COVİD-19: сайлаудағы сақтық шарасы
COVİD-19: сайлаудағы сақтық шарасы
204
оқылды

10 қаңтарда еліміз үшін ең маңызды іс шара – Парламент Мәжілісі мен жергілікті мәслихаттар депутаттарын сайлау өтеді. Мемлекеттік бас санитар дәрігер осы сайлауға байланысты қаулы қабылдады. Қаулыда алдағы сайлауға байланысты эпидемиологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін бірқатар талап қарастырылған.

Мысалы, сайлау учаскесіне кіреберісте термометрмен температура өлшеу, сайлаушылардың жүру бағытын көрсететін белгілер қою талап етіледі. Ал сайлау комиссиясының мүшелері 3 сағат сайын бетперде ауыстыруы тиіс. Сайлау учаскелерінде қолды дезинфекциялауға арналған санитайзерлер болуы керек, жиһаз бен техникалық жабдықты бір-бірінен кемінде 1,5-2 метр қашықтықта орналастыру, кемінде 1,5-2 метр әлеуметтік арақашықтық сақтау, келушілердің дене температурасы көтерілген (37ºС жоғары) жағдайда, адамды оқшаулауға арналған жеке кабинет болуы да маңызды талаптар тізімінде. Сайлаушылар сайлау учаскесіне келгенде медициналық немесе қорғаныс бетпердесін және қолға арналған антисептикалық құралды пайдалануы қажет. Үйде емделуіне байланысты оқшаулау режиміндегі немесе коронавирус инфекциясына байланысты карантинде отырған дауыс берушілер сайлау учаскесінен тыс жерде дауыс беру туралы өтініш айтқысы келсе, сайлау комиссиясының мүшесіне хабарласуы тиіс. Сайлау процесіне қатысушылар ПТР-тестілеуден тегін өтеді. ПТР-тестілеуден өткізуге жауапты тұлғалардың байланыс телефондары Денсаулық сақтау министрлігінің санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің және Өңірлік денсаулық сақтау басқармаларының сайтында жарияланған. ДСМ санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Айжан Есмағамбетованың айтуынша, өңірлерде бақылаушыларды, сайлау комиссияларының мүшелерін және сенім білдірілген адамдарды тегін ПТР-тестілеу үшін қажетті тест қоры мен зертханалар қуаты қарастырылған. «Коронавирус пандемиясы басталғалы ПТР әдісімен COVID-19-ға тестілеу сәуір айында тәулігіне жалпы қуаты 6 000 тест болатын 19 зертханада жүргізілді. Ал бүгінгі күні КВИ диагностикасын тәулігіне жалпы қуаты 100 мың зерттеуді құрайтын 132 зертхана мен 48 биологиялық материал алу пункті жүзеге асырады. Бүгінде 5 миллионнан астам зерттеу жүргізілді, күн сайын зертханалар 40 мыңға дейін тест жүргізеді. Осылайша, зертханалардың резервтік қуаты 60 мың зерттеуді құрайды, қазір бұл қуат сайлау қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін пайдаланылады», – дейді ол. Айта кетейік, сайлау учаскелерінде тұрақты жұмыс істейтін адамдар, сайлау комиссиясының мүшелері, бақылаушылар мен сенімді өкілдер 5-9 қаңтар аралығында тексерілуі тиіс және ПТР-тест нәтижесі теріс болуы қажет.

Айдана БЕГІМ