Саусақ ізін жаппай жинаудың сыры неде?
Саусақ ізін жаппай жинаудың сыры неде?
345
оқылды

Елімізде биылдан бастап мін­детті түрде саусақ іздерін тап­­сыру талабы іске қосылуы тиіс еді. Бірақ эпидемиология­лық ахуалға байланысты 2016 жыл­дан бері дайындық жүргі­зіліп келе жатқан шара екі жыл кейінге, яғни 2023 жылға ше­геріл­ді. Ендеше мұндай дак­ти­лоскопиялық міндеттеме­лердің мақсаты не? Ол ел аза­­­­мат­тарының Конституция­лық құқықтарына қайшы емес пе? Мұндай алақан табын тү­ген­деудің ақыры жаппай аңду құралына айналып кетуі қан­шалықты мүмкін? Ал ше­тел­де бұл тәжірибе қалай жү­зе­ге асып жатыр? Таразы ба­сын­да­ғы қауіпсіздік пен бос­тан­дық құқығын салмақтап көр­ген едік.

Мақсат не? Мүдде қандай?

Сонымен, 2021 жылдың 1 қаң­тары­нан бастап «Дактилос­копия­лық және геномдық тіркеу туралы» заң қолданысқа еніп, жеке басты куәландыратын құжаттарды алар кезде кәмелетке толған әрбір қазақ­стандық міндетті түрде саусақ ізін тапсыруы тиіс болатын. Осы­лайша, оларға жаңа жылдан бастап жаңартылған жеке басты куә­лан­дыратын биометриялық құжаттар берілмек еді. 16 жасқа толғандардан бөлек бұл талапты белгілі бір жағ­дайларға сәйкес келетін өзге де қазақ­стандық және шетелдік аза­мат­тар орындауы міндетті болды. Бұл ретте құжаттарды заң күшіне енген сәттен бірден өзгерту шарт емес. Жарамдылық мерзімнің соңына дейін құжатыңыз жарай бе­реді. Тек жеке куәлігіңізді жо­ғал­тып немесе жарамдылық мерзімі өтіп, қайта шығартар болсаңыз, саусақ ізін тапсырасыз. Төлқұжат аларда да осы талап. Заңмен мін­деттелетін болғандықтан, дакти­лос­к­опия­лық тіркеуден бас тартқан жағдайда қазақстандықтарға 2 АЕК мөлшерінде айыппұл салу туралы әкімшілік жауапкершілік қарас­тырылған. Сондай-ақ жеке куәлік пен төлқұжат берілмейді. Ал шетел­діктер немесе азаматтығы жоқ адамдар елден шығарылады. Саусақ таңбаларын жинау ішкі істер органдарының міндеті. Виза беру кезінде бұл міндет Сыртқы істер министрлігінің шетелдік бө­лім­деріне жүктеледі. Ал теңізші­лерге жеке куәліктерін Көліктік ба­қылау комитеті берсе, мемлекет­тік шекарадан кесіп өтушілерді дактилоскопиядан өткізумен шекара­шылар айналысады. Мұн­дағы барлық ақпарат шифрланған электронды түрде ІІМ-нің қорғал­ған мәліметтер базасында және жеке басын куәландыратын құжат­тың чипінде сақталады. Ұлттық дактилоскопиялық базада саусақ ізі де, алақан да болады. Бірақ құжатқа салынған чипте бас бармақтың ізі, нақтырақ соның коды ғана болады. Дактилоскопиялық және геномдық ақпараттар сәйкес талаптарына қарай 10 жылдан 100 жылға дейін сақталады. Осыдан төрт жыл бұрын ІІМ-нің түсіндіргеніндей, саусақ ізін мін­детті тіркеудегі мақсат – соттар­дың, құқық қорғау органдарының, атқарушы өндірістік, тергеу, жауап алу органдарының сұрауы бойынша жеке басты растау немесе анықтау, мемлекеттік шекараны кесіп өткен тұлғаларды сәйкестендіру, жеке адамның, қоғам мен мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

