Сайлау күні ескеретін ереже
Сайлау күні ескеретін ереже
294
оқылды

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі 9 қаңтар – «Үнсіздік күні» және 10 қаңтар – «Сайлау күні» ақпарат құралдарына және қа­зақстандықтарға неге тыйым салынатыны, ал неге рұқсат етілетіні жөнінде түсініктеме берді.

Сонымен, «Сайлау туралы» конституциялық заңына сәйкес, сайлау күні және оның қарсаңындағы күнде кез келген сайлау алдындағы үгітке тыйым салынады. Саяси партиялар, партиялық тізімдерге кірген кан­дидаттар, олардың сенім білдірген адамдары және сайлауалды штабтардың жұмысы туралы қандай да бір бейнерепортаж, мақала, ролик орналастыруға жол берілмейді. «Басқа да бейнесюжеттер мен мақалаларға саяси партиялардың үгіт баннерлері, плакаттары мен па­рақшалары бейнеленген кадрлардың, фотолардың еніп кетуінің алдын алу маңызды. Бұрын орналас­тырылған материалдарды интернет-ресурстардың басты беттеріне шығаруға жол берілмейді. Дауыс беру күнінен 5 күн бұрын қоғамдық пікірге сұрау салу нәтижелерін және сайлауға байланысты басқа да зерттеулерді осы екі күнде жариялауға тыйым са­лынады», – деді ведомство. Көптеген үміткер әлеуметтік желілерінде үгіт науқаны туралы посттар жазды, олар не істеуі керек? Интернет-ресурстардың бұрын орналастырылған материалдары бойынша «пікір қалдыру» функциясын жабу сұралады. Сондай-ақ Facebook, Instagram және басқа да аккаунттарда саяси партияға дауыс беру туралы үндеулер мен пікірлердің пайда болуына жол бермеу үшін тұрақты модерацияны жүзеге асырған жөн. «Сайлау күні» әлеуметтік желіде дауыс беру бюллетенін суретке түсіріп, орналастыруға тыйым салынады. Интернет желісінде бұрын орналастырылған үгіт материалдарының сол орнында қала беруіне жол ашық, жою қажет емес. Алайда сайлаушылардың қалау-ық­тияры туралы бұрын жүргізілген сауална­маларды қайта басып шығару және еске түсіруге шектеу бар. Сонымен қатар кандидаттардың кәсіби қызметіне қатысты материалдарды олардың партияға қатысты екенін көрсетпей жариялауға рұқсат етіледі. Са­рапшылардың, қоғам қайраткерлерінің және бас­қасының пікірлері мен сұхбаттары партиялар мен кандидаттар туралы айтпастан, сайлаудың рөлі мен жалпы дауыс берудің маңызы туралы жалпы пікірді ғана қамтуы мүмкін. Сайлау комиссияларының үй-жайларынан және дауыс беруге арналған үй-жайлардан тыс жерлерде бұрын ілінген баспа үгіт материалдары бұрынғы орындарында қала береді. Жергілікті байқаушылардың дауыс беру барысына және оның қорытындыларын шығаруға кедергі келтірмей, фото, аудио және бейнежазба жасауға құқығы бар. Фото және бейнежазба дауыс беру құпиясын және сайлаушылардың дербес деректерін қорғау ескеріле отырып жүргізілуі тиіс және аза­маттардың бейнесін олардың келісімін алғаннан кейін пайдалануға болады. Сайлау барысын жариялауға БАҚ қана құқылы.

Елдос СЕНБАЙ