Халықаралық Түркі академиясы Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық академиялық кітапханада «Түркі әлемі: тарихи-мәдени мұра» атты халықаралық конференция өткізді.
Бірқатар бауырлас түркі мемлекеттер Тәуелсіздігіне 30 жыл толатын мерейлі меже аясындағы іс-шаралардың бастамасы ретінде ұйымдастырылған алқалы жиынға ТүркПА ұйымының бас хатшысы Алтынбек Мамаюсупов, Түркі кеңесінің алғашқы бас хатшысы Халил Ақынжы, Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, Әзербайжанның алғашқы премьер-министрі Гасан Гасанов, Қырғыз Республикасының экс-мемлекеттік хатшысы Османакун Ибраимов қатысты. Сонымен бірге басқосуда Түркі кеңесі бас хатшысының орынбасары Өмер Коджаман, Әзербайжан, Түркия, Мажарстанның елшілері және еліміздегі дипломатиялық миссиялардың жетекшілері, бауырлас түркі елдері Ұлттық ғылым академияларының басшылары, еліміздің Сенаты мен Мәжіліс депутаттары, белгілі қоғам және мемлекет қайраткерлері, Әзербайжан, Қазақстан, Қырғыз Республикасы, Өзбекстан, Түркия, Ресей, АҚШ, Италия, Моңғолия, Германия, тағы басқа 20-дан астам мемлекеттен танымал түркітанушы ғалымдар мен сарапшылар жиналды. Онлайн-оффлайн режимде өткен басқосу барысында Түркі академиясы әзірлеген «Түркі әлемі: тарихи-мәдени Атлас» атты іргелі ғылыми еңбектің салтанатты тұсаукесер рәсімі жасалды. Елбасы – Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың алғысөзімен жарық көрген бірегей басылым әйгілі саяхатшылар мен жиһанкездер жасаған көне карталар мен байырғы бабаларымыздың мол мұрасын көрсететін маңызды мәліметтерді қамтиды. Конференцияны жүргізген Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Egemen Qazagstan газетінде жарияланған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласындағы «Қазаққа осынау ұлан-ғайыр аумақты сырттан ешкім сыйға тартқан жоқ» деген ұстанымын Түркі академиясы әзірлеп шығарған 200-ден астам тарихи картаны қамтитын «Түркі әлемі» атласы ғылыми тұрғыда айқындай түсетінін атап өтті. Түркі кеңесінің алғашқы бас хатшысы Халил Ақынжы тарихи шекаралар туралы әңгіменің тарихтың еншісінде қалуы керек екенін атап өтсе, Әзербайжанның алғашқы премьер-министрі Гасан Гасанов сақ-скиф дәуірінен бастау алатын қазақ тарихының тамыры тереңде екеніне тоқталды.Ж.НҰРЛАН