Құтқарушылар үйінді астында қалған кеншінің денесін жер бетіне алып шықты. Бұл туралы КТК арнасы хабарлады. 37 жастағы Николай Шадиров метан газы жарылғанда кеншілермен бірге қашып шығып үлгермеген.
ТЖМ Қарағанды облысындағы өндірістік қауіпсіздік департаментінің бастығы Кеңгірбай Есенеев: «Машинистің көмекшісі Мұхтахов пен кенші Изячин апат болған сәтте жоғары қарай қашып үлгерген. Шадиров ұңғымадан шыға алмай қалған», – деді.
Ал 52 және 23 жастағы екі кенші газға тұншыққан. Жағдайы орташа, үш күннен соң үйіне шығарылады. Ал газ атылғанда үйінді астынан шыға алмаған Николай Шадировтың денесін құтқарушылар түстен кейін ғана тапты. Соңында кәмелетке толмаған екі баласы мен жары қалды. Марқұм шахтада 16 жыл жұмыс істеген. «АрселорМиттал» компаниясы оның отбасына заңнамаға сәйкес, өтемақы төлейтінін хабарлады.
Шахтада апат 13 қаңтарда кешкі сағат 9-дар шамасында болған. Апаттан соң жер астындағы 136 кенші шұғыл түрде шығарылды. Қазір кен орнының жұмысы уақытша тоқтады. Арнайы комиссия апат себебін анықтауға кірісті.