Түркістан облысының екі тұрғыны 2017-2019 жылдары аралығында «Фаворит Инвест Строй», «Азия-Tech» және «Таңшолпан-Нұр» ЖШС-ін үшінші тұлғаларға тіркеу арқылы қылмыстық құқық бұзушылықты ұйымдастырып, оған басшылық ете отырып іс жүзінде жұмыстарды орындамай, қызмет түрлерін көрсетпей, тауарларды тиеп-жөнелтпей жалған шот-фактура жазып беруді жүзеге асырған.
Аталған деректі ҚМ Қаржы мониторингі комитетінің Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеу департаментінің қызметкерлері анықтады, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.
Айыпталушылар контрагент сатып алушылардан белгілі бір мөлшерде сыйақы алу арқылы ұйымдарға салынатын салықты және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді төлеуден жалтарған.
Заңсыз іс-әрекет нәтижесінде мемлекет бюджетіне 7 млрд астам теңге көлемінде залал келтірілді.
Азаматтардың қылмысы ҚР ҚК 28-бабының 2, 3 және 5-б., 216-бабының 3-б., 245-бабы 3-б. сәйкес сараланып, Жетісай аудандық сотының үкімімен азаматтардың бірі 5 жарым жылға, ал екіншісі 3 жылға сотталды.