Шымкент қаласында 7 жылдан бері «қызыл сызық» мәселесі жыр болып келеді. «Қызыл сызықтың» белгіленгеніне осынша жыл өтсе де, керісінше заңсыз құрылыстар көбеймесе азаятын түрі жоқ. Кезінде оңды-солды таратылған жердің шикілігі енді шығып, зардабын тұрғындар тартуда. Ал «қызыл сызыққа» енген коммерциялық нысандар мен тұрғын үйлер құрылысын бұзуға асығар емес.
Үшінші мегаполистің осынау проблемасы жергілікті биліктің де, тұрғындардың да бас ауруына айналған. Тіпті, кейбір нысан иелері мұны пайда көзіне айналдырып отырғанға ұқсайды. Олай демеске лаж жоқ.
Кейбір нысан иелері құрылысты «қызыл сызық» белгіленген тұсқа заңсыз тұрғызғанына қарамастан, жерді мемлекет меншігіне қайтару үшін миллиондаған қаржы сұрайды. Ал қалалық сәулет және қала құрылысы басқармасы осындай жерге салынатын жоба нысанын бекітіп жіберуде. Қоғамдық кеңес төрағасы Нұрғазы Бұқарбаев осы мәселелерді ашына жеткізді. Мұндай келеңсіздіктер Цитадельде де орын алып жатқан. Ескі қалашық бекінісін қалпына келтіру жұмыстары барысында билік осындай заңсыздықтарға жиі тап болады. Нұрғазы Бақтыбайұлы сол маңдағы жерлердің әкімдердің «шектен тыс жомарттығынан» сатылып кеткенін тілге тиек етті. Салдарынан заңсыз құрылыстар үшін бюджеттен қыруар қаржы кетіп жатыр.
Айта кетейік, шаһардағы Гагарин көшесінің өзінде «қызыл сызықтың» бойында орналасқан 22 нысан тіркелгені анықталған болса, қазір оның саны 40-қа жетіпті. Сонда қалай болғаны? Құрылысқа рұқсат беретін тиісті мекемелер үшін «қызыл сызық» қызықтырмағаны ма? Мұндай жағдайлар мәселені реттеудің орнынан күрделендіріп жатқанын қалай түсінуге болады?!
Сондай-ақ бүгінде қала құрылысын бақылау басқармасына заңсыз салынған құрылыс бойынша 6 000-ға жуық арыз келіп түскен. Оның 1 034-і қызыл сызықта орналасқан екен. Мұның басым бөлігі – кәсіпкерлік бағыттағы нысандар. Жалпы, су, газ құбыры, электр бағаны мен кәріз жүйесі өткен тұстар «қызыл сызық» болып белгіленеді. Сондықтан мұндай жерлерді тұрғындарға беруге болмайды. Жауапты мекемелер осыған жіті назар аударуы тиіс.
Түйткілді жайттың 7 жылдан бері түзелудің орнына күрделеніп бара жатқаны халықтың бұған мән бермеуінен бе әлде жауапты мекеменің жауапсыздығынан ба? Бұл – жауабы жоқ сұрақ.
Сонымен қатар бір кездері депутаттар тарапынан қаладағы Жібек жолы көшесі бойына салынып жатқан сауда қатарының құбыр үстіне тұрғызылып жатқаны туралы да айтылған еді. Өкінішке қарай, бұл ескерту еленбеді ме, әйтеуір сауда қатары тұрғызылып, оны қалалық сәулет және қала құрылысы басқармасы қабылдап алған. Есесіне, енді ол жерге жол салу үшін бюджеттен қыруар қаржы бөліп, иесінен сатып алу керек болып отыр.
«Қызыл сызыққа» түскен құрылыстарға әлі күнге дейін тексеру шаралары жүргізілмепті. Ал арыздар тиісті құзырлы органға жеткізілмей жатады. Мұның артында бір шикілік бары рас. Бұл туралы жуырда өткен қоғамдық кеңес жиынында айтылды. Ал жауапты мекеменің тағы бір сылтауы – арнайы түскен арыз-шағым болмаса, тексеру жүргізуге құқы жоқ. Онда да прокуратураның келісімі керек.
Қала құрылысын бақылау басқармасының мәліметіне сүйенсек, мәжбүрлеп бұзу туралы дайындалған 29 талап-арыздың 6-уы ғана қанағаттандырылған. Онда да 4-еуі ғана бұзылатын болса, қалғандары сотта қаралып жатыр. Ал қалалық құрылыс басқармасына жыл басынан бері 300-ге жуық арыз түскен. Егер нысандардың заңсыз екені анықталса, миллион теңгеден астам айыппұл салынбақ. Әзірге бұл белгісіз. Бірақ 7 жылдан бері «сен салар да мен салар» болып жүрген тірліктің таяу күндері шешіле қоюы тағы неғайбыл.
Міне, «жаны ашымастың қасында басың ауырмасын» деген сөз осындайда айтылса керек-ті.
P.S.
Жуырда қала әкімі Е.Айтаханов қаладағы заңсыз құрылыстар туралы тиісті сала басшыларына қатаң ескерту жасады. «Алдымен құрылыс басталады. Сосын барып құжаттандыру жұмысына кірісесіздер. Бұл – дұрыс емес. Біз қай жер болса сол жерге құрылыс нысандарын сала беруге жол бермейміз. Зардабын тұрғындар тартады. Құрылыс саласындағы осындай олқылықтардың, немқұрайлықтың салдарынан жұмысшылар қайтыс болды» деп ашынды.
Иә, бұл да кезекті ескерту болмасына кім кепіл?! Бұл – қалалық сәулет және қала құрылысы мен құрылыс басқармаларының үйреншікті ескертпесі. Жалпы, үшінші мегаполисте құрылыс саласына қатысты бұдан өзге де түйткілді мәселелер көп.
Назгүл НАЗАРБЕК,
Шымкент қаласы