Бес ай бойы із-түзсіз жоғалған жігіт құмар ойын ойнап жүрген жерінен табылды
Бес ай бойы із-түзсіз жоғалған жігіт құмар ойын ойнап жүрген жерінен табылды
306
оқылды
Бес ай бойы із-түзсіз жоғалған жігіт мегаполистен табылды, деп хабарлайды Polisia.kz. Сарыағаш АПБ-ға жергілікті тұрғын арызданып келген. Онда әйел 2020 жылдың тамыз айында үйінен 33 жастағы ұлының белгісіз бағытқа шығып кетіп, қайта оралмағанын айтқан. Жоғалған жігіттің жақындарының айтуы бойынша, оны жұмыс іздеп кеткен болар деген оймен мүлде іздемеген. Өйткені бұдан бұрындары да ол 2-3 рет із-түзсіз кетіп, жұмыс істеп, қайта оралған екен. Бесінші ай бола бастағаннан кейін хабарсыз кеткен ұлдарын уайымдай бастаған ата-анасы өз беттерімен іздеген, бірақ ол әрекеттерінен нәтиже шықпаған. Содан соң олар полицияның көмегіне жүгінген. Бұл жайтты полицейлер бірден тіркеуге алып, жігітті іздеуге кіріседі. Облыс көлеміндегі аудандық, қалалық полиция басқарма, бөлімдеріне бағытнамалар жіберіледі. Сонымен қатар тәртіп сақшылары жоғалған жігітті тез арада табу мақсатында жүргізушілерден, көріп немесе білуі мүмкін деген адамдардан сұрастыру жұмыстарын жүргізеді. Нәтижесінде төрт күннен соң із-түзсіз кеткен жігіттің жүрген жері анықталып, жедел уәкілдер сол мекен жайға жетеді. Яғни, полицейлердің іздестіру жұмыстарының нәтижесінде ол Шымкент қаласында құмар ойын ойнап жүрген жерінен табылды. Жоғалған жігіт қалтасындағы азын-аулақ ақшасымен жұмыс іздеп шығып кетіп, алайда ақшасының барлығын құмар ойынға жұмсап, кері қайтайын десе, жақындарына айтуға бата алмай, Шымкент қаласында қалып қойған. Жігіттің анасы полиция қызметкерлерінің жедел түрде іздестіру жұмыстарын жүргізіп, ұлын дін аман тапқанына алғыс білдірді. Осы ретте облыс полицейлері барлық тұрғынға ескерту жасап, егер де жақыныңыз немесе танысыңыз із-түзсіз кеткен болса, бірден уақыт жоғалтпай полиция қызметкерлеріне хабар беруін сұрады.