Британдық штамм бізге де жете ме?
Британдық штамм бізге де жете ме?
225
оқылды

Қазақстанның 14 өңірінде коро­навирустың 140 түрлі жаңа штамы анықталды. Олар Германия, Ис­пания, Украина, АҚШ және Қытай­дан елге жетіп, әбден мутация­ланған. Бұл – Денсаулық сақтау министрлігінің ресми мәліметі. ДСМ-ның Санитарлық-эпиде­мио­логиялық бақылау комитетінің ресми өкілі Ержан Байтанаев COVID-19 індетінің аса қауіпті бри­тандық штамының елге жетуі мүмкін екенін де жоққа шығармады.

Жаңа вирус таяп қалды

Әзірге 14 қаңтардағы жағдай бо­йынша Қазақстанда британдық штамм жұқтырған сырқат тіркелген жоқ. Ко­митеттің сендіруінше, елде әшкереленген және зерттелген өзге вирус түрлері бір-бірінен көп ерекшеленбейтін болып шықты. «Нәтижесінде, қандай штамм айна­лымда жүргеніне қарамастан, тиімді бір вакцинаның өзі оның кез келгенінен қор­ғай алады. Алайда Ұлыбританияда табылған және мутацияланған коро­навирустың елімізге келуін мүлдем жоққа шығаруға болмайды. Себебі шетелден вирустың өзге түрлері енуі ықтимал», – деді Е.Байтанаев. Жаһандық пандемияның жаңа толқынын тудыруға қауқарлы жаңа вирус ел іргесіне таяды. 2021 жылғы 10 қаңтарда көрші Ресей COVID-19 британдық штамын жұқтырудың бірінші дерегі тіркелгенін хабарлады. Ол «тұманды Альбионнан» оралған ресейлікпен ере келіпті. КВИ-дің жаңа нұсқасы 2020 жылдың желтоқсанында әлемге жайыла бастады. Алғаш рет Ұлыбритания корольдігінде тіркелгендіктен, ақпарат құралдары да оны осы елдің атымен атап кетті. ДДСҰ оған коронавирустың MERS-CoV-2 VI 2012/01 немесе VOC-202012/01 түрі деген атау беріп отыр. Жаңа штамды зерттей келе, Дүние­жүзілік денсаулық сақтау ұйымы «оның бұған дейін белгілі болған коронавирус инфекцияларына қарағанда 50-70%-ға жылдам жұғатынын» мәлімдеді. Көршіде азаматтардың саламат­тылығына жауапты федералдық қызмет – «Роспотребнадзор» басшысы Анна Попова мұндай мәліметтер қатты алаң­даушылық туғызатынын жеткізді. Ол екі маңызды жайтқа назар аудартты: біріншіден, қазір қол­данылатын ПТР-тесттер бұл ви­русты да анықтай алады. Екін­шіден, КВИ-ге қарсы тиімділігін паш еткен вакциналар жаңа штам­нан да қорғауға қабілетті. ДДСҰ ақпараттық эпидемио­логиялық бюллетенінде атап өтіл­гендей, бүгінде британдық штамм әлемде кем дегенде 41 елге қанат жайып үлгерген. Олардың ара­сында шы­ғыс көршіміз Қытай, сондай-ақ Түркия, АҚШ, Тайланд, Грекия, Кипр және басқасы бар.

Әлем жаңа штамның құрсауында

Лондон университетінің эпи­демиология жөніндегі аға оқыту­шысы Дипти Гурдасани жаңа штам­ның балалар үшін қауіпті екеніне назар аудартты. Соның кесірінен Ұлыбританиядағы ахуал ушы­ға түсуі мүмкін. Бұрын­ғы­лардан айыр­машылығы сол бри­тандық вирус 19 жасқа дейінгі балалар мен жас­өспірімдерге де анағұрлым көп жұғады. Осы жас тобын кең жай­ласа, онда VOC-202012/01 балалар арқылы ересек­терге де көбірек жұға бастайды. Тиісінше, бұл індеттің жедел қар­қынмен тарауына, сырқат­тардың көбірек қайтыс болуына соқтыруы ғажап емес. Жаңа вирус негізінен Батысты дүрліктіруде. Лондонда локдаун жарияланды. Еуропа елдері ең басты мейрам саналатын Рож­дество мен Жаңа жылды кең ау­қымда тойлат­пады: дүкендерді, ойын-сауық ме­кемелерін, сауда орталықтарын, му­зей­лер мен кино­театрларды жауып, мере­келеуді отбасы ауқы­мымен шек­теді. Ұлы­британияның үкімет басшысы Бо­рис Джонсон жаңа стати­стика­лық деректерге жү­гіне оты­­рып, тек Ан­­­глияның өзінде вирус жұқтыр­ғандар саны еселеп артып жатқа­нын мәлімдеді. Мыса­лы, 2020 жыл­­­­­­­дың күзінде бұл елде күн сайын COVID-19 індетін жұқ­тырған адам­дардың саны 35 мыңға жетті. Оның алдында екі еседей аз болатын. Ал 2021 жылғы қаңтардың ортасына таман бұл тәуліктік көрсеткіш 47 мың­­нан асып отыр. Ауруханалар сырқатқа аузы-мұрнынан шыға толған соң Ұлы­британия амалсыз карантинге жүгінуге мәжбүр болды. Ұқсас шаралар өзге елдерде де енгізілуде. Германия 16 желтоқ­санда жарияланған қатаң ка­ран­тинді 10 қаңтарда жоймақ бол­ған, енді жаңа індетке бола 31 қаңтарға дейін ұзартты. Британдық штамнан үрей­лен­ген Нидерланд қатаң каран­тинді 9 ақпанға дейін енгізді. Аустрияда қатаң локдаун 26 жел­тоқсанда қа­­был­­­­­данған-тын. Оның қашан аяқ­талары белгісіз. Ита­лияда жал­пы­ұлттық карантин іске қосылды: ел жұқтырғандар санына қарай аймақ-зоналарға бөліп тас­талды. Қызыл аймақта – комен­данттық сағат ен­гізілген. штамм Еуропадағы COVID-19 бірінші және екінші толқынында каран­­­тинге жүгінуден үзілді-кесілді бас тартқан бір ел – Швецияның өзі 2021 жылғы 8 қаңтарда шұғыл түр­де пандемия туралы заң қабылдады: ол үкіметке бизнес нысандарына дейін жауып тастау секілді қатаң шара қа­­былдауға өкілеттік береді. Дүниежүзінде коронавирус жұқ­тырған адамдар саны 93 мил­­лионға жуықтады. Тоқтайтын түрі жоқ.

