«Nur Otan» партиясы Жетісай аудандық филиалында Түркістан облыстық мәслихатының депутаттары Темір Қырықбаев пен Талғат Қаржауов, Жетісай ауданының жергілікті мәслихат депутаттары Әділхан Асауов пен Айбек Сұлтанмұрат шаруа-диқандармен, ауыл шаруашылығы мамандарымен, құқық қорғау саласының қызметкерлерімен кездесті.
Аталған шара аудан шаруалары арасындағы қолбайлау болып отырған мәселелермен танысып, шешу жолдарын талқылау, ұсыныс-пікірлерін тыңдау мақсатында ұйымдастырылды. Кездесу барысында шаруақожалық басшылары мен мамандары тарапынан елді мекендердегі каналдардың күрделі жөндеу жұмыстары, жердің мелиоративтік жағдайын жақсарту мақсатында тік дренаждарды іске қосу, ағын суды үнемдеу мақсатында тамшылатып суғаруды дұрыс жолға қою, ауылдардағы интернет желісінің әлсіздігі, таза ауызсу, жол мәселелері көтерілді. Бүгінде Жетісай ауданына тиесілі 380 тік дренаждың 171-ін іске қосу мүмкіндігі бар, ал қалған 209-ның қаңқасы ғана қалған. Тік дренаждардың тиісті құрылғылары кезінде қолды болып, мүлдем жарамсыз күйде қалған. Оларды қайта іске қосуға арнайы жоба жасалғанымен, әлі күнге дейін жүзеге аспапты. Мамандардың жоспары бойынша аудандағы Асықата кенті, Ділдәбеков және Ынтымақ ауылдық округтерінің тік дренаждары бірінші кезекте іске қосылады деп жоспарланып отыр. Жиын барысында аудандағы каналдарды жекеменшіктен мемлекеттік меншікке өткізу процесі сәтті жүргізілгенімен, оларға жөндеу жұмыстарын жүргізу, уақытылы тазалау, ағын суды шығынсыз жеткізіп беру мәселелері әлі де қолбайлау болып отырғаны айтылды. Аудандағы 22 мыңға жуық ірілі-ұсақты шаруа қожалығына су жеткізіп берумен айналысатын 776 каналдың бүгінде 168-і ауданның, 608-і «ҚазСуШар» мекемесінің меншігінде. Ұзындығы 30 шақырым магистральды канал бойымен жеткізілетін ағын судың бағасын тұрақтандырумен қатар, шаруалардың шығынын азайту, мал басын арттыру, бордақылау алаңшаларын көбейту, кәсіпкерлік бастамаларына берілетін несиелердің пайыздық үстемесін төмендетіп, сомасын арттыру, минералды тыңайтқыштарды уақытылы жеткізіп беру, сапасын арттыру, субсидия мәселелері жайында да кеңінен сөз болды. Көтерілген мәселелер мен айтылған ұсыныс-пікірлер хаттамаға енгізіліп, алдағы уақытта тиісті мамандармен жұмыстар жүргізілетін болды.Әбілмансұр ЖАСАН