Конституцияға қайшы емес

Сонымен, осы заң қабылдануға ұсынылған сонау 2016 жылы еліміз­дегі адам құқықтары мен бостан­дықтарына сақтана қарайтын ел азаматтарының белсенді бір бөлігі айтқан уәждің бірі – бұл бастама­ның Конституцияға қайшылығы еді. Тіпті, сол аралықта бұл жаппай аңдудың құралына айна­лып кетуі мүмкін деген де қоғамдық пікір болған. Заңның міндетті дак­тилоскопияға арналған бөлігі биыл күшіне енген жағдайда бұл пікірлер қайта жанданары сөзсіз еді. Деген­мен сол кезде де, осы жолы да пікір айтқан заңгер мамандар көп еш­теңе өзгере қоймағанын айтады. Адвокат Асқар Қаймақов Ішкі істер министрлігінің мәліметтер базасы байи түскенімен, қылмыстың ашыл­уы жемісті болады дегенге бұрын­ғысынша сенбейді. Өйткені ең қиын деген қылмыстың өзін ашуға ІІМ-нің техникалық мүмкін­дігі де, заңнамалық ресурсы да бүгінгі таңда молынан жетеді. Тіпті кейбір да­мыған елдерден кем түспейді. «Менің ойымша, бұл бастама Кон­ституцияға қайшы емес. Сау­сақ ізі дегеніміз, ол фотомен салыс­тырып та адамның жеке басын анықтаған секілді әрекет. Қаламмен жазу мәнерін зерделеп те, мәселен күдіктінің нұсқалармен сәйкестігін тексеріп жатады. Бұл да сондай жедел тәсілдердің жиынтығы. Сондықтан жаппай дакти­лос­копия­да тұрған ештеңе жоқ. Мем­лекет қандай жолмен болмасын, өз азаматтары туралы түрлі ақпарат­тарды жинақтауға құқылы. Мәселе, оны қалай пайдалануда. Бірін­ші­ден, оның сақталу шарты қандай? Тиісті дәрежеде қорғала ма? Ол арам пиғылды қаскүнемдердің қолына түспеуі керек. Бірақ бүгінде түрлі мәліметтердің, тіпті тергеу құпиясы саналатын мағлұмат­тардың, соның ішінде видеолардың желіде тарап кетіп жатқан мысал­дарын жиі көріп жүрміз. Болмаса, клиенттердің банктегі мәліметтерін хакерлер ұрлап кетіп, жанжал бо­лып жатады. Екіншіден, бұл мәлім­ет­тер жедел мақсатта қаншалықты тиімді пайдаға асады? Адвокат ретінде айтарым, қылмысты ашу үшін полицияның Қылмыстық кодекстегі мүмкіндіктер арсеналы жетіп-артылады. Бірақ біздің бүгінгі көріп отырғанымыздай, қара­пайым ұрлықтың өзін, дәл бір дактилоскопияға жүгінерлік қыл­мысты тергеушілер айлап-жылдап ашпай жүріп алады. Ақыр соңында прокурорлық ден қою шараларынан кейін барып қана іс сотқа жетеді. Осы екі мәселе тұрғысынан кел­ген­де мен мұндай жаппай дакти­лоскопияға қарсымын», – дейді Асқар Абайұлы. Заңгер маман міндетті дакти­лоскопия жаппай аңду мақсатында пайдаланылуы мүмкін деген пікірге де қосылмайды. Оған Ішкі істер министрлігінің адами-техникалық ресурсы да жетпес еді және ондай қажеттілік те жоқ. Керек десеңіз, біз ендігісі жаппай аңду техно­логия­сының нысанымыз. Қолы­мыз­дағы ұялы телефонымыз, қол­даныстағы гаджетіміздің барлығы біздің күнделікті қай жерде болға­нымызды, кіммен сөйлескенімізді,  өзі-ақ көрсетіп тұрады. Сондықтан да біз әр қадамымыз санаулы «технологиялық қалпақ» астында өмір сүріп жатырмыз.

