Электронды төлем жүйесін енгізу сәтсіз аяқталды
Электронды төлем жүйесін енгізу сәтсіз аяқталды
400
оқылды

Бес жылға созылған элек­тронды төлем жүйесі  қара­­ғандылықтар үшін сәтсіз аяқ­­талды. Әкімдік жаңа жүйе­­ні енгізуді 2015 жылдан бастап қолға алған болатын. Ал 2020 жылдың 15 қыр­­күйегінде жол ақысын элек­тронды төлеу жүйесі тесттік режимде іске қо­сылды. Де­генмен үш айдан соң тап­­сырыс беруші Smart Card ком­­­­паниясымен ке­­­­лісім­шартты  ресми  түрде  бұзды.

Қала билігі тест режимі ша­мамен екі аптаға созылады деп уәде берген еді. Дегенмен бір­неше жыл бойы осы жүйеге қаражат салуға көндірген кәріс инвесторы тапсырыс беру­ші­лердің көңілінен шықпады. 2020 жылдың желтоқсанында авто­парктер компаниямен келі­сімшартты бұзатынын жария­лады. Дегенмен шарт бұзардан бұрын компания бұған дейін 600 теңге тұрған карточканы мереке күндері акция арқылы 400 тең­геден жеңілдікпен сатуға көшіп, мырзалық танытты. Шарт бұзуға балансты тол­тырудың уақытында орын­далмағаны себеп болды. Кар­точканың шотын сату нүкте­леріндегі арнайы терминалдар мен банктер арқылы толтыруға болады, бірақ қаражаттың дер кезінде түспеуі халық ренішін тудырды. Компания «вали­даторлар барлық 560 қалалық автобусқа екіден орнатылды. Сондай-ақ «әр автобусты бірнеше бейнебақылау камералары қа­­дағалайды», – деп мәлімдеген болатын. Дегенмен кейбір автобустарда валидаторлардың өшірілгенін тұрғындар әлеуметтік желілерге жазып жатты. Осы шағымдарға сүйене отырып, қала автопарктері Smart Card ЖШС-мен келісімшартты бұзатынын жариялады. «2015 жылдан бастап Smart Card компаниясы Қарағандының қоғамдық көлік­терінде жол жүру үшін элек­тронды төлем жүйесін енгізген. Бірақ бүгінгі күні жүйе іске асырылмады, мерзімдер бірнеше рет бұзылды, компания элек­тронды жол ақысын төлеудің соң­ғы күнін белгілемеді. Со­нымен қатар жолаушылар тара­пынан шағымдар түсуде, балама төлем әдісі жоқ, диспетчерлеу орталығы жоқ, маршруттарды қадағалау жұмысы дұрыс емес және т. б. Осыған байланысты енгізу ұзақтығын, сондай-ақ аяқтаудың белгісіз мерзімдерін ескере отырып, қала авто­парк­терімен 2020 жылғы 15 жел­тоқсаннан бастап шарттарды бұзу бойынша жұмыстар бас­талды және Smart Card ЖШС аты­на тиісті хабарлама жіберілді», – деп хабарлады «Қарағанды қала­сының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары ТКШ бө­лімі» ММ. «Жол ақысын төлеу карта­ларын сатып алған қарағанды­лықтарға жаңа қызмет көрсетуші картаны айырбастап береді. Тұрғындардан Smart Card ЖШС жаңа карталарын толтырмауды және сатып алмауды сұраймыз. Егер сізде картада теңгерім болса, онда ол аяқталғанға дейін жол ақысын төлей аласыз», – деп мәлімдеді Қарағанды қаласының әкімдігі. Сондай-ақ әкімдік жаңа ин­вестор іздеуге көшкендерін, аталмыш компаниямен ынты­мақтастықты толығымен тоқта­татындарын мәлімдеді. Ал 560 автобусқа орнатылған тех­ни­каның әрі қарай қалай қол­данылатыны белгісіз. Бүгінде қала автобустарында жол жүру құны – 80 теңге. Тө­лемді қолма-қол ақшамен де, смарт-картаны да пайдаланып төлеуге болады. Өткен жылы күзде Қарағандыда ресми түрде электронды карталарды сатудың 57 нүктесі ашылды, кейін Қаз­пошта филиалдарында тағы 48 сату нүктесін ашу жоспарланған болатын. Картаны 100-ден 100 000 теңгеге дейінгі сомаға тол­тыруға рұқсат. Компания ал­дағы уақытта мобильді қосымша жасап, жол жүру құнын төлеу және толықтыру үшін басқа да банктердің қосымшаларын пай­далануды