Қатерлі дертке шалдыққанның көбі – әйелдер
Қатерлі дертке шалдыққанның көбі – әйелдер
204
оқылды

Елімізде онкологиялық ауру түр­лері­мен сырқаттанушылар саны жыл сайын көбейіп келеді. Өйткені соңғы жылдары арнайы скринингтен өткізу жүйесі қолданысқа еніп, сырқатқа шал­дыққандар ерте анықталып жа­тыр. Сөйтіп, онкологиялық аурумен ауыратындар статистикасы өз­герді. Ал Атырау облысы онко­логия­лық аурулардың кейбір түр­лерінің көрсеткіші жағынан алаңдатып тұр.

Республикада Атырау облысы онко­логиялық аурулар саны жағынан 12-орында тұр. 2020 жылғы 11 айдың көр­сет­кіші бойынша, облыста онко­логиялық аурулармен 4 150 науқас есепке алынған. Бұл сан күн сайын өзгеріп отырады. Өйткені жаңадан дертке шалдыққандар есепке алынса,  5 жыл бұрын емделіп айыққан науқастар да тізімнен шығарыл­майды. Бұл нау­қастар сырқатынан айықса да,  дәрігердің бақылауында болады. Онкологиялық ауруларды емдеуші ма­­ман­­дар, халыққа қатерлі ісік ауру­лары­ның  алдын алудың екі түрін ұсынады. Біріншісі – ауырмай тұрып, саламатты өмір салтын ұстану, екіншісі  – арнайы тексеру-скрин­инг­тен өтіп тұру. Алайда облыс орта­лығы­нан шалғай аудандар мен ауыл тұрғындары  скри­нингтен өтуге немқұрайдық таны­татыны дәрігерлерді тығырыққа тіреп отырғаны да шындық. Атырау облыстық онкологиялық дис­пан­сердің бас дәрігерінің міндетін атқа­рушы Эльмира Сапарованың ай­туынша, былтыр 11 айдың қорытындысы бойынша,  онкологиялық аурулар есебіне тұрған 843 адамның 448-і – әйелдер. Өңірде алдыңғы орында сүт безі қатерлі ісігі тұр. Содан соң өкпе және асқазан қа­терлі ісіктері келеді. Өкініш­тісі, сүт безі қатерлі ісігімен ауыра­тын науқастар жасы  жа­сарып бара жатқаны. Ал асқазан және өкпе қатерлі ісігімен ер-азаматтардың көбірек ауыр­атыны анықталды.    – Біздің диспансер алдында бүгінге дейін шешілмеген екі мәселе болды. Бұл – дәрігерлердің жетіспеушілігі және типтік жобадағы ауруханамыздың бол­мауы.  Бұрын 14 дәрігер болса, қазір нау­қастарды емдеуге 26 дәрігер маман жұмыл­дыруға мүмкіндік болды.  Енді ауруханаға радиолог және анестезиолог-реаниматолог мамандар қажет. Биыл қатерлі ісік ауру­лары бойынша  өлім  көрсеткішіміз 100 мың адамға шаққанда өткен жылғы 55,2-ден 55,8-ге өсіп тұр. Бұған пандемияның әсері бар. Көптеген науқастарымыздың созылмалы аурулары асқынып, өмірден өтіп кетті. Бұл – әлем елдерінде болып жат­қан жағдай. Ең өзекті мәселе науқас­тарды жақсы жағ­дайда емдеуге болатын аурухананың жоқтығы емделушілер үшін де жайсыз­дық тудырып отыр. Қазіргі ғимараттың 1973 жылы пайдалануға бе­ріл­генін және заманауи тә­сіл­дермен ем­деуге еш мүмкіндік жоқ екенін жер­гілікті атқарушы билік алдына мәселе етіп қойдық. Келер жылы қалада онко­логиялық диспансердің жаңа ғима­раты құрылысы жүреді деген үміттеміз. Бізде науқастарға бөлінген қаражат пен құ­рыл­ғылар толық жеткілікті. Бір науқас­тың ем-домына орташа есеппен 3 млн тең­ге қаражат жұмсалады,– дейді облыс­тық онкологиялық диспансердің  бас дәрігерінің міндетін атқарушы Эль­мира Сапарова. Халық арасында «Емі жоқ ауру» атан­ған қатерлі ісіктен аман қалудың бір жолы дертті ертерек білуге байланысты болып тұр. Әйтсе де, сүт безі қатерлі ісігін дер кезінде анықтау өте қиын болғандықтан, науқастар ауруханаға көбіне дерті асқын­ған соң келеді. Сон­дықтан дәрігер мамандар әр адам өз ор­ганизміне назар аударып, ондағы өзгерістерді түйсікпен сезуді игеру қажетін айтып отыр. Бас салып, алқым­нан алатын аурудан сақ­тану­дың екінші жолы – саламатты өмір салтын сақтау. Сайып келгенде, халық арнайы ск­рин­­ингтен өтудің маңызын түсінгенде ғана дауасы жоқ дерт көрсеткіші төмен­дейтіні даусыз.

Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,  Атырау облысы