Халықаралық міндеттемедегі сабақтастық

Ішкі істер министрлігінің хабар­лауынша, мұндай тәжірибе әлемнің 100-ден астам елінде бар екен. Саусақ ізі бар құжат 2004 жылдан бері АҚШ-та, 2007 жылдан бері Еуропа елдерінде қолданыла бастаған. Америка құрама штат­тарының мұндай қадамға баруына 2001 жылдың қыркүйегіндегі теракт түрткі болды деген де пікір бар. Төлқұжаттарды беру кезіндегі дактилоскопиялық таңбаларды тіркеу Түркияда 2009 жылы қолға алынса, Қытайда толығымен аяқталған. Ресей 1998 жылы Дакти­лоскопиялық тіркеу туралы заңды, 2008 жылы Мемлекеттік геномдық тіркеу туралы заңды қабылдады. Осыған ұқсас заңдар Әзербайжан, Беларусь, Тәжікстан, Молдова, Өзбекстан, Ұлыбритания, Фран­ция­да қолданыста. Бүгінде жүзден астам мемлекет биометриялық тіркеу бойынша ұлттық жобаларын енгізіп жатыр. Осыдан төрт жыл бұрын ІІМ-нің түсіндіргеніндей, бұл жаңашыл­дық халықаралық практика мен стандарттар сабақтастығы негізінде жүзеге асып жатыр деуге болады. Мұндай міндеттерді бізге халықара­лық қауымдастық алдындағы мін­дет­темелер жүктейді. 1992 жылы Қа­зақстан БҰҰ комитетінің Ха­лық­аралық азаматтық авиация  ұйымы (ICAO) туралы, жеке басты куәлан­дыратын құжаттардың био­метр­икалық параметрлері тура­лы келісімін ратификациялаған бола­тын. Бүгінде таңда жеке басты куә­лан­дыратын 11 құжаттардың 7-еуін­­де биометрикалық көрсет­кіштерді енгізу қарастырылған. Осы мақсатта Қазақстан азамат­тарының жеке куәлігі мен төл­құжаттарында осы мәліметтерді енгізуге мүмкіндік беретін чиптер орнатылған. ICAO адамды тек екі параметр бойынша, яки суреті мен қолтаңбасы бойынша тану мүмкін емес деп санап, Келісімге қатысу­шы мемлекеттерге биометрикалық көр­сеткіштердің бірін адамның жеке басын куәландыратын құжат­тарға енгізуге ұсыным берген бола­тын. «Бүгінде шетелге шығатын жер­лестеріміз виза алу үшін кейбір тұстарда саусақ іздерін тапсырып та жатыр. Мәселен, шенген виза­сын алайық. Онда сіз тек дакти­лоскопия ғана емес, көзіңіздің қарашығын сканерлейтін құрыл­ғыдан да өтесіз. Мұның барлығы бірыңғай базаға енгізіледі. Бұл виза аясындағы елде түрлі қылмыстарды, соның ішінде ауыр және аса ауыр қылмыстарды ашу үшін керек. Еуропада бұл тіпті 50-жылдардың ортасынан бері бар», – дейді заңгер Владислав Мадзигон. Мамандардың пікірінше, 2023 жылға кейінге қалдырылған заң­ның қабылдануы терроризм қаупі­нің алдын алу үшін де қажет екен. Бұл арқылы елімізге жасырын кел­ген лаңкестер болса, оның био­метриялық мәліметтерін халықара­лық ұйымдарға сұрау салып, салыс­тыруға болады. «Дактилоскопиялық міндетті тіркеуге тек қазақстандықтар ғана емес, елімізге келген кейбір шетел­діктер де жатады. Сондықтан бұл жерде тек заңнамалық емес, саяси тұрғыдан да қарау керек секілді. Қазақстан географиялық орналасу жағынан транзиттік мүмкіндігі жоғары ел. Біз арқылы көптеген қыл­мыскер, террористтер, экстре­мис­тер, радикалдар өтуі мүмкін. Келіп жасырынуы да ықтимал. Сондықтан да бұл мәселені кейінге созбай, тездетіп шешкен абзал», – дейді заңгер Александр Каплан. Қысқасы, дактилоскопиялық тіркеу заман талабы болып тұр. Оның пайдалы тұстары да мол екенін байқадық. Тек мәселені әбден  пысықтап алған дұрыс. Әйт­песе  интернеттегі миллиондаған жеке деректердің  ашық-шашық қалып, тарап кеткеніндей болып жүрер.

Нұрлан ҚОСАЙ