Бүгін «Талдықорған – Қапал» автожолының 59-шақырымында Көшкентал ауылының маңында қар құрсауында қалған 4 жеңіл автокөлікке көмек көрсетіліп, жолаушылар құтқарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат
«Ауа райының нашарлап, бұрқасын дауыл соққанына байланысты төтенше жағдай қызметімен бірлесіп, қауіпті жол учаскелерінде алдын алу шараларын ұйымдастырдық. Боранда қалу жағдайларын тексеру барысында жолда қалған 4 көлік анықталды. Көліктегі 11 адамға, оның ішінде 4 балаға көмек көрсетілді. Оларды жылытып, көліктерін қауіпсіз аумаққа шығаруға қол ұшын бердік. Жолаушылар жақын маңдағы Ақын Сара ауылына жеткізілді»,– деді облыстық ПД Әкімшілік полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Дәулет Молдаханов.
Полицейлер жүргізушілердің жолға шықпауын ескертіп, дабыл қағуда. Облыстағы барлық жолдардағы қауіпті аумақтарда жол сақшылары тәулік бойы кезекшілік ұйымдастыруда.