Мемлекет құрсағы алтын аналарға жан-жақты құрмет-қошемет көрсетуге күш салуда. 2020 жылы Үкімет көпбалалы аналарға 236 миллиард теңгеден астам ақша төледі. Бұл тек жаңа жәрдемақы түрінде берілген қаражат екен. Осы ақпаратты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жариялады.
«2020 жылы көпбалалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақы төлемдерімен жалпы сомасы 236,1 миллиард теңгеге жетті. Бұл қаржы шамамен 392,4 мың отбасыға берілді. Желтоқсан айында жәрдемақының бұл түрін жалпы сомасы 22 миллиард теңгеге 428,3 мың отбасы алды», – деді министрлік. Бұл жәрдемақыдан 4 және одан да көп, бірге тұратын, кәмелетке толмаған немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын студент балалары бар отбасылар табысына қарамастан үміттене алады. 2021 жылы төлем мөлшері балалардың санына байланысты 46 760 теңгеден (4 бала) 81 852 теңгеге (7 бала) дейін сараланды. Әрі қарай 8 балаға – 93 344 теңге, 9 балаға – 105 012 теңге, 10 балаға – 116 680 теңге, 11 балаға – 128 348 теңге, 12 балаға – 140 016 теңге, 13 балаға – 151 684 теңге, 14 балаға – 163 352 теңге, 15 балаға – 175 020 теңге, 16 балаға 186 688 теңге болды. Осы жаңа мемлекеттік жәрдемақы Қазақстанда 2020 жылдың 1 қаңтарында атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа тетіктерінде көзделген табысы аз және көпбалалы отбасыларды қолдаудың үш негізгі бағыты ретінде енгізілді.Елдос СЕНБАЙ