Баяу Мұса...
Баяу Мұса...
458
оқылды

Ол ұялшақ... Иә...Иә... Дұрысы, оның бойында ішкі тәрбие, яғни әкенің қанымен, ананың сүтімен даритын тәртіп бар. Жалпы, Мұсақожа асықпай-аптықпай, абыржымай жайбарақат жүретін жан. Әсіресе, тұрмыс жағдайына байланысты ол әкімдердің алдына барып, үй сұрап немесе орден, медаль, атағы жоғын айтып, жылап-сықтап, болмаса «үй салуға жер беріңіз» дейтін адам емес. «Бұйырғанын көрерміз» деп  жүре беретін актер. Алайда Мұсаға «осы ауылда пәлен деген өзен бар, онда балық бар» деп айтса болды. Ол таңғы 3-4-те сол жерде болады. Оған балыққа бару – үлкен бақыт, зор қуаныш. Ол осы кезде өзімен-өзі оңаша қалады. Ойға батады.

Мұсақожа сахнаға шыққанда дауысы гүрілдеп, үлкен көздері бақырайып, бажырайып, бойы сорайып кеткендей болады. Қазақ мұндайларды «арқасы бар» дейді. Мұсақожа Әжібеков Б.Римова атындағы Алматы облыстық дра­ма театрының әртісі. Оның 45 жыл­дық сахналық ғұмырында ойнаған рөлдері 100-ден асып кетті. Мұсақожа сондай. Рөл таң­дамайды. Қазақ театрының да «кәсіби» аурулары баршылық. Мысалы, егер актер «еңбек сіңір­ген қайраткері» деген атаққа ие болды ма, әлгі «әртіс мырза» тек басты рөлді ойнайды. Массовка тұрмақ, эпизодқа трактормен тартып сахнаға шығара алмайсыз. Себебі ол – «қайраткер». Яғни, әлгі кісі ескерткішке, мүсінге ай­нала бастайды. Маңайына ақыл айтып, планерка-лездемеде орын­ды, орынсыз пікір білдіріп, «қай­раткерлік нұрын» маңайына төге бастайды. Ал Мұсақожа ондай емес. Жанына қатты батпаса сөй­лемейді. Ешкімге ешқашан ақыл айтқан емес. Оның бар білетіні, берілген кез келген рөлді ойнай береді. Барын салып, жанын са­лып ойнап шығады. Былтыр аяғы шорт сынып, жүрмек түгілі, түре­геп тұруы да мұң болғанда Мұса екі күн сахнада болды. Иә, бұл – жанкештілік... Киелі сахнаға деген құрмет, сыйлағандық, сүй­гендік. Алайда Әжібековтің осындай «ерлігін» елеп жатқандар шамалы. Осындайда Назым Хик­меттің «Елеусіз қалған есіл ер» деген пьесасы еске түседі. Мұса ол спектакльде ассистент болып ой­нады. Қазақ өнерінің дара актері, дана актері Нұрмұхан Жантө­риннің партнері болды. Мұсаның ол рөліне көрермен де, театр мамандары да, әсіресе Нұраға қатты риза болған. Сол спек­такльде «Аз да болса айбатты, қо­раш та болса қайратты» дейтін сөздер бар. Құдды дәл Мұсақожаға арналған сияқты. Әжібековтің қолына тиген қай кейіпкер де әрленіп, ажарланып, айбаттанып, қайраттанып шыға келеді. Мұсақожа – қазақ режис­су­расының іргетасын қалаған тұң­ғыш кәсіби режиссер, Қазақ­станнның халық әртісі, профессор Асқар Тоқпановтың шәкірті. Бүгінде ол курстағы 20 адамнан сахнада қалған жалғыз ғана – Мұсақожа. «Батыр аңғал келеді» деген рас. Мұсаның бойында батылдық, батырлық, аңғалдық бар. Сосын ол өте намысшыл. Оның на­мыс­шылдығын студент кезіміздегі бір оқиға есіме түсіреді. Біз ол кезде 1-курста оқып жүрген кезіміз. Театр факуль­те­тінің консерваториядан бө­лін­беген кезі. Аудиториялар бірде жетсе, бірде жетпейді. Сол себепті біздің «актер шеберлігі» сабағы ТЮЗ-дің екінші қабатындағы үлкен залда