Қостанайда өрттен 7 адам құтқарылды
Қостанайда өрттен 7 адам құтқарылды
173
оқылды
Қостанайда жанып жатқан көп қабатты үйдің тұрғындары құтқарылды,– деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Бүгін сағат 09.55-те Қостанай қаласында бес қабатты тұрғын үйде өрт шыққаны туралы хабарлама келіп түсті. 5 минуттан кейін оқиға орнына Қостанай қаласының № 5 өрт сөндіру бөлімінің 10 қызметкері мен 3 өрт сөндіру техникасы жетті. Құтқарушылар келгенде үйдің кіреберісінен қатты түтін шығып жатты. Түтін пәтерлерге тез тарала бастады. Адамдардың тыныс алуы қиындап, өмірлеріне қауіп туды. Бірінші болып түтін аймағына құрамында 3 арнайы маманы бар газ-түтіннен қорғау қызметінің буыны кірді. Олар жанып жатқан 30 шаршы метр ауданда жұмыс істеді», – дейді ведомствоның баспасөз хатшысы Уәлихан Досанов. Өрт сағат 10.27-де толығымен жойылды. Мамандар өрттің шығу себебін анықтауда. Қостанай облысының ТЖД тұрмыстағы өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауды еске салады. Отты пайдалануда абай болыңыздар, қосылған электр және газ аспаптарын қараусыз қалдырмаңыздар.