Жылыту жылатуға ұласпасын
Жылыту жылатуға ұласпасын
251
оқылды

Қытымыр қыстың бел ортасына таядық. Шенеуніктер жыл сайын жылыту маусымына сақадай саймыз деп жауырды жаба тоқыса да, әйтеуір бір кілтипан шығып тұрады. Әсіресе, аймақтарда жылу қазан­дықтары жиі бұзылып, қақаған суықта жұрттың бүрсең қағып қалатыны бар. Қыркүйекте өңірлердің қысқа дайындығын пысықтаған Премьер-Министр Асқар Мамин кейбір облыстардың кестеден кешіккенін сынап, бұл іске салғырт қараған атқамінерлерді қатаң жауапқа тартуды тапсырған. Содан бері не өзгерді? Кемшіліктер жойылды ма? Қыс айларында өршіп кететін өртке, ыстан улануға қарсы қандай шаралар қабылданған?

Құзырлы орындар жылыту кезеңі штат­тық режимде жүріп жатыр деп мәлімдейді. Әуелі сандарды сайратайық. Биылғы қысқа өңірлер 46 561 тұрғын үйге арнап 10 662 автономды қазандық дайындапты. 5 024 шақырым жылу желісі, 14 089 шақырым сумен жабдықтау желісі, электр станса­ларындағы 8 энергоблок, 59 қазандық, 44 турбина жөнделген. «Кәрі құдаңның» қаһарына 11 158 білім беру нысаны мен 5 963 денсаулық сақтау нысаны әзірленген. Компаниялар 69 млн тонна көмір өндірген. Тұрғындар коммуналдық қызметтерге 17 млрд теңге берешек екен. Борыш көлемі Алматыда – 4,5 млрд теңге, Нұр-Сұлтан­да – 1,95 млрд теңге, Шымкентте – 2,5 млрд теңге және Маңғыстау облысын­да – 1,4 млрд теңге. Ақмола, Алматы, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстары мен Алматы қаласы дайындықты дер кезінде аяқтаған. Ал Батыс Қазақстан, Қарағанды, Түркістан облыстары бұл көрсеткіш бойынша артта қалыпты. Мәселен, «БатысҚазЭЖТК» өңірлік компаниясының электр желілеріне ерекше көңіл бөлу қажет екені анықталған. Кәсіпорынды қаржы­ландыру мәселесіне байланысты облыстағы желілер әбден тозған. Қарағанды облысы Шет ауданын электр энергиясымен қамтуға тиіс «Шет Энерго» серіктестігінің қызметіне қатысты шағымдар да шаш етектен. Алайда өңір басшыларының өз айтары бар. БҚО әкімі Ғали Есқалиевтің сөзінше, кемшіліктер түзелген, шағымдар ескерілген. «Қазір жағдай өзгерген» деп ақталады шенеунік. Кім білсін, өзгерген де шығар. Өйткені сынға іліккен Орал мен Қарағанды әзірге тыныш. Есесіне, сақадай-сай деген Алматыда 100-ге жуық үй желтоқсан айында жылусыз қалды. Бостандық ауданының тұрғындары Facebook-те шағымданған соң ғана әкімдік үн қатып, жағдай реттеледі деп сендірді. Атыраудың да жылу құбыры жарылып, 7 үй жылудан ажыратылған. Халықты қан жылататын тағы бір мәселе бар. Жылыту маусымында өрт оқиғасы көбейетіні белгілі. Қыс кезінде саяжайларда, жертөлелерде, жер үйлерде пеш қолданғандықтан, пештерді орнату қағидасын бұзғандықтан, өрт шығады. Пештегі отынды бензин, керосинмен тұтату, пештің ішіне сыймайтын ұзын отынды жағу, пешті шамадан тыс қыздыру да тілсіз жауға себеп болуы мүмкін. Сондықтан қарапайым сақтық шараларына мән берген абзал. Өткен айда Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин: «2019 жылмен салыстырғанда біз өрттен қаза тапқандар мен зардап шеккендер саны аздап өскенін байқап отырмыз. Негізгі себептер – тұрғын үй секторында газ-баллон және пеш жабдықтарын дұрыс пайдаланбау», – деді. жылыту Оның айтуынша, өрттің көбі жекеменшік секторда болған. Тағы да 2019 жылмен салыстырсақ, 2020 жылы өрттен көз жұмғандар 2% артқан. Дегенмен газдан уланғандар азайыпты. Мысалы, желтоқсан айының тек бір аптасында 239 үй отқа оранған. 19 адам жан тапсырған. 47 адам ауыр халде ауруханаға түсіп, әупірімдеп аман қалған. Статистика бойынша Қазақстанда жыл сайын 15 мыңнан астам өрт болса, 65-67%-ы жекеменшік тұрғын үй секторына тиесілі. Былтырғы қыркүйек пен желтоқсан аралығында республика аумағында 1 300-дей өрт шыққан. Басым көпшілігі Шымкент, Алматы қалаларында, Ақмола, Жамбыл, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарында тіркелген. «Қаза тапқандар: Жамбыл облысында – 4 адам, Алматы қаласында – 3 адам, Павлодар облысында – 2 адам. Жарақат алып, күйік шалғандар: Қостанай облысында – 6 адам, Нұр-Сұлтан қаласында – 5 адам және Қарағанды облысында 3 адам» деп нақтылайды ТЖМ жетекшісі. Осы орайда, тұрғын үйлерге қауіпті газ концентраты мен жану өнімін анықтайтын 23 мыңға тарта құрылғы орнатылыпты. Айтпақшы, 21 қарашада Нұр-Сұлтан қаласындағы бір дәмханада болған төтенше жағдай әлі есімізде. Жарылыс салдарынан екі адам өмірімен қоштасты, бірнеше адам жараланды. Сол дәмханадан ТЖМ бөлімшелерінің қызметкерлері тамақ жасауға арналған 35 баллон тауыпты. Осындай заңсыздықтар күтпеген күні қайғылы жағдайға әкеп соғуы ықтимал. «Азаматтарға ескертсек те, ұқсас оқиға шамамен бір аптадан кейін Талдықорған қаласында тіркелді. Онда үй иесі аяздан жылы бөлмеге 5 литрлік газ баллонын кіргізген, салдарынан баллондар жарылған. Үй иесі қаза тапты, оның ұлы мен қонақтары зардап шекті. Үй жарамсыз болып қалды. Біздің азаматтар газ баллон жабдығын пайдалану кезіндегі қауіпсіздік шараларына назар аударуы қажет» деп ескертеді Юрий Ильин. Ал кеше Нұр-Сұлтанда көлік жуатын орын өртеніп, 13 көлік зақымданды. Шамасы, тұрғындар көліктерін сол ғимаратқа жуу үшін емес, аяздан қорғану үшін қойған болар. Мұндай әдет тұрғындар арасында бар. Сөйтіп, аяздан қорқып ғимаратты «паналатқан» көліктерді өрт зақымдады. Бірақ көлік жуу орнының не себепті өртенгені белгісіз. Қыстың қаһарына мінетін кезі енді келді. Әрі бірқатар өңірде аяз да күшейіп тұр. Ендеше жылыту маусымының да «шыжығы» әлі «қуырылуы» бек мүмкін.

Айдар ДӘУІТҰЛЫ