10 қаңтар күні қазақстандықтар Мәжіліс пен жергілікті мәслихаттар депутаттарын сайлайды. «Егер бізге дауыс берсеңіз, жағдайыңызды жақсартуға берген уәдеміз – уәде» деп ұрандаған саяси партиялардың тағ дыры шешіледі. Бұл жолы ресми тіркелген алты партияның бесеуі сайлауға қатысады. Биылғы сайлауға қатысты сан деректерді назарыңызға ұсынғанды жөн көріп отырмыз.
«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» конституциялық заңның 4-бабына сәйкес, 18 жасқа толған Қазақстан азаматы тегiне, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiнге көзқарасына, тұрғылықты жерiне немесе кез келген өзге жағдаяттарға қарамастан, сайлауда дауыс беруге құқылы. Сот iс-әрекетке қабілетсiз деп таныған, сот үкiмiмен бостандығынан айыру орындарында отырған азаматтар сайлауға қатыспайды. Бір айта кетерлігі, кәмелетке толған әрбір қазақстандықтың тыс қалмай, дауысын бергені аса маңызды. Көпшілігін қызықтыратын тағы бір дерек – бюджет. Биылғы Парламент Мәжілісі мен жергілікті мәслихаттар депутаттарын сайлау науқанына республикалық бюджеттен 15,3 млрд теңге бөлінген. Оның ішінде былтыр – 10,8 млрд теңге, 2021 жылға 4,5 млрд теңге бөлу қарастырылған. Ал партиялар қатысу үшін қанша ақша төлегенін білгіңіз келсе, оны да айтып өтейік. Негізі, Орталық сайлау комиссиясына сайлауға қатысу туралы өтініш берген саяси партиялар әр кандидат үшін заңнамада бекітілген минимал айлық табыстан 15 есе көп мөлшерде жарна төлеуі тиіс. Бұл дегеніміз – елдегі ең төменгі айлық 42 500 теңге болып бекітілгенін ескергенде, сайлауға түсетін әр кандидат үшін 637 500 теңге төлейді деген сөз. Бір айта кететін жайт, өткен сайлауда дауыс беру нәтижесінде жеті не одан да көп пайыз жинаған саяси партиялар жарна төлеуден босатылады. Демек, бұл жолы екі партия ғана төлейді. Есептейтін болсақ, сайлау жарнасынан түсетін жалпы сома 24 862 500 теңге. Орталық сайлау комитетінің мүшесі Ерлан Дауылбаев жасаған баяндамасында жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау мазмұны мен барысы туралы айтып өткен еді. Орталық сайлау комиссиясының төрт отырысында – кандидаттарды ұсыну кезеңінің қорытындысы, партиялық тізімдерді тіркеу, сайлау алдындағы үгіт кезеңінде және үгіт кезеңінің аяқталу қорытындылары бойынша қаралған. Сайлау жарияланған кезден бастап, 21 қазаннан бүгінгі күнге дейін Орталық сайлау комиссиясына 104 өтініш келіп түскен. Оның ішінде, 46 – жеке тұлғалардан, 36 – заңды тұлғалардан, сондай-ақ 22 – бұқаралық ақпарат құралдарынан. Көтерілген мәселелердің сипаты бойынша өтініштер былайша бөлініпті: 63,4% (66) – сайлау заңнамасын түсіндіру туралы, 13,5% (14) – сайлау процесін ұйымдастыру мәселесі бойынша ақпарат беру туралы, 4,8% (5) – ұсыныстар, 4,8% (5) – өтініштер, 13,5% (14) – өзге мәселелер. Осы 104 өтініштің 81-іне ОСК аппараты өтініш берушілерге белгіленген мерзімде толық жауап берген. 12-сі Ортсайлауком құзыретіне кірмейтін ретінде заңда белгіленген тәртіппен мемлекеттік органдарға қайта жіберілген. 6-ы заңнамаға сәйкес қараусыз қалдырылған. Себебі олардың ішінде 4 азаматтың өтінішінде мәселенің мәні баяндалмаған. Сондай-ақ жаңа дәлелдер келтірілмеген екі қайталама өтініш келіп түскен. ОСК мәліметіне сүйенсек, қазір 5 өтініш қаралып жатыр.Айша ЕРСҰЛТАН