Шымкентте Төлешовке қатысты тағы сот басталды
Шымкентте Төлешовке қатысты тағы сот басталды
247
оқылды

Осыдан төрт жыл бұрын атышулы Тоқтар Төлешовке қатысты сотқа нүкте қойылып, «сыра королі» 21 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Оның  мемлекет алдындағы 1 млрд 300 млн теңге қарызы есебінен бүкіл дүние-мүлкі тәркіленуі тиіс деп сот шешім шығарған-ды.

Алайда атқару парағын алған сот орындаушылары  4 жыл бұрынғы осынау сот шешімін  әлі күнге дейін орындай алмай келеді. Себебі дүние-мүлікке таласушылар көбейді. Шымкентте жыл сайын Төлешовке қатысты жаңа дерек­тер­мен сот отырыстары өтіп тұра­ды. Өткен жылдың өзінде оның жұбай­лары мен қыздары мекеме­ден өздерінің отбасына тиесілі бол­ған қордаланып қалған жа­лақы­ларын ала алмай отырмыз деп сотқа арызданса, артынша жаза­сын өтеп отырған сотталушының өзі «Дархан Group» ЖШС-індегі жалпы жиналыс шешімдерін жарамсыз деп тану туралы талап-арыз жолдады. Себебі серіктестікте өзінің қатысуынсыз жалпы жи­налыс өтіп, дүние-мүлік үшінші тарапқа сатылып кеткен. Бұл кезде сот  заңға сәйкес талап қоюшы жалпы отырыстың шешіміне алты ай ішінде шағым жасау мерзімін өткізіп алғандықтан, талап-арыз­ды  қанағаттандырудан бас тартқан болатын. Енді, міне жуырда Шымкент қалалық Еңбекші аудандық про­куратурасы Еңбекші аудандық со­тына осы жағдайға ұқсас талап-арыз тастады. Прокуратура «Дар­хан Group» ЖШС-ін екінші меке­меге беру туралы хаттаманы және хаттама негізіндегі келісімшартты заңсыз деп тануды сұрап отыр. Еңбекші аудандық сотына өткен жылдың соңғы күндері келіп түскен талап-арыз бойынша соттың алғашқы отырысы 8 қаңтар күні өтті. Сотқа төрағалық етуші Еңбекші аудандық сотының судьясы Қ.Ізбасаров осыдан екі жыл бұрын Төлешовтің мемлекет алдындағы қарызын өтеуі үшін сот «Дархан Group» ЖШС-нің барлық мүлкі мемлекеттің балансына ау­дарылсын деген ұйғарым шығар­ғанын айтады. Алайда бұл ұйға­рым­ға қарамастан серіктестікте жалпы жиналыс өтіп, мекемені сатып жіберген. Прокуратура мұны мемлекетке бермеудің қитұр­қы әрекеті деп бағалап отыр. – «Дархан Group» ЖШС-нің Төле­шовтен басқа тағы да құрыл­тайшысы бар. Ол мүлікті қарыз есебінен басқа біреуге беріп отыр. Ал беріп отырған адамы құрыл­тайшының өзі. Мекеме құрыл­тайшыдан 4 млн теңге көлемінде жалақы қарыз екен. Яғни, құрыл­тайшы 4 млн теңгені өзімнің пай­дам деп есептеп, мекемені толық өзіне аударып, жекешелендіреді. Одан кейін 200 млн теңгеге үшінші тұлғаға сатады. Мүлікте серіктестік меншігіндегі «Арман» бала­бақша­сы мен Сарыағаш ауданындағы жер учаскесі бар. Мұның барлығы да серіктестіктің жалпы жина­лысында шешіліп, хаттама түзіл­ген. Прокуратура осы хаттаманы заңсыз деп тануды сұрап отыр. Бүгінде аталған серіктестікте мүлік қалмаған. Енді біз мұның заң­дылығын қарайтын боламыз. Ал­ғашқы сот отырысы енді бас­тал­ды,– дейді судья Қайрат Ізбасаров. Бүгінде сот орындаушыда серіктестіктің мүлкі мемлекетке аударылу қажеттігі жөнінде атқару құжаты бар. Алайда мүлік мемле­кетке өтудің орнына басқа тұлғаға сатылып кетіп отыр. Иә, мұның барлығы да Төле­шов тергеуде жүргенде сыртынан істелген әрекеттер. Екінші құрыл­тайшы одан ешқандай да келісім алмаған. Демек, мұнда бұрынғы «сыра королінің» қолтаңбасы бар ма, жоқ па әзірге белгісіз. Дегенмен прокуратураның мемлекет мүд­десін қорғап, сатылып кеткен мүлікті даулап отырғаны көңілге қуаныш ұялатады.

Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы