Transparency International қоғамдық қоры жемқорлық жайында жүргізген зерттеу нәтижелерін жариялады. Қызығы сол, ел тұрғындары кейбір мәселені жемқорлықсыз шешу мүмкін емесін айтқан. Зерттеу қорытындысы бойынша, азаматтар жұмысқа орналасудан гөрі емделуге жолдама алу үшін көбірек пара береді. Одан кейін балабақшаға орналастыру мен жер мәселесін шешу, сессияны «жабу» сияқты «қызмет түрі» бар.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің дерегі бойынша, кейінгі 2 жыл ішінде елімізде пара берудің – 480, парақорлықта делдал болудың – 37, әртүрлі құқыққа қайшы бизнес жұмысына араласудың 713 дерегі тіркелген. Ал айыппұл жайына келсек, пара берушілер мен делдалдар бюджетке 600 млн теңге төлеген. Жалпы, бір ғана Нұр-Сұлтан қаласында жемқорлық бойынша 192 қылмыстық іс тіркеліп, 126 іс сотқа жіберілген.9 мың респонденттің көзқарасы
Transparency Kazakhstan қоғамдық қоры парақорлық басым салаларды, пара мөлшерін, жемқорлық жайлаған аймақтардың тізімін жариялады. Сонымен, сыбайлас жемқорлық жағдайы жиі кездесетін мемлекеттік мекемелер – ауруханалар, Полиция, Жер басқармасы, орталық кеңселер, мемлекеттік балабақшалар. Мұндай дерек қайдан шықты дерсіз. Қоғамдық қордың атқарушы директоры Ольга Шиян қызметкерлердің 9 мың респонденттен жауап алғанын айтады. Үш мегаполисте, 14 облыс пен 164 аудан орталығында сұхбат жүргізген. Зерттеу жұмысы үшін 200-ге жуық сарапшы, 173 дала әлеуметтанушы мен 12-ге жуық сарапшы жұмылдырылған. Расымен, ем шараға жолдама алу, әсіресе квотаға қол жеткізу қиын. Ауыл не қала тұрғыны болсын талап деңгейлес. Кезектің жайы тағы бар. Ал кезекті жылжытқың келсе, белгіленген соманы төлеуің қажет. Мысалы, көпшілік «қарапайым №087 анықтаманы сатып алатын арнайы баға барын« айтады. Зерттеуде тұрмыстағы жемқорлықты пайыздық көрсеткіштерге жіктеген. Мысалы, азаматтар ем алу немесе емделуге жолдама алу үшін – 12,7%, жұмысқа орналасуға –10,1%, баланы балабақшаға орналастыру (6,1%) мен жер мәселесін шешуде 6,5% жемқорлық фактісі кездеседі. Одан кейін ХҚКО-дан анықтама алу –5,1%, сессияны «жабу» мақсатында – 4,4%, салық есебін тапсыру кезінде 9% парақорлыққа жол береді. Ал аймақтар бойынша Жамбыл, Алматы, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қызылорда және Атырау облысы тұрғындары сыбайлас жемқорлық жағдайымен жиі бетпе-бет келеді.Негізгі фигурант – делдал
Иә, бұл факт бізге жақсы таныс. «Мына соманы есепшотқа аударсаң, оқушың олимпиададан өтіп тұр», «квота мәселесін шешеміз, алдымен ақша керек», «қалтаңыздан азғантай ақша шығарсаңыз, балаңызды балабақшаға орналастырамыз» дейтін мысал жетеді. Кейінгі кезде 4%-бен көлік алуға берілетін жеңілдетілген несиенің төңірегінде де жемқорлық желі «есіп» тұр. Әрине, мұның артында тұрған – делдал. Арнайы жүргізілген зертеуде де респонденттер жұмысты «тындыратын» адаммен емес, делдал арқылы сөйлесетінін айтқан. Мәліметке сүйенсек, бір жыл ішінде сыбайлас жемқорлық мәмілелеріндегі делдалдардың үлесі 6%-ға өскен. Мекемелерде 