Мектеп құрылысы неге мерзімінде бітпейді?
Мектеп құрылысы неге мерзімінде бітпейді?
343
оқылды

Былтыр Жамбыл облысында білім саласында «бауын тапса да, бай­лауын таппаған» тірлік көп болды. Әсір­­­­есе, құрылысқа келгенде жоба­лар жүрісінен жаңылып, талай нысан мерзімінде аяқталмады. Жосықсыз мердігерлердің мәселесін аймақ бас­шысы Бердібек Сапарбаев май­шам­мен қарап, олардың өңірде ғана емес, ел аумағында жұмыс істеу құ­қы­­ғынан айыратынын айтқан. Содан бері не өзгерді? Өткен жылдан қан­ша нысан өтпелі ретінде қалып қойды? Әрі жұмысына жауапсыз қара­ған мер­дігерлер жазасын алды ма?

Жосықсыз мердігерлер  жазаланып, өзгелері сөзден тайқыды

Ең әуелі өткен жылдың өлшеміне көз жүгіртсек, жыл соңында облыс әкімдігі Білім басқармасының басшысы Гүлнар Ходжабергенова жоспарланған  7 білім нысанының мерзімінде берілуі күмәнді болып тұрғанын жеткізген.  Ал Қордай ауданындағы  Күнбатыс-2  және Қалғұты ауылдарындағы мектептердің құрылысы  бітпейтінін ашып айтқан. Сондай-ақ атал­ған нысандардың құрылысына жауапты  мердігерлер «Тараз Құрылыс Инвест», «Строи­тели Века», «Тараз Ирригация», «Шұ­ғыла-2002», «Теберда СтройСервис», «Темир-Строй Сервис и Ко» және  «Талас құры­лыс» ЖШС-нің   басшылары  құрғақ уәде­мен уақыт созып жүргенін  мәлімдеген. Мұн­дай ақпарат облыс әкімінің ашуын шақырып,  жосықсыз мердігерлердің басынан сипамады. «Жыл басынан  бері бір мәселені 11- мәр­те қарап отырмыз. Жиырма бір хаттама толтырылды. Облыс әкімінің басқа жұмысы жоқ деп ойлайсыздар ма? Соңғы кеңес қазан айының 10-ы күні болды. Сонда 1 қарашаға дейін барлық мектепті күрделі жөндеу жұмыстарын аяқтау керек дегенбіз. Бірақ тапсырма толықтай орындалған жоқ. Тараз қаласын аралап, 4 мектептің де құрылысы баяу жүріп жатқа­нын көрдім. Сіздерді ешкім  қинаған жоқ. Өз ерік­теріңізбен жұмысқа кірістіңіздер. Келісім­шартқа отырдыңыздар. Келісімшартта құрылыстың басталуы, аяқталу мерзімі тайға  таңба басқандай  көрсетілген. Құрылыс нысандарында бірнеше мәрте болдым. Бәріңіз уәде бердіңіздер. Алайда уәде орындалмады. Жыл аяқталар тұста мердігерлердің өз міндетін қалай орындағаны сараланады. «Шұғыла-2002» серіктестігі осы күнге дейін қанша мәрте уәде берді. Серіктестік кешік­кен әрбір күніне келісімшарт бойын­ша айыппұл төлесін. Естеріңізге сақ­таңыздар, мемлекет алдындағы міндетіне салғырт қарағандарға кешірім болмайды. Жамбыл облысы емес, Қазақстанда жұмыс істеу мүмкіндігінен айырыласыздар» деген болатын  Бердібек Сапарбаев. Міне, содан бері де біраз уақыт өтті. Жаңа жылдың жаңа күн парағы ашылды. Ал жоғарыда аталған мәселелер шешімін тапты ма? Облыс әкімдігі Білім басқармасы берген ақпаратқа сүйенсек,  7 нысанның 5-нің құрылысы жыл соңында да аяқтал­май, биыл өтпелі болыпты. Қор­дай ауданындағы  Күнбатыс-2  және Қал­ғұты ауылдарындағы мектептердің құры­лысына жауапты болған «Шұғыла-2002» ЖШС жауапқа тартылған. Тараз қаласын­дағы №2,16,22, мектептерінің құрылысын жүргізіп жатқан мердігерлер болса, «Жыл аяғына дейін бітіреміз деп уәде беріп едік. Бірақ құрылысты аяқтай алмадық. Алайда жоба бойынша нысан 2021 жылы өткізілетіні көрсетілген» деп ақталған көрінеді. Осылайша, «биыл бітіреміз» деп билікке жақпақшы болған мердігерлердің жоспары жүзеге аспай, соңында сасқан үйректің кейпін танытып отыр. Мұндай құрғақ уәдеге  құлақ та, етіміз де үйренген. Десе де, жосықсыз ретінде танылған мердігерлер   қандай жазаға тартылды деген ой маза бармейді. Бұл сауалмен Қордай ауданы әкімдігіне қайырылып едік, ондағылар Күнбатыс-2 ауылындағы 150 орындықты мектепке жауапты болған  «Шұғыла-2002» ЖШС-іне  1,2 миллион теңге айыппұл салынғанын айтты. Ал техникалық қадағалаушы 694,5 мың теңге арқалапты. Осылайша, жалпы айыппұл құны 1,9 миллион теңгені құраған. Қазір іс сот қарауында. Ал Қалғұты ауылындағы 180 орындық мектептің құрылысын жүргізген  «Тебер­дастройсервис» ЖШС-іне 312,6 мың теңге көлемінде айыппұл белгіленген. Тех­ни­калық бақылаушыға болса, 500 мың теңге салынған. Жалпы алғанда, мұндағы айып­пұл құны 812,6 мың теңгеге теңестіріліп отыр. Аталған серіктестікке қатысты сот өткен жылдың қараша айынан басталып кеткен.

