Той бизнесі тоқтаған жыл
Той бизнесі тоқтаған жыл
205
оқылды

Пандемия барлық салаға едәуір әсерін тигізді. Әсіресе, кәсіпкерлік саланың біраз шығынға ұшы­рағаны рас. Былайғы кезде бары-жоғы білінбейтін кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлердің басына қиын іс түскенде  қандай қолдау көрсете алды?

Елде жарияланған төтен­ше жағдай тұсында кәсіп­керлік нысандар түгелге жуық жабылып, не болмаса шектеу шаралары күшейіп, нәпақасын адал еңбегімен тауып отырған кәсіпкерлер әлі күнге дейін еңсесін тіктей алмай келе жатқаны рас. Шымкент қаласы кәсіп­керлер палатасының өкілі бұл кезеңнің шын мәнінде өңір кәсіпкерлеріне ауыр жыл болғанын айтады. Еліміздің барлық аймағында блок-бекеттер қойылып, ұш­қан құс пен жүгірген аң өтпей айнала қозғалыссыз қалған кезеңдерде өндіріс ошақ­та­рының да есіктеріне құлып салынған-ды. Алайда Алматы мен Нұр-Сұлтан сынды ірі қа­лаларда стратегиялық маңы­зы бар, яғни адам тір­шілігі мен денсаулығына аса маңызды өндіріс орындары ғана жұмыс істеп тұрғанда Шым­кент қала­сында көптеген кәсіпкерлік нысандары өз жұмысын тоқ­татпай жалғастыра берді. Жал­пы, Шымкентте төтенше және карантин жағдайы салдарынан 27 мыңнан асатам шағын және орта бизнес субъектілері зар­дап шеккен. Негізінен бұл – сауда-саттық және қызмет көрсету салалары. Сондай-ақ кәсіпкерлер арасында сауалнама жүргізіліп, 11 мыңға жуық адамның қыс­қартуға ұшырағаны анық­талған. Осыған байланысты Шымкент қаласы әкімдігі мен кәсіпкерлік палатасы бірлесе өңірлік антикризистік бағ­дарламасы қабылдады. Бұл кешенді бағдарламада шыға­рылған өнімдерді өткізуге көмектесу арқылы жұмыс орын­дарын сақтап қалуға ба­сым бағыт берілген. Демек, мұнда шығарылған өнім жиі өтіп, кәсіпорынның жұмысы жанданса, жұмысшылар да қысқартуға ілінбес еді деген мақсат тұрды. Карантин кезінде шыққан қаулының аясында кәсіпкерлер мем­лекеттік тапсырысты кон­курссыз тікелей сатып алуларға қатысуға мүмкіндік алды. Мұндағы талап – жергілікті отандық өнімді пайдалану. Оған Индустрия және инфра­құрылымдық даму ми­­­­нистр­лігінің реестріне енген кәсіп­­­орындар қатыса алады. Мұның тиімділігі – өндіріс жұмысы тоқтамай жалғаса береді. Бұдан бөлек, әлемдегі пан­демия салдарынан шетелмен бай­ланыс тоқтап, кәсіп­­орындар өздеріне қажетті көп­теген шикізатты алдыра алмай қалған-ды. «Антикризистік бағдарламаның нишалық жобаларды жүзеге асыру тар­мағында шетелден тасы­малданып жүрген қосалқы тауарларды өзімізден өндіру мәселесі қолға алынды. Мә­­селен, жұмыртқаның сыр­­­тындағы қорабын өзге өңір­лерден алдырып жүрсек, енді оны жергілікті жерде шығаруға ықпал еттік. Қаржылық көмек беруді Атамекен кәсіпкерлер палатасы мойнына алды. Яғни, нишалық жоба деге­німіз – бір кәсіпорынды тағы бір кә­сіпорынмен байла­ныстыра отырып, жаңа өн­­­дірістерді дамыту. Маңыз­ды­лығы үлкен кәсіпорынның ай­­­­­­­­­­наласында өзіміздің шағын және орта бизнес