Елбасымен қатар Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVIII сессиясына қатысып, ҚХА атынан Мәжіліске сайланатын депутаттарға өз дауысын берді. Бұл рәсім Нұр-Сұлтан қаласындағы Бейбітшілік және келісім сарайында өтті. Айтқандай, Ассамблея осымен 4-ші рет өз қалаулыларын ел Парламентіне сайлап отыр. Алғаш рет ҚХА депутаттарының додасы 2007 жылғы 20 тамызда, одан кейін 2012 жылғы 16 қаңтарда, бертінде 2016 жылғы 21 наурызда болды.
ҚХА сайлауы қалай өтті?
Ел арасында «Пирамида» аталатын сарайдың бірінші қабатында таңғы сағат 07.00-де Нұр-Сұлтан қалалық сайлау комиссиясы Парламент Мәжілісіне депутаттарды сайлауға арналған дауыс беру пунктін ашты. Дауыс беру 8-ден өте басталды. Оған республикалық және аймақтық этномәдени бірлестіктердің өкілдерінен құралған ҚХА мүшелері қатысты. Іс-шараны қоғам қайраткерлері, ғылым және шығармашылық зиялылар, Қазақстанда аккредитацияланған халықаралық бақылаушылар, БАҚ өкілдері қадағалады. Келушілердің барлығынан ПТР-тест тапсыру және бойында коронавирус жоқтығын дәлелдейтін анықтама болуы, сондай-ақ бетперде киіп жүру талап етілді. – Сайлау заңына сәйкес, дауыс беру пункті ашылды. Ондағы сайлауком мүшелері дауыс беру құқығы бар ҚХА мүшелеріне сайлау бюллетеньдерін береді. Олардың үстелдерінде үстел нөмірі мен өңірлердің атауы көрсетілген нұсқаулық тұр, – деп түсіндірді Нұр-Сұлтан қаласы бойынша сайлау комиссиясының төрайымы Светлана Телемісова. Бюллетеньдер тек жеке куәлігін не паспортын көрсеткенде ғана табысталды. ҚХА мүшесі бюллетень алғанын растап, тізімдегі өзінің аты-жөні жазылған тұсқа қолын қойды. Осы орайда, дауыс беру құқығын өзгеге жүктеуге немесе өзге адам үшін дауыс беруге тыйым салынды. Сайлаушылар арнайы жабдықталған кабинада таңдауын жасап, бюллетеньді құпия толтырды. Сайлау парағына 9 кандидаттың есімі енгізілді. Дауыс беруші өзі қалаған бірнеше үміткердің тұсындағы квадратқа белгі соқты. Қаламағанының текшесін бос қалдыруы тиіс.Тоғызы да топ жарды
Сағат тілі 11-ге таяғанда Нұр-Сұлтан қалалық сайлаукомы дауыс беру қорытындысын жариялады. Нәтижесінде, додаға түскен 9 кандидаттың бәрі де Мәжіліске өтіп, депутат мандатына ие болатыны анықталды. Оларға «ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты» куәлігін Орталық сайлау комиссиясы тапсырады. Ассамблея сайлауының қорытындысын да ОСК бекітуі тиіс. Айта кету керек, Қазақстан халқы Ассамблеясының кеңесі осы сайлауға 9 үміткерді ұсынды.Тәуелсіздік жылдарының бір белесі
Пирамида пішіндес сарайдың опера залында ҚХА-ның XVIII сессиясы өтті. Жиында ҚХА Төрағасының орынбасары–ҚХА хатшылығының меңгерушісі Жансейіт Түймебаев сөз алды. Ол осы сайлаудың Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойы жылына тұспа-тұс келуінің символдық мәні бар екеніне назар аудартты. «5 қаңтарда ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласы жарияланды, онда бірлік пен келісім мәселелеріне ерекше көңіл бөлінген. Биылғы жылды біз маңызды саяси науқан – елдің жоғарғы заң шығарушы органының депутаттарын сайлаудан бастадық. Бұл қадам қоғамның бірлігін нығайтуға, этностардың мүддесін білдіруге, олардың еліміздің қоғамдық-саяси өміріне қатысуын жандандыруға бағытталған. Бұл қадам БҰҰ, ЕҚЫҰ, басқа да халықаралық ұйымдар аясында Қазақстанның адами өлшемдер, азаматтық және саяси құқықтар саласындағы халықаралық міндеттемелерін орындауымен ұштасып жатыр», – деді Ж.Түймебаев. Ол Ассамблеяның 9 депутаты тек өз ұлтының емес, Қазақстанның барлық этносының, бүкіл халықтың мүддесін білдіретінін еске салды. Ал ҚХА-ның Мәжілістегі депутаттық тобы – елдің татулығы мен бірлігін нығайту мәселелері бойынша партияаралық ынтымақтастықтың парламенттік тетігінің рөлін атқаруы қажет. Жансейіт Қансейітұлының байламынша, Мәжілістің алдыңғы 3 шақырылымына қатысқан ҚХА депутаттық тобы белсенділігімен және заң шығаруға қосқан үлесімен ерекшеленді. Нақтылай кетсек, өткен шақырылымдардағы депкорпуста Ассамблеяның депутаттары 12 заң жобасына бастамашы болыпты, 200-ге жуық заң жобасын қарауға қатысқан. Сондай-ақ заң жобаларына 2 мыңнан астам түзету енгізіп, 226 депутаттық сауал жариялады.