2019 жылы 500-ден 500 мың теңгеге дейін бара алса, биыл сома 1 000-нан 300 мың теңгеге дейін өзгерген. Дегенмен қоғам жемқорлық шеңгелінен шыққысы келеді. Transparency Kazakhstan жүргізген сауалнамада ел тұрғындарының 60%-дан астамы жемқорлық фактісі туралы хабарлаудан жасқанбайтынын жеткізген. Әлеуметтік желідегі ашық жазбалар, топтардың ашылуы, еңбек ортасының өзгеруі бір өзгерістің боларын нұсқайтындай. Мәселен, белсенді ұстаз Эльмира Бақытқызы ауданында болып жатқан жағдайды, көрген-білген жемқорлық фактілерін тізіп жазғанды жөн көреді. Себебін сұрағанымызда ол жазбаның бірі болмаса біріне әсер етіп, кейінгілері әшекере болмау үшін пара сұраудан бойын аулақ ұстайтынын айтады.Жұмыс істеу стилі мен жабық кабинет
Тұрмыстық сыбайлас жемқорлықпен күресудің жолы – ашықтық, айқындық, қолжетімділік. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев пікірі осыған саяды. Оған қоса, цифрлану мен заманауи жұмыс істеу үлгісін ұстансақ жетістікке жетуге болады. Осындайда қала, аудан, ауыл әкімдіктерін сервистік үлгіге көшіру жайы еске түседі. Сонымен, аталған бастамада нәтиже бар ма? 2020 жылы 317 әкімдік сервистік форматқа көшкен. Демек, бұл облыстық маңызы бар қалалар мен аудандар 100% қамтылғанын көрсетеді. Өз кезегінде тұрғындар фронт-кеңселер арқылы бірнеше мемлекеттік қызметтерді алады. Осы арқылы олар қызметкермен тікелей қарым-қатынасқа түспей, есік-терезе араламай жұмысын бітіреді. Яғни, бұрынғыдай анықтаманы жылдам алу үшін ақша шығындамайды. Одан кейінгі мәселе – жабық кабинеттегі жұмыс. Шетелдік фильмдерді байқасаңыз, кеңсе қызметкерлері ашық жүйеде (open space) жұмыс істейді. Бұл қалай дерсіз. Яғни, бір-екіден қосарланып жеке кабинетте емес, барлығы кеңістікте отырып жұмыс істейді. Мұндай үрдіс елімізге кейінгі 5-10 жылда пайда болды. Өз кезегінде бастықтар да «әйнек кабинетке» орналасуды үйренген. Антикордың мәліметінше, биыл мемлекеттік білім беру және денсаулық сақтау мекемелеріндегі 5 мыңнан астам басшы жоғары қабаттағы кабинетін төмендегі «әйнек кабинетке» алмастырған. Ал 1 400-ден астам мемлекеттік мекеменің жұмыс орны open space форматында жасақталған. Жемқорлықтың жолын кесу дегенімізде өзіне-өзі қызмет көрсету тетігі таптырмайтын құрал екені айқын. Бұл – уақыт дәлелдеген, халық құптаған фактор. Иә, сіз өзіңізге қажет анықтамаға пернетақта батырмасын кезек-кезек басып, қиналып қол жеткізерсіз. Есесіне ешкімге ақша берген жоқсыз. Біреу сізден қызметіне ақы сұраған жоқ. Байқасаңыз, ХҚКО-да өз-өзіне қызмет көрсетуге арналған бұрыш бар. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл орталығы аталған бұрыштарды көбейту арқылы пара беру фактісінің азаярына сенеді. Дұрыс-ақ, цифрлы жүйе үлкен күшке ие. Жоғарыда аталған ашықтық, айқындық, қолжетімділік призмасын бойына сіңірген. Алик Шпекбаевтың айтуынша, мақсат – ел аумағына осы стандарттарды енгізу. Ол үшін түгелдей цифрландыру қажет. Бұл тұрмыстық сыбайлас жемқорлықпен күресуге барынша көмектеседі.Айбике ЖАНАСЫЛ