалар сөзінде ұлттық ұстаным мен басты адами интеллектуалды құнды­лықтар ретінде нақтыланып ай­қын­далған. Осыны қазір ХХІ ға­сыр­дың саяси, әлеуметтік, рухани, интеллектуал код ретінде қайта жаңғыртуға мін­деттіміз. Бабалар үшін басты мәселе қарны тоқтық емес. Ар мен абырой Отанға адал қызмет етудің басты шарты болған. Ахмет Байтұр­сынұлының: «Адамдық диқан­шысы қырға шықтым. Көлі жоқ, көгалы жоқ құрға шықтым. Тұ­қымын адамдықтың шаштым, ектім, Көңілін көтеруге құл ха­лықтың!» дегенін ұмытпайық! Жүсіп Баласағұн айтқандай, құтты қоғам болу үшін, әркім әр ісі үшін, өз заманы мен мәңгілік алдында жауапты екенін есте сақтауымыз қажет. «Өткенді есте сақтау – оны қайталамас үшін қажет» деген «Оян, қазақ!» деп ұрандаған Мір­жақып Дулатұлы. Қазіргі адамзат рухани сынаққа ұшыраған кезде біз «Құтты білік» жазылған жер иесі ретінде ұлттық кодымыз – «адамдық ди­қан­шысы» болып алға жылжуы­мыз мүмкін.