Бизнестен аузым күйген адаммын
Бизнестен аузым күйген адаммын
489
оқылды
Алтынбек аға, сіз қызметке ерте араластыңыз. Шығармашылық пен басшылық қызметті қатар алып келе жатқан жансыз. Күнделікті тіршілік, ұйымдастыру жұмыстары, түрлі мәселелер сіздің алтын уақытыңызды білдіртпей ұрлаған жоқ па? Әлде жауапкершілікке, уақытты тиімді пайдалануға үйретті ме? – Уақыт, оның үстіне өзің айт­қан­дай ертерек қызметке араласу жауапкершілікке, неғұрлым тың­ғылықты болуға үйретеді екен. Ме­нің бір қолымда домбыра, бір қолымда папка жүрді. Екеуін де тиімді пайдаланған сияқтымын. 1973 жылы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын бітіріп, Жамбыл (Тараз) қаласына бара салысымен қызметке ара­ласып кеттім. Келер жылы «Ала­тау» ән-би ансамблін басшылыққа алдым. Содан бері бұйырған қыз­метті атқарып келеміз. Бұл менің шығармашылығыма кедергі кел­тірді деп айта алмаймын. – Халық қалаулысы болып, ел­дің алдында жүргісі келетіндер көп. Өз жерлестеріңізден бірнеше рет осын­дай ұсыныс болса да, сіз бас тарт­қан екенсіз. Бұл сіздің шығар­машылықты бәрінен жоғары қой­ғаныңыз ба, әлде саясатқа қырыңыз­дың жоқтығынан ба? – Дұрыс айтасың, саясатты онша қаламайтыным рас. Өнер деген өзінше бір әлем. Осы салада басшы болып жүргеннен кейін соңымыздан ілесіп келе жатқан өнерлі жастар жоғары шыңнан көрінсе деп ойлаймын. Сол себепті депутаттықтан да, басқа да үлкен қызметтерден де бас тартқаным рас. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы елордаға қызметке шақырды. Өнер саласы да оңай дүние емес, оның да өзіндік қыр-сыры бар. Өз жүрек қалауым осы өнер өлкесі болды. Шығармашылыққа шын­дап бет бұрғанда ғана оның биік шыңына жете аласың. – Парламент әншілердің фоног­раммамен ән айтуына тыйым сала­тын заң жобасын мақұлдады. Нағыз әншілердің іріктелетін кезі кел­гендей... –1989 жылы Алматыдағы Рес­публика сарайында бес күн қа­тарынан концерт қойдық. Бесеуі де аншлагпен өтіп, көрермендер  би­лет таппай қалды. Бұл менің жұл­дызды шақтарымның бас­тал­ған кезі еді.  Әндерімді де жұрт танып қал­ған. Мейрамбек Бес­паев, Қарлығаш Қожағазина, Айт­күл, Қанат Құдай­бергеновтер, Мақ­пал Жүнісова, Жанар Айжан­ова және өзім жеті домбырамен шығып ән айттық. Содан бері үнемі жанды дауыста кон­церт беріп келемін. Бұл – әлем­де болып жатқан жағдай. Осыдан 10 жыл бұрын «МузАРТ» триосын Қытайға алып бардым. Одан кейін Мейрамбек Беспаев екеуіміз Алтай өңірінде, Үрімші жақта 15 авторлық концертімізді бердік. Эстрадалық оркестрімізді алып барып, дом­бырамен концерт қойдық. Бәріміз осыған ыңғай­ланып келеміз. Заң қабылданды. Індет аяқталғаннан кейін концерт беретін әншілердің бәрі жанды дауыспен ән салуға міндетті. Заңда «Кімде-кім фо­нограммамен айта­тын болса, ол ха­барлауы тиіс» деген жеріне мен келіспеймін. Тек жанды дауыс дедік пе, солай болуы тиіс. Кино, бейнебаянға түсетін болса, онда әңгіме басқа. Жанды дауыспен айтуды баяғыдан талап ету керек еді, сонда кімнің нағыз талант екені өз-өзінен іріктеліп шығады. – Барлық шығармашылық ұйым­ның бас қосып, ақылдасып оты­ратын  бір ортасы бар. Қазақ ком­позиторларының басын бірік­тіретін не? Композиторлар одағы­ның жағдайын естігенде Еркеғали Рахмадиев ағамыз қатты күйінген екен... – Еркеғали ағамыз осы жағ­дайды естігенде «Қайран еңбегім-ай, менің 21-22 жыл бойғы ең­бегімді талан-таражға салды ғой» деп еңкілдеп тұрып жылады. Тау­түргенде Композиторлар одағы­ның үйі болған. Ол жерде 12 кот­тедж бар еді. Кейін келген бас­шылар оның бәрін сатып, жоқ қылып жіберді. Тіпті, ондағы рояльға дейін арзы­маған ақшаға сатылып кетті. БАҚ-қа жиі сұхбат беремін. Сон­да жағдайды барынша айтуға тырысамын. Қазір ұйымдасып, ақылдасып отыратын ешкім жоқ. Алдымыздағы Ескендір Хасан­ғалиев ағамызбен анда-санда жо­лық­қанда жағдайды айтып қын­жылатынымыз рас. Жақында со­ңымыздан келе жатқан бір ком­позитор інім хабарласып, «Аға, пандемия кезінде 40 ән жаздым» деді. Негізі, бір жылға жетпейтін уақытта осыншама ән жазу деген мүмкін емес. Мен бір әнді 10 жыл жазуым мүмкін. Қазір 70-тен астым, жалпы әнімнің саны әрі кетсе сол 70 шығар. Негізі, бес-алты әнім халықтың құлағында қалса, өзімді бақытты композитор санар едім. Қатарластарымыз азайып келеді. Өзімізден кейінгі толқыннан Арман Дүйсенов, Арман Бек­сұлтан, Марат Омаровтардың тамаша ән­дері бар. Роза Әлқожа қарын­дасымыздың әндеріне ризамын. Жүректен шығарып, қазақтың ән ырғағын бұзбай, ха­лыққа жаңа әндерді әдемі ұсынып келе жатқан Розаның әндерін жалықпай тыңдаймын. – «Сағындым Алматымды» әніңізді Ресей Федерациясының халық әртісі Валентина Толкунова айтқанынан хабарымыз бар. Әнді кім ұсынды? Өзге тілде орындалған, танымал болған басқа да әндеріңіз бар ма? – «Сағындым Алматымды» – 1974 жылы жазған ең алғашқы үш әнімнің бірі. 1982 жылы Валентина Васильевна Жамбыл облысына әнсапармен келді. Концерттің арасында қазақ үйде ол кісіні күттік. Сол жерде «Жолдас дирек­тор, сіз композитор екенсіз, ән ай­тыңызшы» деп өтінді. «Сағын­дым Алматымды» әнін айттым. Ән ол кісіге бірден ұнап, бірнеше рет айтқызды. «Өтініш, әніңізді маған сыйлаңызшы. Осы әнді орын­дағым келеді» деді. Сол жерде Давид Ашкенази нотаға түсіріп алды. Осы кездесуден кейін бір күні жұмыста отырсам, «Алтынбек Қоразбайұлы, бүгін Қаратау қаласында концерт қоямыз. Сіздің әніңізді де орындаймыз» деп айт­ты. Валентина Толкунованың орындауындағы әнді халық өте жылы қабылдады. 2006 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қытайға ресми сапармен барды. Мұхтар Құл-Мұхаммед телефон соғып «Алтеке, тыңдашы, бұдан артық бақыт бар ма?» дейді. Ар жағынан қытай тілінде орын­далып жатқан «Үш­қоңыр» әні естіліп тұр. Өкінішке қарай, осы әнді кім орындағанын біле ал­ма­дым. Қырғыздың ел әртісі Саламат Садықова, басқа да әншілері менің әндерімді үнемі орындайды. – «Әнін сатқан адам ішіндегі баласын сатқанмен бірдей» дегеніңіз бар. Қазіргі композиторлар әнді де бизнес көзіне айналдырып алды. Концерт беру, елдің алдында сәнді киініп, әдемі болып жүру – бәрі де ақшаға келіп тіреледі. Сізге табыс қайдан келеді? – Ол рас, еш уақытта ән сатып көрген жоқпын. Менің гонорарым өте жоғары. «Қазақконцерттің» Алматы қалалық филиалының ди­ректоры ретінде айлық аламын. Құдайға шүкір, зейнетақым бар. Анда-санда авторлық концерт­терімді беріп тұрамын. Табыс көзі – осы. – Қолынан келетіні бар, кел­мейтіні бар бизнесте өз бағын сынап көргісі келетіндер көп. Ел алдында абыройыңыз бар, жұрт таниды. Сіздің де осы салада талаптанған кезіңіз болды ма? – Бизнес менің қолымнан кел­мейтініне көзім жетті. Кезінде банк­ке миллиондап қарыз болып, күйіп кете жаздаған едім. Қазақы жүре­гім­мен, әнім халыққа жақ­қаннан кейін банктегі жігіттер сол қарыз­ымды жауып берді. Бұл 1993-1994 жыл­дар болатын. Осы өнерде жүрген жігіттердің сөзіне сеніп қалып,  қатты ал­дандым. Инфляция да шарықтап тұрған кез еді. Не іс­терімді біл­медім. Сол банктің бас­шысы Сауат Мыңбаев ба­уырым: «Алтын­бек аға, менің әке-шешем сіздің әндеріңізді өте жақсы көреді. Дом­быраңызды тартып, әніңізді айтып жүре берсеңізші. Бизнесті қо­йыңыз, сізге жарас­пайды екен» деп, сол қарызымды жауып берді. Туыс­тарға, таныс­тарға өз атымнан несие алып беріп, ақырында соны қайтарып ала алмаған кездерім болған. Оның алдында мал да алып көр­гем. Осындай жағдайдан кейін бизнес дегенге жоламайтын бол­дым. Ал шоу-бизнес дегенің өзі­міздің сала ғой. – Алматыдағы «Алтынбек Қораз­баевтың «Алтын домбыра» өнерге баулу мектебі» жұмысын қашан бастайды? – Жұмысымызды әне-міне бастағалы отырмыз. Пандемияға байланысты біраз жұмысымыз тоқтап қалды. Қалалық әкімшілік өкілдері, қалалық Білім басқар­масының басшысы Ләззат Жыл­қы­баева келіп көрді. Бұл жерде барлық пән оқытылады. Сонымен қатар спорт пен өнерге бейім балалар білім алады. Күйсандық, ән, көр­кем­сөз, би, таэк­вандо үйірмелері ашылады. Бұл жеке­меншік мектеп болады. Ақылы мектеп болғанымен, барын­ша көпшілікке қолжетімді болу жағын қарастырамыз. Мектеп ашқандағы мақсатым – дарынды балаларға жол көрсету, өнерге баулу. – 70 жылдық мерейтойыңыздың қарсаңында «Алтын күзім, ар­мысың» деген концерт бердіңіз. Күз – берекелі маусым. 70 жас  –адам­ның ақыл-ойы толысқан, кемеліне кел­ген кезі. Осы кезде шығарған қандай әніңіз сіздің ерекше көңіл­іңізден шықты? – Тура сол кезде үлкен ән шы­ғар­ған жоқпын. Дегенмен кейінгі онжылдықтың көлемінде шыққан екі-үш ән орындалды. Соның бірі – Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған «Таудағы көктем» әні. Негізі, уақыт елегінен өткен, халық­тың ықыласына бөленген «Сағындым Алматымды», «Үш­қоңыр» сияқты ретро әндер орын­далды деуге болады. – Нағыз мықты әндерді сарап­тап, көпшілікке ұсынатын көркемдік кеңес керек екені айтылады да, бірақ осы жүйе қалыпқа түсе алмай келеді. Көркемдік кеңестің қатаң сынынан өткен сіздер де оның керегін жоққа шығармайтын боларсыздар? – Осыдан 20 жылдай бұрын қазақ телерадиосы көркемдік кеңес құрды. Оның ішінде Исраил Сапар­бай, Әбдірахман Асылбек сияқты белді ақындар, компо­зиторлардан Ескендір Хасан­ғалиев, Кеңес Дүйсекеев және мен, Роза Рымбаева бастаған бір қауым әнші осы көркемдік кеңеске мүше болдық. Неге екенін біл­меймін, қазір оларда көркемдік кеңес жоқ. Радионы қоса қалсаң не сөзі келіспеген, не сазы үй­леспеген әндер айтылады. Қолын­да билігі бар азаматтардың құла­ғына алтын сырға, үлкен теле­радиоларда көр­кемдік кеңес жұмыс істемесе болмайды. – Шығармашылықпен қоса қызмет те атқардыңыз, шәкірт те тәр­биеледіңіз. Өткенге көз жүгірт­кенде көңіліңіз толатын қай ісіңізді атар едіңі? – Иә, шығармашылық, қыз­мет, шәкірт тәрбиесі өз алдына бөлек әңгіме. Одан басқа, ақшам болып, жұмысым жүріп тұрған кез­де бітір­ген, риза болатын шар­уам – өзім туып-өскен Жамбыл облысының Меркі ауданында өз қаражатыма «Қара кемпір» әнім­нің желісі бо­йынша 1993 жылы ескерткіш тұр­ғызғаным. Бұл – Ұлы Отан соғы­сына аттанып, сол күйі оралмаған қос ұлын өмір бойы жоқтап өткен Қали апамызға, майданда ұлдарын жоғалтқан басқа да аналарымызға арналған ескерткіш. Биіктігі 4 метр болатын ескерткіш бетоннан құйылып, төртбұрыш тұғырдың үстіне орнатылған. Ескерткіш Қали апамыз малын жайып жүрген үш ауылдың ортасында тұр. Бұл ескерткіш – Меркі ауданының сим­волы. Үйленген жастар, шет ел­ден келген қонақтар ескерткішке барып, тағзым етіп, гүл шоқтарын қояды. Аудан әкімі Мейірхан Өмір­беков өткен жылы ескерт­кішті то­лық жөндеуден өткізіп, маңына 120 түп ағаш отырғызды. Әкім бюд­жеттен ақша бөліп, сол ескерткішті күтіп-баптап ұстап отыр. Жылда бір мектепке табыстап, ағаштардың түбін ақтап, жан-жағын тазалап отырады. – Aiqyn газеті оқырмандарына қандай тілек айтасыз? – Бұл – еліміздің түкпір-түк­піріне тарайтын, оқырманы көп және сол оқырманның ықыласына бө­ленген газет. Осы басылымды шы­ғарып отырған ұжымға шығар­машылық табыс тілеймін. Оқыр­мандарға айтарым, келген жыл берекелі болсын! – Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