жоспарлаған болатын. Көлік картасын сатып алғанда, оны сайтта тіркеу міндеттелген, карта жоғалған жағдайда баланс жаңа картаға аударылады. Кар­талардың «стандарт», «зей­неткер», «оқушы» атты үш түрі шығарылды. Тест режимінде «зейнетақы» карталары саты­лымға түспеді. Тек «мектеп» пен «стандартты» көлік карталары жұмыс істеді. Көпбалалы отба­сылар, зейнеткерлер тестілік режим кезінде жол жүру ақысын бұрын белгіленген бағаларға сәйкес төледі. Тестілік режимде автобустарда кондукторлар қал­ды, олар жүйенің жұмысын қа­дағалап, төленген жол ақысын тексерді. Жүйе ресми іске қо­сылғаннан кейін кондукторлар жұмыс істемейді. Компания өкілдерінің ай­туынша, смарт-карта – әлемдегі хакерлік шабуылдардың әсеріне ұшырамайтын қауіпсіз карта. Жаңа жүйе ресми іске қосыл­ғаннан кейін қолма-қол ақшамен жүру смарт-карта арқылы төле­геннен жоғары болмақ. Ресми мақұлданса, билет қолма-қол ақшамен 150 теңге болады, ал электронды төлем үшін баға бұрынғыдай 80 теңге болып қалады. Яғни, халық жаппай электронды билетке көшуі тиіс болатын. 2015 жылдан бастап қала әкімдігі электронды билет енгізу үшін бюджеттен қыруар қаржы бөліп келеді. Тұтынушылардың сұранысын зерттеу, сауалнама жүргізу деген желеумен де біраз ақша желге ұшқан болатын. Қарағанды қаласында қо­ғамдық көлікте бірнеше ав­­топарк қызмет көрсетеді. Ескірген ав­тобустар, көр­се­ті­летін қызмет сапасының тө­­мендігі айтыла-айтыла жауыр болған жайт. Кон­дукторлар мен жүргізушілер де тұрақсыз, жиі ауысады. Билет айналымына түсетін қаржыда да есеп жоқ. Осыны ескере келіп, қала билігі электронды билет жүйесін енгізуге шешім қабы­л­дайды. Дегенмен қолға алы­нысымен сәтсіздікке ұшыраған тестілеу қала автопарктеріне тиімді бо­лып тұр. Яғни, жо­лаушылар қай­тадан билетті кондукторларға тө­­­­­леуге көшті. Бұл дегеніңіз ай­­налымдағы қа­ражат тағы да ба­қы­­­лаудан шықты деген сөз. Сәй­­­кесінше көрсе­тілетін қызмет пен түскен қар­жының айыр­ма­шы­лығы жер мен көктей күйінде қалып отыр. Жалпы, Қарағандыда қо­ғамдық көлік қызметіне бюд­жеттен бөлінетін қаржыда есеп жоқ. Өткен жылы автопарктер 3 миллиард теңге көлемінде суб­сидия алды, бұған дейін ол жы­лына 2 млрд теңгеден бөлінетін. Дотация толықтай жаңа авто­бустар сатып алуға бағытталды. «ҚДБ-Лизинг» отандық жаңа автобустарды сатып алуға жыл­дық 7 пайызбен несие беруі тиіс еді. Бірақ бұл несиенің міндетті шарты әкімдік тарапынан суб­сидиялау бойынша кепіл­діктер болуы тиіс. – Қарағандының негізгі үш автопаркі 2020 жылдың ортасына дейін 200 автобус сатып алады. Біз 2021 жылы олар автобус паркін толығымен жаңартуын талап етеміз. Егер олар мұны істеуден бас тартса, онда жеңіл­детілген несие алмайды және біз олармен келісімшартқа қол қоймаймыз. Теміртауда да мамыр айында келісімшарт қайта жа­салады. Егер олар екі жарым жыл ішінде барлық бағытқа жаңа автобустар сатып алудан бас тартса, біз бұл келісімшартты аукционға шы­ғарамыз. Кез кел­ген өңірден келген фирма біз­дің нарыққа кіре алады, – деген болатын облыс әкімі Жеңіс Қасымбек. Дегенмен бюджеттен бөлінген субсидия да, шетелден шақы­рылған жаңа компания мен ноу-хау да сапаны өзгерткен жоқ. Автобустар лас әрі адамдарға лық толы, кондукторлар дөрекі, жол жүру кестесі сақталар емес. Кей­бір маршруттарға валида­торлар орнатылған да жоқ. 2021 жылдың басында қала билігінің электронды билетке қа­­­­тысты кезекті жобасы күйреді.

Ләззат ҚОЖАХМЕТОВА, Қарағанды облысы