Қаңтардың алғашқы онкүндігінде елорда «сары» және «қызыл» аймақтардың шекарасында тұр. Жаңа жылдық мерекелерден кейін инкубациялық кезең аяқталғанын ескере отырып, коронавируспен ауыратын науқастар саны артып келеді. Бұл — санитарлық нормалардың бәрі бірдей сақталмағанының басты белгісі. Бұл туралы қаланың бас санитарлық дәрігері Сархат Бейсенова мәлімдеді.
«Қазір қала «сары аймақта» орналасқанына қарамастан сырқаттанушылық санының өсуі байқалады. Бұл, бір жағынан, COVID-19 инфекциясына тест тапсыратын адам санының екі есе өсуіне, ал екінші жағынан қала тұрғындарының мерекелік жаңа жыл күндерінде шектеу шараларын сақтамауына байланысты.
Сондай-ақ айрықша атап өтерлігі – дәрігерлерге өздігінен қаралатын халықтың үлесі артып келеді. Бұл тұрғындардың жауапкершілігі жоғары екенін және коронавирус инфекциясының салдарына алаңдайтынын көрсетеді. Өз бетімен ем-дом қолдануға болмайды. Өзін, туыстарын және айналасын қорғау үшін санитарлық нормаларды қатаң сақтап, маска тағу қажет», - деді елорданың бас санитарлық дәрігері Сархат Бейсенова.
Қаланың бас санитарлық дәрігері Сархат Бейсенова коронавируспен ауырғандардың өсуі жалғасқан жағдайда карантиндік қосымша шектеу шаралары қабылданатынын атап өтті.