Вирус түрі – жаңа, күрес тәсілі – ескі

Мемлекеттік бас санитарлық дәрігер Ерлан Қиясов Қазақстанда эпидемиологиялық жағдай нашар­лағанын мәлім етті. Карантиннен шаршаған халық шектеулерге нем­­құрайды қарайтын болған. Мы­салы, сауда орындары, дәм­хана-мейрам­ханаларда бетпердесіз жүр­ген адам­дар көбейді. Сал­дары­нан Қа­зақстан тәуекелі төмен «жа­сыл» аймақтан орташа қауіпті «са­ры» аймаққа ауысты. «Қостанай және Ақмола об­лыстары орташа қауіпті сары ай­мақтан қызыл аймаққа ауысты. Қазір тәуекелі орташа немесе сары аймақта Алматы мен Нұр-Сұлтан, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Аты­рау облыстары тұр. Соңғы айда Батыс Қазақстан облысы жасыл аймақтан сарыға көшірілді. Қалған өңірлер жасыл аймақта», – деді Е.Қиясов. Дегенмен дүрбелең байқал­май­ды. Коронавируспен күреске бөлін­ген төсек-орынның 30%-ы немесе 5 732-сі төсекте науқас ем­деліп жатыр. Реанимациялық тө­сек­­­тердің 20%-ы (357 төсек) бос емес. Бір жақсысы, өткен жылдан бері пандемиямен тегеурінді кү­ресіп, біраз тәжірибе жинаған, жаттыққан жауапты қызметтер жаңа штамға әзірше лайықты тос­қауыл қоюда. Мысалы, шетел­ден елге кіретін барлық адамнан коро­навирусқа тексерілгенін және одан ада екенін растайтын анық­тама талап етіледі. Онысы болмаса, 3 күнге карантинге жабылады. Яғни, ағылшын штамын шекарада әш­керелеуге және сыр­қатты дереу оқ­шаулауға мүм­кіндік мол. Әйт­песе, 2020 жыл басында жат­жұрт­тардан ұшып келген жолау­шылар әуежайларда қызуын да өлшет­пестен өз ауыл-қалаларына тарап кететін. Сөйтіп, елге SARS-CoV-2 енген. Пандемия басталғалы Қа­зақ­станда 5 миллионнан астам зерттеу жүргізілді. Күн сайын зертханаларда 40 мыңға дейін тест жасалады, тәулігіне 100 мыңға жуық зерттеу жүргізу әлеуеті бар. III тоқсаннан бастап, елде оқыту форматы өзгертілді: мектеп бітіретін 9, 11, 12-сыныптар үшін ара­лас оқытуға ауысты. Кол­ледждер мен жоғары оқу орын­дарының І курс студенттері үшін оқу жылы­ның екінші семестрінен бастап штаттық оқытуға рұқсат етілді. Е.Қиясовтың байламынша, егер қазақстан­дықтар бетперде кию, санитайзерлерді пайда­­лану сияқты барлық сақтық шараларын сақтаса, індет алапат ауқым ал­майды. «Англияда анықталған коро­навирустың жаңа штамы Аустра­лия, Дания, Италия, Исландия, Нидер­­ланд, Ресей және басқа­­­сын­да анық­­талды. Алдын ала деректер бойынша атал­ған вирус жастар арасында белсенді таралуда. Бізде індетті зерттеу жалғасуда. Қа­зақ­станда вирустың бұл типі әзірге анық­талған жоқ. Вирустың ауамен, тамшымен (түкірік, тер) берілетінін ескерсек, жаңа штамның елімізге де келуі қаупін жоққа шығаруға бол­май­ды», – деді мемлекеттік бас сани­тар дәрігер. Оның айтуынша, ұсыным өз­герген жоқ: қазақстандықтарға қонаққа бармауға және қонақ ша­қырмауға, жеке гигиена және рес­пи­раторлық гигиена ережелерін сақ­тауға, қоғам­дық орындарда ал­шақтықты ұстануға, медици­налық бетперде тағуға, анти­септиктер қол­­дануға кеңес беріледі.

АйханАйхан ШӘРІП