Жаңа заң білім мазмұнын өзгерте ме?
Жаңа заң білім мазмұнын өзгерте ме?
225
оқылды

Мемлекет басшысы қа­шық­­тан оқыту туралы заңға қол қойды. Заңның мақсаты – білім беру процесін одан әрі жетілдіру. Негізіне келсек, қашықтан оқыту мәселелерін реттеуге, қосымша білім бе­руге және оқулық пен оқу-әдіс­темелік кешендердің са­па­сын арттыруға күш сала­ды. Демек, қашықтан оқыту түсінігі заңмен бекиді. Мұны­мен не ұтамыз, не өзгереді?

Жаңа жылдағы басты жаңа­лық – қашықтан оқыту ұғымы бекіп, оқу процесі жүргізу тәртібі нақты­ланды. Бұл «Қазақстан Республи­касының кейбір заңнамалық ак­ті­леріне білім беру мәсе­лелері бо­йынша өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы» заңына негізделді. Қашықтан оқыту ұғы­мын заңмен бекіту жайын депу­тат­тар 2020 жылдың күзінде тал­қыға салды. Парламент Мәжілісі осы мә­селені екінші оқылымда мақұлдап, басым бағыттарын анықтаған-ды. Кейіннен Сенат депутаттары да сенім білдіріп, Президент құзырына өт­кізген. Сонымен, заң нені құнттайды? «Оқулықтардың, оқу-әдісте­мелік кешендердің құрылымы мен маз­мұ­нына қойылатын талап­тарды белгілеу, мек­тепке дейінгі тәрбие мен оқы­тудың, бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім берудің үлгілік оқу жос­парына, үлгілік оқу бағдарлама­ларына са­раптама жүргізу және оларды сы­нақтан өткізу ұсынылады. Шетелдік білімді және біліктілік шетелдік дипломның балама­лығын анықтамай-ақ тануға мүм­кіндік беретін «білім туралы құ­жат­тарды нос­трифи­ка­циялау» рәсімін «білім туралы құ­жаттарды тануға» ауыстыру көзделіп жатыр» деген еді Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Әбдіманап Бектұрғанов

Қашықтан оқытудың пайдасы зор

Заң жайында сөз қозғағанда «не өзгереді?» дейтін сұрақ туа­ды. Алдымен білім беру ұйымдары қашықтан оқуға уақытша құбылыс ретінде емес, маңызы бар дүние ретінде қарайды. Бұл – оқушылар мен студенттердің шетелде білім алуына, ел ішіндегі қосымша білім беретін ұйымдарға бармай-ақ оқуы­на жол ашады. Төтенше жағ­дай тұсында Білім министрлігінің Duolingo сияқты қосымшалардың сертификатын қабылдағаны есі­міз­де. Демек, қай жерде, қандай жағ­дайда білім алғаның маңызды емес, бастысы – нәтиже. Ал бұл елі­міздегі білім жүйесін түбегейлі өзгертері анық. білім Қашықтан оқыту – заман­ауи білім беру жүйесінің болашағы. Шетелдік универ­ситет­тер мен кол­ледждерде қашықтан білім алу бая­ғыдан бар. Ал елімізде өткен жыл­дан бастап нақты тә­жірибе жүзінде сынақтан өтті. Осы тұста студенттердің көпшілігі мұн­дай форматты қолдайтынын жет­кіз­ген. Оларға білім алумен қатар жұмыс істеуге мүмкіндік туатыны тиімді. Әрі онлайн курстардың көбейген шағын­да қыз-жігіттердің алыс-жақын шет­ел­дерден серти­фи­кат жиып жатқаны бар. Мәсе­лен, кейіп­керіміз Ақжол Берікұлы АҚШ университеттерінің бірінен сер­тификат алған. Оған бұдан бұ­рын жұмыс орны серти­фикат­ты АҚШ-қа барып, тәжір­ибеден өт­кен соң алу қажетін айтқан екен. «Сәтін салып, пандемия ке­зінде өзі­ме қажет сертификатқа қо­лым жет­ті. Университет сайты тия­нақ­ты жасалған. Қалаған уақытыңда кіріп, сабақты қарап, түсінбеген тұсыңды оқытушыға сауал ретінде жолдайсың. Мұндай мүмкіндіктің елімізде де болғанын қалаймын»,– дейді ол. Одан кейін кейіпкеріміз «ЖОО-дан кейінгі екінші, үшінші мамандық игеруді қашықтан білім берумен байланыстырса» дегенді айтып қал­ды. Өйткені жұмыс іс­тей­тін, кәсібі бар азаматтар табыс табудың жаңа көзін ашуға, мүм­кін­дікті сынап көруге құмар.

«Білім мазмұнына өзгеріс әкеледі»

Білікті мұғалім Ақмарал Шатемірқызына қашықтан оқы­ту­ды заңмен бекіту жайын айтқа­нымыз­да, биліктің осы тармақ жа­йын­да нақты міндеттерді жария­лауын сұрады. «Мектептің бәрін жекеменшікке айналдырып, тегін білім беру орда­ларынан айырылып қалмайық. Енді қашықтан оқыту пандемия кезіндегі білім беру құ­ралы ретінде қала ма, әлде түпкі­лікті қолданысқа ене ме? Әлде, тек инклюзив білім берудің көзі бола ма?», – дейді ол. Педагогтің сөзіне мән берсек, мұғалімдердің ойы екі­ұшты. Олар министрліктің бағыт сілтеп, түсіндіруін сұрап отыр. Ал қоғам белсендісі Дана Рау қашықтан оқыту түсінігін заңмен бекітудің мектепке берері барын айтады. Қашықтан оқыту өзара қарым-қатынасқа, интеллек­туал­ды-танымдық қасиеттердің дамуы­на, оқыту мен оқу ресурстарына қойыла­тын талаптарға, белсенді іс-қимыл әрекеттеріне әсер ете­тінін түсіндірді. «Президенттің айтуынша, оқу­лық­тың сапасына қойылатын та­лап­тар өзгереді. Менің ойымша, са­па­сы өз алдына, жалпы оқу­лық­тың маз­мұнына талап өзгереді. Қа­зіргі бала­лар ақпаратты аудио-визуалды қа­был­дайды. Яғни, тео­риялық маз­мұнынан гөрі  визуалды мазмұнына мән береді. Сол себепті мульти­медиалы, цифрлы құрыл­ғыларға сұ­ра­ныс артады. Оқулық тек нави­гаторлық (сілтемелі) рөл атқаратын құралға айналады. Қа­шықтан оқы­тудың өзі о бастан сон­дай талап қо­йып отыр. Заң тек құ­жат қана. Әдет­тегі өмірдің өзі ешқандай қағаз заңы­на бағынбай, «өз заңдылық­тарын» орнатады. Тіпті, жалпы білім мазмұны да әбден өзгеруі ғажап емес »,  – дейді Дана Рау. Ұстаздардың пікіріне зер сал­сақ, қашықтан оқытудың маңызын түй­сінген бір бөлек, оны заң тұрғы­сы­нан қарап, білім мазмұнымен ұштастыру бір бөлек. Алда орасан зор жұмыс күтіп тұр. Жоғарыда айт­қандай, сапа талап етуден бұ­рын заң жүйесінің заманмен қа­быс­қаны керек.

  Айзат АЙДАРҚЫЗЫ