Шет мемлекеттердегі 10 сайлау учаскесінде дауыс беру аяқталды  – СІМ өкілі
Шет мемлекеттердегі 10 сайлау учаскесінде дауыс беру аяқталды  – СІМ өкілі
269
оқылды
Қазақстан азаматтарының Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар депуттарын сайлауға  дауыс беруі үшін шет мемлекеттерде ашылған сайлау учаскелерінің 10-ында дауыс беру аяқталды. Нұр-Сұлтан уақыты бойынша сағат 19.00-ге дейін шет мемлекетте жүрген 4532 Қазақстан азаматы дауыс берді. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясында өткен брифингте Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Шахрат Нұрышев хабарлады. 
«Сыртқы істер министрлігі Орталық сайлау комиссиясымен бірлесіп, шет мемлекеттердегі Қазақстан азаматтарының сайлауда дауыс беруін қамтамасыз ету үшін тиісті шараларды қабылдады. Қазақстан дипломатиялық өкілдіктерінің жанынан дүниежүзінің 53 елінде 66 сайлау учаскесі құрылды. Әлемнің әртүрлі елдері COVID-19 пандемиясына байланысты шекараны жабу, көлік қатынасын тоқтату, коменданттық сағат орнату, локдаун және карантин сияқты шектеу шараларына қарамастан, аталған барлық сайлау учаскесіне бюллетеньдер және басқа да сайлау атрибуттары уақытылы жеткізілді», – деді Шахрат Шәкизатұлы.
Оның айтуынша, сайлаушылар тізімі сайлау учаскесі аумағында тұрақты тұратын немесе ұзақ мерзім болатын Қазақстан азаматтарын консулдық есепке алу деректерінің негізінде дайындалды. Қазақстанның шетелдердегі мекемелерінде консулдық есепте 11 мыңнан астам азамат тіркелген.
«Бұл ретте  аталған азаматтардың бір бөлігі бірқатар елдер тарапынан шетелдіктердің, соның ішінде оқуын қашықтан оқып жүрген студенттердің кіруін шектеуге байланысты қазіргі кезде Қазақстанда екенін айта кеткен жөн. Бұдан басқа сайлаушылардың дауыс беруіне кейбір мемлекеттерде болған табиғи апаттар мен ел ішінде жүріп-тұруға енгізілген шектеулер де қиындық тузығып жатыр», – деді СІМ бірінші орынбасары.
Консулдық есепте тұрған азаматтардың басым бөлігі Ресей, Түркия, Қытай, Чехия, Ұлбыритания, Өзбекстан, Біріккен Араб әмірліктері және Қырғыз Ресбуликасында шоғырланған. Хорватия, Бразилия, Словакция, Тайланд, Индонезия, Түркменстан, Үндістан, Израил, Пәкістан және Угандадағы сайлау учаскелерінде азаматтардың ең аз саны тіркелген екен. Сайлау туралы конституциялық заңға сәйкес, дауыс беру жергілікті уақыт бойынша сағат 7-ден 20.00-ге дейін өткізіледі.
«Сағат 19.00-дегі жағдай бойынша шетелде жалпы алғанда 4532 Қазақстан азаматы дауыс берді. Түрлі уақыт белдеуінде орналасуын ескерсек, Жапония мен Корея Республикасында жүрген қазақстандықтар бірінші болып дауыс берді. Қазіргі кезде 10 сайлау учаскесінде дауыс беру аяқталды. Қалған 55 сайлау учаскесінде дауыс беру жалғасып жатыр. Соңғы болып ертең, яғни  11 қаңтарда Нұр-Сұлтан уақыты бойынша сағат 7.00-де АҚШ пен Канададағы Қазақстан азаматтары дауыс беруді аяқтайды», – деді Ш.Нұрышев.