өтеді. Ескі ТЮЗ, яғни өртеніп кеткен Жастар театры, қазіргі Абылай хан мен Қабанбай батыр көшелерінің қиылысында болатын. Көктем кезі. Мамыр айы... Алатаудың басындағы аппақ қардың әр жері сөгіліп, күн тез ысып кеткен кез болған соң, терезелердің бәрі ашық тұрады. Ұстазымыз Асекең-Асқар Тоқпа­нов өте сырбаз кісі. Қашан көрсең де үсті-басы мұнтаздай, қап-қара бұйра шашын артқа тараған, ақ көйлек, галстук, қара костюм шал­бар. Бір Асекең-бір театр. Абайдан бастап бәрін жатқа со­ғады. Біресе күлсе, бір сәтте жы­лап қоя береді. Бірде Асекең сабаққа кешігіп келді. Ұнжырғысы түсіп кеткен. Көңіл күйі жоқ. Ұстазымыз есік­тен кіре сала апшымызды қуырып, есімізді ала бастады. «Бүгін кім этюд көрсетеді», – деді. – Әжі­беков, кәне сен шық. –Мұса име­не басып этюд көрсетті. Этюд – затсыз қимылмен ғана кез келген жан-жануар, оқиғаны көрсету. Мұсақожа трамвайдағы жігітті көрсетуге кірісті. Бір кезде «трам­вай» тоқтап, жолаушы жігіт теңселіп, тербеліп барып, құлап қалуға сәл қалды да, бойын жинап тұрып қалды. Бұрыштан «би­леттеріңізді көрсетіңіздер» деген дауыс саңқ ете қалғанда, Мұса қасындағы жолаушыларды итере, жабыла берген есікті әзер ашып, далаға зып берді. Этюд бітті. Асекең Әжібековтің шаңын шығарды. – Әй халтурщик, со­райған сорлы... Неге жүгірдің? Қай­да кеттің? Түсіндір енді, – деп Асекең этюдті талдай бастады. Әр сөзінде, «сверх задача», «сквозное действие», «Константин Сер­геевич Станиславский», «надо верить»... «Не верю» деген тір­кестер кетіп жатыр. «Айт, бізге тү­сіндір, «сверх задачаң» не?» – Енді сверх... задача... кон­тролерден қашу, билетім жоқ бол­ған соң...– деп Мұсақожа ақтала бастады. Асекең болса, қаһарына қайта мінді... Халтурщик, идиот, былжырақ, мен сенің қашқаныңа да, қорыққаныңа да сенбеймін. «Не верю» – дегені. – Кәне, қайта көрсет... Тағы да сол «трамвай». Жоға­рыдағы белдеуден ұстап тұрған студент шайқалып тұр. Бір сәт ол бұрышқа қарады да, көзі бақы­райып тұрып қалды. Осы кезде трамвай да тоқтаған. Ішке біреулер кірген сияқты. Тағы да дауыс... «Билеттеріңізді көрсетіңіздер... Кәне, кәне» Мұса тағы да шай­қалып барып, түзелді де, жабыла берген есікті иығымен итере ашып, «трамвайдан» атып шықты да терезеге жүгірген, көзді ашып-жұмғанша 2-қабаттан далаға бір-ақ секірді. Бүкіл курстың «ах» деу­ге де мұршасы қалған жоқ. Жүрегім зу ете қалды. Қыздар жа­ғы енді шуылдап қоя берді. Курс­тағы старостамыз Жайлаубек На­­ғашыбаев терезеге барып сырт­қа қарады. Ұстазымыз Асқар Тоқпанов боп-боз боп кеткен. – Аман... Аман Мұса... – деген Жайлаубектің дауысы ғана біздің әлдеқайда ұшып кеткен есімізді орнына қайта шақырғандай болды. – Вот ақымақ, вот идиот! – деген бір сәт Асекең, бірақ Әжі­беков молодец! Есть вера. А это самое главное в актере. Аздан соң бір аяғын сылтып басып Мұса кірді. – Міне, жарадың Әжібеков. Сен «сверх задачаны, сквозной действиені» дұрыс жасадың. Отыр «5» деді. Мұсақожа оқу бітірген соң жаңадан ашылған Талдықорған облыстық драма театрына жұ­мысқа кірді. Ол кезде оқу бітірген жастардың ең үлкен мақсаты Алматыда қалу болатын. Мұса дипломдық жұмыста К.Голь­донидің «Екі мырзаға бір қыз­метші» пьесасындағы басты рөл Труффальдиноны ойнады. Ұзын бойлы, арықтау келген, цирктегі клоундай биді де билейді, шпа­гамен де сайысады, секіру, құ­лауды да өзі жасайды. Ең бастысы, Мұсаның Труффаль­диносы нағыз қазақи – аңғал, аңқау, арамдығы жоқ, елгезек. Ғашығы Смеральда үшін бәріне дайын далбаңдаған жас жігіт. Ол ешқашан өтірік айтпайтын, ұрлық жасамайтын, адал да сенімді дос... Біреулер махаббат үшін өлуге дайын, бі­реулер өлтіруге дайын болса, ал Труффальдино сәл-пәл ғана өтірік айтады. Амалсыз қожайынын алдайды. Себебі ол – сәбидей пәк, күнәсіз, періштедей бейкүнә. Сон­дықтан да спектакльдің соңында барлық кейіпкерлері өз махаббаттарына кездесіп, бақыт­ты болады. Олардың осындай бақытты болуы – тек Труффаль­дино Мұсаның ақкөңіл, адал ең­бегінің арқасы. Жер жәннаты Жетісу Мұса­ны өзекке тепкен жоқ. Құшақ жая қарсы алды. Театрдың сол кездегі директоры Қалмахан Бей­сен­бинов жас актерге 3 бөлмелі үй берді. Иә, Қалмахан Бейсенбинов таланттарды тани білетін, қазақ театр тарихындағы нағыз кәсіби менеджердің бірі де бірегейі бо­латын. Өкінішке қарай, бүгінде көп бастықтар сондай азаматтарды ұмытып кеткен заман болды. Жас театрдың режиссерлері – тәжірибелі, өмірдің де, өнердің де қызығы мен шыжығын қатар көрген аға буын Мұхтар Қамбаров пен Әзірбайжан Мәмбетовтің курсын енді бітіріп келген Сәу­лебек Асылханов. Шыны ке­рек, екі режиссер де жаңа ашылған өнер ордасының аяқтан тұрып кетуіне орасан зор еңбек сіңірді. Алғашқы қойылымдар актер­лердің дипломдық жұмысы болса, Сәулебек келген соң көптеген за­манауи, тарихи дүниелер сах­наға жол тартты. Әсіресе, Ақсудан шыққан азамат әдебиетші, та­рихшы, майдангер Тәңірберген Қалилахановтың «Алтын бесік» пьесасы тың тақырып болатын. Ол кезге дейін «Ақтабан шұбы­рынды, Алқакөл сұлама», яғни жоңғар шапқыншылығына қарсы қазақ елінің ерлігі тек әдебиетте еді. Ал сахна мен экранда ол об­раздар жоқтың қасы-тын. Әсіресе, Абылайдың ерлігі, ерекшелігі, тұлғасы, таланты, даралығы мен даналығы көп айтылмайтын. Осы тақырыпты жас режиссер Сәуле­бек Асылханов қолға алды. Абы­лайды театрдың тісқаққан актері Тілек Әбжалиев пен Мұсақожаға сеніп тапсырды. Екі актер де өте нанымды, өте бір жауап­кер­ші­лікпен ойнады. Тілектің бұл рөлі асықпай тоқталатын, ат үстінде амандаспай, арнайы зерт­теуді қажет ететін жұмыс. Бұйыртса, жазылар деген үміттемін. Мұса­қожа Тілек Әбжалиевке қарағанда жас, жаңадан келген «пацан». Алайда Әжібеков бұл рөлді ерекше ыждағаттықпен ойнады. Соңғы сахна Абылайдың Шарыштың басын шауып, Қалдан Сереннің қалың әскерінен қазақ жерін азат еткендегі монологі. Сендер ерікті ел болсын деп, Ертіс үшін егістік, Барлық үшін барыстық. Жетісу мен Арқаны Жаудан қорғап қалыстық. Сендер ерікті ел болсын деп, Қып-қызыл қанға батыстық. Енді осы атамекен алтын бе­сіктеріңді ешбір жауға аттат­паң­дар! Ата-баба қаны сіңген қа­сиетті топырағын жау табанына тап­татпаңдар! Бабаларыңнан қалған