Қырғыз елінің жаңа президенті айқындалды
Қырғыз елінің жаңа президенті айқындалды
271
оқылды

Қырғыз Республикасында президенттік дода аяқталды. Оның алдын ала қорытындысы белгілі болды: мемлекет басшысының міндетін атқарушы Садыр Жапаров алға озды.

Көршінің Сайлау және референдумдар өткізу жөніндегі орталық комиссиясы бүгін, 10 қаңтарда өткен мемлекеттік маңызды науқанның – ел президентін сайлаудың алдын ала қорытындыларын жария етті. Қырғыз заңнамасына сәйкес, ел басшылығын қолына алуы үшін кандидаттардың бірі дауыс бергендердің жалпы санының жартысынан – 50%-ынан астамының дауысын жинауы тиіс. Жалпы алғанда, 3 миллион 563 мың 574 қырғызстандыққа дауыс беру құқығы ұсынылды: осынша адам саусақ таңбасы секілді биометриялық деректерін тапсырған. Жалпы алғанда, бүгін Алатаудың арғы баурайындағы ағайын елдегі барлық сайлаушылардың 50,61%-ы өз таңдауын жасады. Бұл ретте олардың дауысын мейлінше көп жинаудан 17 кандидат үміттенді. Қырғыз ОСК мәліметінше, сайлауға үміткерлер жалпы сомасы 124,7 миллион сом (шамамен 631,3 миллион теңге) шығындаған. Соның ішінде ең көбі 67,2 миллионы – С.Жапаровқа тиесілі. Сонымен, Қырғызстандағы президент сайлауының алдын ала қорытындысы келесідей:
  • Садыр Жапаров – 79,25%,
  • Адахан Мадумаров – 6,69%,
  • Бабыржан Төлбаев – 2,33%,
  • Мықтыбек Арстанбек – 1,68%,
  • Абдил Сегізбаев – 1,46%,
  • Клара Сооронкулова – 0,99%,
  • Аймен Касенов – 0,91%,
  • Улукбек Кочкоров – 0,68%,
  • Қанатбек Исаев – 0,58%,
  • Элдар Абакиров – 0,5%,
  • Курсан Асанов – 0,5%,
  • Бақтыбек Қалмаматов – 0,5%,
  • Равшан Джеенбеков – 0,19%,
  • Қаныбек Иманалиев – 0,18%,
  • Имамидин Ташов – 1,18%,
  • Женишбек Байгуттиев – 0,09%,
  • Арстанбек Абдылдаев – 0,08%,
  • Барлығына қарсы дауыстар – 1,33%.
[caption id="attachment_102166" align="alignnone" width="1200"]Қырғыз елі ©Sputnik.kg[/caption] Дегенмен, бұл сандар ақырғы емес. Өйткені қырғыз Ортсайлаукомы «электронды дауыс беру жәшіктерінің» көмегімен автоматты түрде есептелген бюллетендердің алдын ала қорытындысын ұсынып отыр. Мемлекет басшысын сайлаудың ресми әрі толық қорытындылары тек дауыстарды қолмен санау аяқталған соң ғана жарияланады. Көрші президент Сооронбай Жээнбеков былтырғы қазандағы оқиғалардан кейін тосыннан отставкаға кетуіне байланысты кезектен тыс сайлау өткізіп отыр. Президентті таңдауға қоса, «елді басқару формасына» қатысты референдум жүргізілді. Осы мақсатта елде жалпы саны 2 мың 474 сайлау учаскесі сайлаушыларға екі бюллетеннен таратты. Шетелде жұмыс істейтін қырғыздардың өзге мемлекеттер аумағында (соның ішінде Қазақстанда) орналасқан 48 сайлау учаскесінде дауыс беруге мүмкіндігі болды.