дамып отыр», – дейді кәсіпкерлер палатасының өкілі. Бүгінгі таңда үшінші ме­гаполисте анықталған 100-ге жуық нишалық жобаның 5-еуі жүзеге асырылмақ. Олардың қатарында бұрын Өзбек­стан­нан тасымалданып жүрген тауарлар да бар. Рас, карантин кезінде көптеген кәсіпорын қаржылық қиын­дықтарға тап болды. Бұл ке­зең­дері Үкімет тарапынан несиелерді 6 айға дейін созу, мемлекет та­рапынан неси­е­лендірудің мөлшерлемесін 6 пайызға дейін төмендету ша­ралары жүрді. Одан бөлек, зардап шеккен субъектілерге са­лықтық жеңілдіктер, мүлік және жер салығынан босату сынды жеңілдіктер де қа­растырылды. Оған экономика ми­нистр­лігінің шешімімен зардап шек­­кендер деп танылған субъек­­тілер енеді. Шымкент қала­сында 100-ден астам мейрам­хана бизнесі бар. Бұ­ған туризм саласын қо­сыңыз. Тоқтап қалған, зардап шеккен орта және шағын бизнес иелері кор­поративтік табыс салы­ғынан босатылды. Отан­дық өнімдерді осында өткізу ша­расы мұнда қызу жүрді. Мә­селен, Шымкент қала­сында жүріп жатқан құрылыс жұ­мыстары үшін бұрын Италия, Ресей мем­лекетінен қажетті заттар ке­летін болса, қазір оның орнын жергілікті өндіріс орын­дарының тауар­лары ба­суда. Бұл қатаң қада­ға­ланады. «Жал­пы, пандемия көп нәр­сеге көзімізді ашты. Мәселен, кейбір кәсіп­орын­дар өздеріне қажетті ши­кізаттың шетелде ғана емес, еліміздің өзге өңір­ле­рінде де өнді­рі­летінін білді. Кәсіп­керлер палатасы осы тұс­та басқа облыстармен ты­ғыз байланыс жүргізіп, біріне қа­жеттіні бірі тауып беруге үл­кен үлес қосты. Осылайша байланыс жолға қойылды. Былайша айтқанда, отандық нарық импортты ығыстырып шығаруда», – дейді ол. Қазіргі таңда Шымкент қаласында 72 мың кәсіпкерлік нысан бар. Негізінен оның 60 пайызы қызмет көрсетумен айналысады, яғни шағын және орта бизнес түріне кіреді. Жал­пы, қаламызда 50 мыңнан ас­там кәсіпорын 5,8 млрд теңге бо­латын салықтан жеңілдік алды. Ал тойханасы көп үшін­ші мегаполисте той биз­несі бір­жола тоқтады десе де бола­ды. Осылайша тойхана иелері ғимараттарын әрта­раптандыру жағын қарас­тыруда. Бәрінен бұрын тойдың айналасындағы көзге көрінбейтін кішігірім бизнестерге үлкен соққы бол­ды. Мәселен, тек жиындарға ар­налған сәндік салаттарға өнім шығаратын кәсіпорындар ба­лық, форель, түрлі-түсті болгар бұрышы сынды көкөніс өн­діретін жылыжайлардың да жұмысы тоқтады. Олардың алу­шылары негізінен мей­рамхана, тойхана болатын. Одан бөлек, тек тоймен күн көріп отырған 20 шақты шағын бизнес иелері де зардап шегіп отыр. Әділжан Датқаев жалпы тойхана салу үрдісі тоқтағанын атап өтті. Ескі тойханалар нарықтан шығып, ғимарат басқа бағытқа пай­даланыла бастаған. Иә, барлық мәселе толы­ғымен шешіліп кетті дей ал­маспыз, дегенмен кәсіпкерлер палатасы құрылғалы биыл бірінші рет үлкен жұмыстың болғанын, ірілі-ұсақты кәсіп иелерінің есепке еніп, бір реттеліп қалғанын жоққа шы­ғара алмаймыз.

Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы