Сайлау бюллетеньдеріне «Бәріне қарсымын» деген жазудың енгізілуі – демократияның нағыз төрі десе болады. Себебі көптеген мемлекетте мұндай пункт жоқ.
Мемлекет басшысының айтқан сөзіне қатысты екі мәселе көңілімнен шықты. Оның біріншісі, Президенттің: «Саяси партиялардың Мәжіліске өту шегін 7%-дан 5%-ға төмендетуіміз керек. Осындай шешімді қабылдайтын уақыт келді, өйткені аталған норма заң жүзінде тіркелген партияларды алдағы сайлауларға қатысуға ынталандырады», – деп айтуы. Менің ойымша, бұл – демократияның жемісі. Мұндай шешім Қазақстанның саяси аренасында жаңа партиялардың пайда болуына, қоғамда либерализм мен демократияның пайда болуына себепкер болады. Бұл – бірінші мәселе. Екіншіден, Мемлекет басшысы: «Біздің басты мақсатымыздың бірі – адам құқықтарын толық қорғау. Бұл ретте, азаматтардың таңдау еркіндігін барынша қамтамасыз ету өте маңызды. Әлемдік тәжірибеде адамның қандай да бір сайлауға келіспейтінін немесе үміткерлердің бәріне қарсы екенін заңды түрде білдіру құқығы кеңінен қалыптасқан. Шын мәнінде, баламалы пікір және бәріне қарсы дауыс беру ұғымы біз үшін де қалыпты нәрсе болуы тиіс. Сондықтан, барлық деңгейдегі сайлау бюллетеньдеріне «бәріне қарсымын» деген жазу енгізген жөн. Бұл бастама азаматтардың сайлау құқығын қорғауға жағдай жасайды» деді. Бұл – демократияның нағыз төрі десе болады, себебі көптеген мемлекетте мұндай пункт жоқ. Яғни, не сайлауда әлдебір кандидатты таңдайсың немесе бюллетеньді құртасың. Барлық деңгейдегі сайлау бюллетеньдеріне «бәріне қарсымын» деген жазудың енгізілуі – мемлекет өзіне қанша адам қарсы екенін анықтап, өз қателігі бойынша жұмыс істеуге мүмкіндік беретін өте дұрыс шешім. Осы пунктің бар болуы Қазақстан Республикасын барлық демократиялық мемлекет арасындағы беделін жоғарылатыны сөзсіз.