«Аузы күйген үрлеп ішеді»

Міне, осылайша жергілікті билік жо­сықсыз мердігерлермен қоса, техникалық бақылаушыларға да айыппұл салып, іс­терін  сотқа жолдаған. Алайда мердігерлердің уәдесінен  жер­гі­лікті билік  мезі болғандай. Олай дей­тініміз, жыл бастала  сала облыс әкімі Бер­дібек Сапарбаев құрылыс нысандарын өзі аралап, тағы бір мәрте сын-ескерт­пелерін айтып шықты. Аймақ басшысы ең әуелі  Тараз қаласындағы  №22 орта мек­тептің жаңа ғимараты мен  саңырау және құлағы нашар еститін балаларға арналған мамандандырылған «Мейірім»  мектеп-интернатының оқу корпусына бас сұқты. №22 орта мектептің  ғимаратын кеңей­ту қажеттілігі бұрыннан айтылған. Се­бебі осыған дейін   400-ден аса  бала аядай ғана то­зығы жеткен қос қабатты екі ғимаратта оқуға мәжбүр болған  еді. Оның бірі 1972 жылы мектеп үшін арнайы салынса, ал екіншісі 1880 жылы бой көтерген. Екінші ғимарат бір кездері бай саудагерге тиесілі болып, ол оны кейінірек бастауыш сынып­тардың игілігі үшін мектепке берген. Осы жылдар ішінде мектептің екі ғимараты да бірде-бір рет күрделі жөндеу көрмеген. Соның салдарынан терезелері мен есіктері, едендері, жиһаз-жабдықтары, сантех­никасы және тағы басқасының тозығы жеткен. Сондай-ақ  мектепте ішкі санитарлық-гигиеналық тораптар орнатылмаған. Мектеп  директоры Шолпан Дихон­баева­ның айтуынша, жыл сайын оқушылар саны артып, биыл балалар саны  480-ге жетіпті. – Біз ғимаратты кеңейту қажеттілігі ту­ра­лы мәселені бұрыннан көтеріп келдік. Бастапқыда жергілікті билік біздің мек­тепте күрделі жөндеу жүргізіп, тағы бір оқу корпусын салу туралы шешім қабылдады. Бірақ облыс әкімі Бердібек Машбекұлы өткен жылдың көктемінде мектепке келіп, балалардың қандай жағдайда оқып жатқа­нын  көріп,  жаңа мектеп ғимаратын салу туралы шешім шығарып, қуантты. Енді, міне балалар мен ата-аналар, мұғалімдер мектеп  құрылысының аяқталуын асыға күтіп жүр. Келесі оқу жылын жаңа мектепте қарсы аламыз деген үміттеміз, – дейді білім ордасының  басшысы. №22 орта мектептің жаңа ғимараты 600 балаға арналған үш қабатты екі корпустан тұрады. Құрылысы «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдар­ламасы аясында жүзеге асуда. Нысанды осы жылдың соңында тапсыру жоспар­лануда. Ең қуанарлығы, бүгінге дейін мектеп тек орыс тілінде білім беріп келсе, пай­далануға берілгеннен кейін мұнда қазақ тілінде оқытатын сыныптар ашылады деп күтілуде. Аймақ басшысы жауапты тұлғаларға жаңа мектептің барлық құрылыс жұмысы­ның сапасын мұқият бақылауды, аулаларын жарықтандыруды және балалардың қауіп­сіздігін қамтамасыз ете отырып, мекеме аумағын сенімді қоршаумен қоршауды  тапсырды. Бұдан соң облыс әкімі саңырау және нашар еститін балаларға арналған облыс­тық мамандандырылған «Мейірім» мек­теп-интернатына ат ізін салды. Онда бү­гінде облыстың түкпір-түкпірінен келген 130 бала білім алып жатыр. Мекеме бұрынғы балабақшаның ың­ғай­ластырылған ғимаратында орналас­қандықтан, жергілікті билік қосымша 80 орындық оқу ғимаратын салу туралы ұйғарымға келген. Мектеп-интернаттың  жаңа оқу ғима­раты­ның құрылысы 70 пайызға аяқталған. Бұл нысанда  балалар эпидемиологиялық жағдай жақсарған кезде ғана оқи бастамақ. Бүгінде мектептің барлық оқушылары үйде қашықтан білім алуда. Осылайша, облыс әкімі «аузы күйген үрлеп ішедінің» керін келтіріп, сағызша созылған мектеп құрылысын жыл басынан бақылауына алып отыр. Мұндай  қырағы қадағалау мердігерлердің жұмысына қамшы салады деп сенеміз. Сондай-ақ екі бір­дей серіктестік пен техникалық бақы­лау­шысы сотқа беріліп жатқан Қордай ауданындағы мектеп құрылысына да бақылау қажет-ақ. Әйтеуір, ертең жыл соңында мердігер­лерді тағы сотқа беріп, нысандарымыз келер жылға тағы өтпелі болып жатпаса болғаны.

Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы