2020 жылы педагогтердің жалақысы 25%-ға өсті. Тәуелсіздік күні қарсаңында біраз мектеп мұғалімдері сыйақы алып, қуанып қалған-ды. Білім және ғылым министрлігінің мәліметінше, биыл ұстаздардың жалақысы тағы да 25%-ға артады. Бұл жаңалықты естіген педагогтердің жүзіне күлкі үйірілді, білемін. Ал осы ақпараттың университет пен колледж оқытушыларына қатысы бар ма? Жалпы, ұстаз жалақысы қалай көбейеді?
Мұғалім болам мен ертең
«Педагог мәртебесі» заңы діттеген мақсатына қарыштап қадам басып келеді. «Қалай?» дерсіз, түсіндірейік. Алдымен, педагогикалық мамандықта оқитын студенттердің шәкіртақысы өсті. Бұрын студент есепшотына 26 мың түссе, қазір ай сайын 42 мың теңге алады. Докторанттардың шәкіртақысы 82 мыңнан 150 мың теңгеге дейін өсті. Осыған орай, 11-сыныпқа сабақ беретін мұғалімдердің айтуынша, түлектер педагог болуға құлшынып отыр. Олар жас маманға берілер артықшылықтан да хабардар. Естеріңізде болса, 2020 жылдан бастап магистратурада оқығаны үшін ұстаздарға қосымша ақы төленеді. Одан бөлек, педагогикалық шеберлігіне байланысты жалақыға 50%-ға дейін үстемеақы қосылады. Егер пәндерді ағылшын тілінде оқыта алсаңыз айлыққа 200%-ға дейінгі мөлшерлеме қосылатыны бар. Бір сөзбен айтқанда, мектепте мұғалім болу трендке айналатын сыңайлы. Әрине, өзіне сай қиындығы бары анық. Иә, қазір түлектердің дені педагогикалық мамандықтың шәкіртақысына қызығып, таңдап жатыр. Бірақ болашақта, 4 жылдан кейін, олардың диплом алу-алмауы неғайбіл. Өйткені педагогикалық мамандықта білім алғандарды университетті аяқтағасын тест сынағы күтіп тұр. Яғни, кім тесттен сүрінбей өтіп, білімін дәлелдесе, ұстаз атанады. Мұны министр Асхат Аймағамбетов бірнеше рет айтқан-ды. Міне, осы жоспар кезең-кезеңімен жүзеге асса, нағыз білімді шәкірт қана мектепте сабақ бере алады. Осылайша, білім ұясындағы сапа көтеріліп, жастар мамандықтың қадірін түсінеді. Бұрынғыдай тесттен төмен балл жинағаны «мұғалім бола салам ғой» деп еркінсімейді. Айналып келгенде бәрі заңдылыққа сүйенеді. Талап пен тәртіпті қатаңдатқан сайын, мамандықтың қадірі артады.Мемлекет қолдауын сезіндік
«Өзім – педагог-зерттеушімін. Осыған сай жалақыма үстемеақы аламын. Жалақының 25%-ға көбейгені тағы бар. Шәкірттерім республикалық, халықаралық байқаулардың жүлдегері. Сондықтан мереке қарсаңында алғаш рет сыйақы алдым. Пандемия тұсында мемлекет қолдауын сезіндік. Жыл санап бәрі цифрлы жүйеге көшіп жатыр. Байқасам, педагогикалық мамандықты таңдағысы келетін жастар көп. Осылай жалғаса берсе, білім сапасы бойынша ауыл мен қала арасындағы алшақтықты жақындатамыз», – дейді қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Зәуре Бексұлтанқызы. Ұстаз Санат Нұржігітов те әріптесінің айтқанын қостады. Ол да «Педагог мәртебесінің» заңды күшіне енгеніне қуанады. «Жалақымыз жыл сайын 25%-ға артып жатыр. Қағазбастылық пен қажетсіз есеп-қисаптардың саны азайды. Ұстаздардың ҰБТ-сы компьютерлік форматқа ауысты. Формативті бағалаудың өзі мұғалімге де, оқушыға да тиімді», – дейді ол. Байқауымызша, ұстаздар ақырындап білім саласындағы мәселелердің түйінін табатынына сенімді. «Әліппенің» қайта мектеп бағдарламасына еніп, жалақы жайының да Президент мәлімдегендей мөлшерге жететін күнді күтіп жүр.Қанша төленеді?
