Пандемия басталғалы оған қарсы дүниежүзі елдері вакцина шығару жайын мықтап қолға алғанын білеміз. 1 жылдың ішінде аз-кем кемшілігін айтпағанда жақсы нәтиже көрсеткен екпелер болды. Көптеген ел халықты вакцинациялауды бастап та үлгерді. Көп ұзамай бұл үрдіске Қазақстан да ілеспек. Жуырда Денсаулық сақтау министрлігі биыл елімізде 10 миллион адамға коронавирусқа қарсы екпе салуды жоспарлап отырғанын айтты. Ал ол қалай жүзеге асырылмақ, вакцина салдыру міндеттеліп жүрмей ме?
Биыл белең алатын вакцинациялау ісін медицина саласындағы оң өзгеріске балап жатқандар көп. Дегенмен екпелердің қауіпсіздік мәселесі тағы бар. Оған сәл кейінірек тоқталып, алдымен халыққа жаппай екпе салудың қалай жүзеге асырылмағын білсек. Қазақстан халқының саны шамамен 18,8 миллионнан асады. Ал вакцина 10 миллион адамға, яғни ел азаматтарының 55 пайызына егілмек. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың осы сарындағы сөзіне қарап «екпе салдыру міндетті болмай ма?» деген күмәнді сұрақ туары сөзсіз. Адамдар қалай таңдалады, жүзеге асырылу процесі қай бағытта өрбімек? Мұны біз Денсаулық сақтау министрлігіне хабарласып білген едік. – Вакцинациялауға қатысатын адамдардың жасы 18-60 арасында болуы шарт. Бір анығы – ақпан айында басталатын екпе салдыру ісіне ешкімді мәжбүрлеп тартпайды, әркімнің өз еркінде. Жоғарыдағы сан – келісімін беру арқылы вакцина қабылдауға мүмкіндігі бар адамдардың есебі. Ал қалған мәселелерді жауапты мамандар одан әрі зерделеп, тексеріп жатыр, – деп қысқа қайырды ведомствоның баспасөз хатшысы Әсел Артакшинова. Қазақстандықтарға салынатын вакцинаның негізгі екі түрі – ақпанда дайын болатын ресейлік «Спутник V» мен наурызда шығарылатын отандық QazCovid-in. Қазір еліміз 2 млн доза ресейлік Спутник V вакцинасын алуға келісімшарт жасасып қойған. Одан әрі бұл екпе Қарағандыда өндіріледі. Ал Алексей Цойдың сөзінше, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирусқа қарсы қолдану үшін бекіткен Pfizer вакцинасы елімізге жазда ғана келуі мүмкін екен. Жоғарыда айтқан ресейлік «Спутник V» вакцинасының кері әсері жайлы талай мәрте айтылды. Аңғарсақ, қоғамда да аталған екпеге қарсылық бар. Алайда айтылған пікірлерді орынсыз санай алмаймыз. Себебі қарсы пікір білдіргендер қатарында медицина мамандары да бар. – Ресей ғалымдары дайындап жатқан екпенің қауіпсіз екеніне әлі көз жеткізу керек. Оған біраз уақыт кетеді. Бізге Pfizer екпесі тиімді әрі қауіпсіз болуы мүмкін. Егер зертхана иелерінің сөзіне сенсек, біздегі халықтың 60-70 пайызында ПТР-тестте коронавирус инфекциясы анықталмаса да, антидене қалыптасып үлгерген. Екпе не үшін салынады? Екпе – ұжымдық иммунитетті көтеру үшін керек. Адам вирус жұқтырғанын білмей, екпе салдырса, онда аутизмге шалдығуы мүмкін. Тіпті, мутацияға ұшырауы ықтимал. Бұл – қауіпті. Сол себептен екпені инфекция жұқтырмаған адамға салу қажет. Ал мұны кім зерттеп жатыр? Тамыз айында әлеуметтік сауалнама жүргіздік. 3,7 млн қазақстандық коронавируспен ауырған. Шамалауымызша, бұл сан – 4,5 млн-ға өсуі мүмкін. Яғни, қоғамдық иммунитет қалыптасты, – дейді медицина сарапшысы Қайырғали Көнеев. Әйткенмен, вакцинаға қатысты түрлі пайым жетерлік. Бірі бұрын вируспен ауырған адамға екпе салуға болмайды десе, Pfizer вакцинасын өндірушілер COVID-19 жұқтырғандарға да екпе салуға рұқсат берген.Екпеге сенуге бола ма?
Біз қазақстандықтар үшін маңызды болып отырған 3 вакцинаға тоқталамыз. Алғашқысы – отандық QazCovid-in вакцинасы. Шыны керек, дәл осы екпенің сынағына қатысқандар жайлы мәлімет қоры жоқ. Қалай әсер етіп жатыр, кемшіліктері болды ма, бәрінен хабарсызбыз. Бірақ медицина мамандары отандық екпенің ресейлік екпеге қарағанда жақсырақ екенін айтып жатқаны жайлы қауесет көп. Ал Ресейдің сынақтан өтпей жатып қарашаның басында тіркеп жүргені – Гамалея атындағы институт әзірлеген коронавирусқа қарсы «Спутник V» вакцинасы. Институт осы мақсатта 100 млн рубль шығындаған. Қыркүйек айының басында Ресейдің Денсаулық сақтау министрлігі екпенің адамдарға арналған алғашқы партиясын шығарғанын мәлімдеді. Көп ұзамай «Спутниктің» клиникалық сынағының соңғы кезеңі басталды. Оған 40 мыңға жуық ерікті қатысқан. Вакцина араға үш апта салып екі рет егілген. Егер ерікті қайтыс болса, жақындарына 2 млн рубль, ал І топтағы мүгедек болып қалса 1,5 млн рубль төленді. Медицина сарапшылары вакцинаны қазір қолданысқа шығарудың қауіпті тәжірибе екенін айтса да, «үздікке» балаған екпе сынаққа қатысқан адамдарға жаппай кері әсер етті. Бұл жайлы қазір әлеуметтік желіде ақпарат көп. Еріктілердің дене қызуы 40 градустан асып, жүрек қағысы минутына – 140-160-қа барған. Одан бөлек, үздіксіз қалшылдап, дірілдегендерін айтыпты. Алайда Ресейдің билік өкілдері мен медицина саласының жетекшілері екпеге шаң жуытпады. Вакцинаны танымал адамдар да қабылдағанға ұқсайды. Мәселен, соның бірі – Владимир Путиннің қызы Катерина Тихонова да вакцина салғызыпты. Pfizer екпесі өзінің тиімділігін 90-95 пайыз дәлелдеген болатын. Қытай мен Израиль, АҚШ-та миллиондаған азаматқа осы вакцина егіліп те қойды. ДДСҰ да осы екпенің мақтауын асырып отыр. Дегенмен оны салдырып қайтыс болып жатқандар да бар. Мәселен, Pfizer және BionTech компаниялары әзірлеген вакцинаның сынақ кезеңінде 43 448 адамның 6-ы көз жұмған. Одан бөлек, Норвегияда 5 қаңтар күні осы екпені салдырған 2 адамның өлгені хабарланды. Сондықтан вакциналардың қайсы бірін үздік деп танып, толық сенім арту қиын болып тұр.Мадияр ТӨЛЕУ