мұра – осы сендерге! Драматургияда да әдебиет секілді классика деген ұғым бар. Ол қай кез, қай дәуірде де өмір­шеңдігін жоғалтпайды. Өмір­ден өтіп кетсе де Тәңірберген Қали­лахановтың осы жазған дүниесі әлі күнге өзектілігін жойған жоқ. Керісінше, күн өткен сайын жаңа­рып, жаңғырып, жайнай түскен сияқты. Мұсақожаның Абылайы – елі үшін, жері үшін, алтын басын ажалға тіккен ақылды, арда тұлға. Осы сахнада актер Мұсаның екі жанары қып-қызыл боп қанталап, көзден аққан ыстық жасы бетін жуған. Бұл жас өкініштен гөрі қуаныш жасындай. Бұл – жеңіс жасы. Бұл – Абылайдың адами болмысы. Таңғы шықтай тап-таза Абылай – Мұсаның көзмоншағы. Мұсақожа 2 сағат жүретін спек­такльдің соңында дауысы зо­райған, алайда қарлыққан, үсті-басы малмандай су, алайда бұл еңбектің ащы тері, бойы да өс­кендей, бұл – шаршау мен арыған азаматтың келбеті. Бұл әртіс Әжібековтің қазақ сахна тари­хындағы орны да, жөні де ерекше рөлі еді. Мұсақожа көпбалалы отба­сынан шыққан. Әкесі Ержұма ақсақал гармон тартып, домбыра шертетін, ән салатын еді. Анасы да нәзік дауысы бар әнші болатын. Мұсаның алғашқы жұбайы Ай­нагүл хореография училищесін бітірген биші болған. Әсіресе, алғашқы жылдары театрдың спек­такльдеріндегі би, пластикалық қозғалыс бәрі Айнагүлдің мой­нында болды. Айнагүл жақсы биші ғана емес, ерекше әдемі дауысы бар әнші де еді. Бүгінде екеуінен өрген екі қыз, бір ұл бар. Үлкені Эльвира бала-шағалы, Алматыда тұрады. Мөлдір болса Америкада. Ал Мерей әке жолын қуған, Ғ.Мүсірепов театрының дарынды актері. Жазғыштығы да бар. Қолы тигенде жазып тұрады. Мұсақожаның репертуарында қызығуға, қызғануға да тұрарлық образ жетерлік. Оның кез келген рөлдері зерттеуге лайық дүниелер. Бүгінде Қазақстанда театр же­терлік. Актерлер де баршылық. Алайда талант деген әңгіме жайлы ұғым болса, сөз жоқ Мұсақожа Әжібековтің алдыңғы қатарда тұрары хақ. Жалпы, Мұсақожа жан-жақты актер. Ол Кенесарыдан Қоңқайға дейін, Райымбектен Ваня ағайға дейін, Сталиннен Гартензияға дейін кез келген рөлді сомдаған талант. Жүз рөл, жүз тағдыр. Мұса көп еркеледі. Сол се­бепті өмірден де, өнерден де таяқ жеді. Айнагүлдің өмірден өткені өкі­нішті. Қазір қасында дарынды драматург Лидия Егем­бер­дие­вадай жары бар. Ең бастысы, Мұса бүгін жаны жаралы, жүрегі сыздайтын сырбаз жігіт. Сол кеудесіндегі аппаратқа қарамай, өнер май­данында алға кетіп барады. Бүгін актер Мұсаның 100-ден астам рөлдерін тізбе­лемей қоя тұрайын. Себебі ол көрерменнің жадында, театрдың тарихында қаттаулы... Баз бі­реулер 2-3 клип түсіріп, епті жер­дің тойында ән салып, «еңбек сіңірген қайраткер» деген атақ алғанын естігенде ызам келеді. «Неге солай?» деймін іштей. Көзге көрінбес өнер майда­нының бас қолбасшысы іспетті Мұсақожа Әжібековтің не пәтері жоқ, не атақ, тіпті бірде-бір ме­даль, ордені жоқ. Мұсаны көр­генде нағыз «Елеусіз қалған есіл ерсің» деймін. Шамасы, Мұса­лардың тағдыры осылай болар... Біреулер Жаяу Мұса, біреулер Баяу Мұса болған заман-ай... Қайтесің...

Талғат ТЕМЕНОВ, Қазақстанның халық әртісі, профессор