Мұғалімнің айлығын көбейту тарихына үңіліп көрсек. 2019 жылы Президент Жолдауында педагогтердің жалақысын кезең-кезеңімен көбейтуді тапсырды. Яғни, 2023 жылға дейін мұғалімдердің жалақысы 100%-ға артады. Білім деңгейіне, біліктілігіне, жұмыс өтіліне, еңбек жағдайына, орындалатын жұмыс көлеміне қарайды. Жалпы соманы есептеу үшін әр бекітілген коэффициентті базалық лауазымдық ақыға (БЛА – 17 697 тг) көбейту керек. Ranking.kz сайтының мәліметі бойынша, өткен жылы І тоқсанда аталған сала қызметкерлерінің орташа айлық табысы 154,6 мың теңге болған. ІІ тоқсан соңындағы айлық 184,4 мың теңгені көрсеткен. Жалпы, педагог қызметкерлердің ішінде ең төмені жалақы – мектепке дейін білім беру ұйымы тәрбиешілерінің еншісінде. Ал бастауышта сабақ беретін мұғалімдер орта есеппен 137 мың теңге алады. Осы тұста Статистика комитеті де 2015 жылдан бері мұғалімдердің І тоқсанда алған орташа айлық жалақысын тізген. Ұстаздар 2015 жылы орта есеппен – 73,9 мың теңге, 2016 жылы – 88,5 мың теңге, 2017 жылы – 91,8 мың теңге, 2018 жылы – 95,5 мың теңге, 2019 жылы – 109,9 мың теңге, 2020 жылы 154,6 мың теңге жалақы алған. Есептеп көрсек, мұғалімнің ғылыми-педагогикалық бағыт бойынша магистр дәрежесі үшін 10 АЕК төленеді. 2021 жылғы 1 АЕК – 2 917 теңге. Демек, бұл жүйе бойынша мұғалім жалақысына 29 170 теңге қосылады. Ал 1-4-сыныптарға жетекшілік еткені үшін БЛА-ның 50%-ы, шамамен 9 мың теңге береді. 5-11(12)-сыныпқа жетекшілік етсеңіз, БЛА-ның 60%-ы, жалақыға қосымша 10 мың теңге аласыз. Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында топқа жетекшілік еткені үшін де шамамен 9 мың теңге төленеді. 2020 жылдан бастап, мұғалім дәптер тексергені үшін де қосымша ақы алады. Яғни, бастауыш сынып дәптерін тексергеніңіз үшін айлығыңызға 7 мың теңге қосылады. 5-11-сыныптың жазба жұмыстарын тексерсеңіз, 9 мың теңгеге жуық ақы аласыз. Оқу орыс тілінде жүретін мектептерде қазақ тілін, оқу ұлттық тілде жүретін сыныптарда орыс тілін оқытатын 1-4-сынып мұғалімдері дәптер тексергеніне 9 мың теңге алады. Айта кетерлігі, жазба жұмысын тексергені үшін қосымша ақы үлгілік оқу бағдарламасына сәйкес төленеді. Мысалы, тарих пәнінің мұғалімдері дәптер тексергені үшін ақы алмайды. Егер мектепте жаңартылған білім беру мазмұнына сай білім берсеңіз, БЛА-ның 30% мөлшерлемесі төленеді. Физика, химия, биология, информатика пәндерін негізгі және жалпы орта білім беретін оқу бағдарламаларын, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімнің оқу бағдарламасын ағылшын тілінде оқытатын ұстаздарға БЛА-ның 200% мөлшерлемесі төленеді. Әрине, мұндай қосымша ақынға пәнді толық ағылшын тілінде оқытсаңыз қол жеткізесіз. Ал аталған пәндерді ішінара ағылшын тілінде оқытсаңыз, базалық лауазымдық айлықтың 100% мөлшерлемесін қанағат тұтасыз. Осыған сай ағылшын тілін білу деңгейіңізді арнайы құжатпен растайсыз. Айта кетерлігі, педагогтің біліктілік дәрежесінің қайсыбірін алып қарасаңыз да, ауыл мұғалімінің жалақысы жоғары. Мысалы, 1-2 жыл еңбек өтілі бар, жоғары білімді жас маманның жалақысы қалада – 78 560 – 95 819 мың теңге, ал ауылда – 95 166 – 116 740 теңге. Ең жоғары біліктілік санаты «педагог-шебердің» айлығын есептеп көрелік. Жоғары білімді, 20-25 жылдық еңбек өтілі бар «педагог-шебер» қалада – 138 235 – 157 028 теңге алса, ауылда 169 761 – 193 251 теңге жалақыға ие. Ал ЖОО оқытушылардың жалақысы 20%-ға, ұлттық ЖОО оқытушыларының жалақысы 28%-ға өсті. Білім және ғылым министрлігінің мәліметінше, 2020 жылы 100-ге жуық мектеп салынды. Елімізде балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту 98,5% болды. Сәйкесінше өткен жылы 362 мектепке дейінгі білім беру ұйымы ашылды. Жоғарыдағыны жіті оқысаңыз, «қанша салым салсаң, сонша жемісін көресің» немесе «шығын шықпай, кіріс кірмейтінін» байқайсыз. Жағдай жасап, қамтамасыз ету – сапалы білімнің кепілі.Айзат АЙДАРҚЫЗЫ