Nur Otan Кентау қаласында өңдеу өнеркәсібінің өсімін 5,5 пайызға артуға ықпал етеді
Nur Otan Кентау қаласында өңдеу өнеркәсібінің өсімін 5,5 пайызға артуға ықпал етеді
213
оқылды

Кентау қаласы 2025 жылға дейін орталықтандырылған сапалы таза ауыз сумен және көгілдір отынмен толық қамтылады. Сонымен қатар қалаішілік жолдар 100 пайыз қанағаттанарлық жағдайға жетеді.

Бұл туралы үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу үшін бірқатар елдімекендер мен кәсіпорындарды аралаған Nur Otan партиясынан Түркістан облыстық маслихатының депутаттығына үміткер Насиба Атаева мәлімдеді. Ол кездесу барысында партияның сайлауалды бағдарламасында кентаулықтардың өмір сүру сапасын жақсарту үшін 7 басым бағыттар анықталғанын және онда барлық салалар қамтылғанын айтты. Nur Otan партиясы белсенді түрде әрбір отбасына үйдің қолжетімді болуын қолдайды. Қазіргі таңда, қалада 5 мыңға жуық адам тұрғын үй кезегінде тұр. Осы қажеттілікті кеміту үшін жалпы 3600 пәтерлі 144 көпқабатты тұрғын үй салынатын болады. Одан бөлек, қаланың оңтүстік-шығыс аймағында 150 гектар жерге 1500 жеке тұрғын үй құрылысы жүргізіледі. Сондай-ақ, партия жер үйлер орналасқан мөлтекаудандардың кәріз жүйесін толық шешуге ықпал етеді», – деді Н.Атаева. Сонымен қатар партия мүшесі білім саласын дамыту бағытында атқарылатын жұмыстарға да тоқталды. Оның сөзінше, Кентау қаласында 3 балабақша мен 9 мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. 15 мектепке дейінгі мекеме мен халық санының өсуіне байланысты жаңа білім ұялары салынады. Кентау қаласы бойынша Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасына сәйкес, 2025 жылға қарай өңдеу өнеркәсібінің өсімі 5,5 пайызға артады. Нәтижесінде 250 жаңа жұмыс орны ашылып, жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайызға дейін төмендейді деп күтілуде. Сондай-ақ партияның қолға алып отырған ұтымды жобаларының бірі қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеп кәдеге жарату үлесін 95 пайызға жеткізу болып отыр. Айта кетейік, партия мүшесі ұзақ жылдар халыққа қызмет етіп елдің алғысына бөленген бірқатар азаматтардың шаңырағында болып канвасинг кездесулер өткізді. Сондай-ақ Facebook әлеуметтік желісі арқылы онлайн режимде аудан тұрғындарының қызықтырған сауалдарына жауап берді. Түрлі форматта өткізілген кездесулердің нәтижесінде азаматтар жетекші партия жұмысын жалғастыра түсуіне оң батасын беріп, Nur Otan-ды қолдап дауыс беретіндерін жеткізді.

 Материал Nur Otan партиясы Түркістан облыстық сайлау қоры қаржысы есебінен жарияланды.