Сүйінші! Демографияда 33 жыл бойы мызғымай тұрған рекорд жаңарды. 1987 жылы Қазақстанда 417 мың бала дүние есігін ашса, 2020 жылы 420 мың сәби өмірге келіпті. «Елге ел, төлге төл қосылды» деген – осы. Былтыр 1 желтоқсанда халық саны 18,85 млн адамға жетті. Енді қазан айында өтетін жалпыұлттық санақта 19 млн-дық межені еңсере аламыз ба? Індет кесірінен кейінге шегерілген ауқымды шаруаға дайындық қалай?
Ұлттық статистика бюросы таратқан мәліметке сенсек, ел халқының саны 2020 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша 18 852 млн-нан асты. Оның ішінде қалалықтар – 11 129,2 млн (59 пайыз), ауылдықтар – 7 723,6 млн (41 пайыз) адам. Бір жылда жан саны 241,7 мың адамға немесе 1,3 пайызға өскен. Біле білсек, бұл – тәуелсіздік кезеңіндегі ең айтулы жаңалықтың бірі. Демограф Ерболат Мұсабектің айтуынша, соңғы жылдары Қазақстанда туғандар саны 396 мен 402 мыңның, өлгендер саны 110 мен 133 мыңның аралығында екен. 1987 жылы 417 мың сәби туып, тарихта ең үлкен көрсеткішке қол жеткізгенбіз. Бірақ Кеңес Одағы тараған соң көп адам атажұртына көшті, тұрмыс нашарлады, үйленетіндер күрт азайды. Сөйтіп, 1999 жылы 217 мың бала дүниеге келіп, ең төмен нәтижені місе тұттық. 90-жылдардың басында 167 мың жұп некелессе, 2009 жылы небәрі 120 мың отбасы шаңырақ көтерген. 2014-2015 жылдары неке саны 160 мыңға дейін барды да, қазір қайтадан төмендеуге бет алды. Себебі туу саны азайып, шетелге көшкендер көбейген. 2002 жылы халық саны 14 млн 851 мыңға түсіп қалды. Кейінірек табиғи өсім сыртқа ағылған адамдардың орнын жайлап жаба бастады. Қайтыс болғандар 1995-1996 жылдары бір жылда 160 мыңнан асты. Өйткені әлі медицина дамымаған, халықтың әл-ауқаты да онша емес еді. Өмір сүру ұзақтығы 63 жасқа дейін құлдырады. Бүгінде 73-74-ке таяды. «Статистикада 68 деп жазылғанымен, біз ол межеден 2013-2014 жылдары өтіп кеткенбіз», – дейді Ерболат Мұсабек. Мамандар 2025 жылы Қазақстанда ең төменгі туу көрсеткіші тіркеледі деп болжайды. Дегенмен 1999 жылғыдай 217 мың емес, 350 мың шамасында болады. Теріс тенденция 2025, 2026, 2027 жылдары сақталып, әрі қарай артып, 400 мыңның үстіне шығады екен. Шеттен оралған қандастар да демографиялық ахуалға септігін тигізеді. 2020 жылы сәуір айында Countrymeters.info сайты қазақстандықтардың саны 20 миллионнан асты деп хабарлады. Сайт ұжымы БҰҰ-ның ресми деректерін пайдаланғанын алға тартты. Алайда демограф Мақсат Имандосов Статистика бюросының мәліметі ғана шындыққа жанасады деп есептейді. Қалай десек те, нақты нәтижені биыл білеміз. Әуел баста 2019 жылға жоспарланған жалпыұлттық халық санағы екі рет кейінге шегерілгені белгілі. Үкімет тәуелсіз Қазақстан тарихындағы үшінші санақты алдағы қазанда өткізуді көздейді. Қазақ жерінде бұған дейін 10 санақ (1897, 1926, 1937, 1939, 1959, 1970, 1979, 1989, 1999, 2009 жылдары) болған. Оның бәрінде кемшілік бар. Әсіресе, 1926, 1937, 1939, 1959 жылғы санақтың дерегі күмәнді. Азамат соғысы, екі бірдей ашаршылық, жаппай қуғын-сүргін, Екінші дүниежүзілік соғыс кесірінен КСРО халқының кеміп кеткенін байқаған Сталин сол санақтардың нәтижесін кейде бұрмалап, кейде жариялауға тыйым салған деседі. Биылғы халық санағына мемлекет қазынасынан 9 млрд теңге бөлініпті. Оның ішінде 579 млн теңге – «е-Статистика» жүйесін дамытуға, 1 млрд 495 млн теңге – планшет пен компьютер сатып алуға, 475 млн теңге – көлік сатып алуға, 79 млн теңге – штаттан тыс қызметкерлердің жалақысын төлеуге, 392 млн теңге мойынорағыш, портфель секілді кеңсе тауарларын алуға жұмсалады. Халық санағын 30 мың адам жүргізеді. Бұл санақ электронды форматта өтеді. Үкімет Статистика комитеті мен мектептерге арнайы планшеттер береді. Есесіне, қағаз сатып алмайды. Цифрлы мәліметтер бірден өңделіп, тексеріледі.Биылғы халық санағына мемлекет қазынасынан 9 млрд теңге бөлініпті. Оның ішінде 579 млн теңге – «е-Статистика» жүйесін дамытуға, 1 млрд 495 млн теңге – планшет пен компьютер сатып алуға, 475 млн теңге – көлік сатып алуға, 79 млн теңге – штаттан тыс қызметкерлердің жалақысын төлеуге, 392 млн теңге мойынорағыш, портфель секілді кеңсе тауарларын алуға жұмсалады. Халық санағын 30 мың адам жүргізеді.
Қазақстанның жан саны 18,85 млн болғанын сөз басында айттық. Шыны керек, жалпыұлттық санақ нәтижесі осы ауқымнан ауа жайылмайтыны анық. Қазан айында 19 млн төңірегіне тоқтайтын шығармыз деп топшылаймыз. Ендеше саяси науқанға 9 млрд теңге шығындаудың қажеті қанша? Қажеті көп. Себебі бұл – жай ғана адам басын санайтын қарабайыр есептеу емес, мемлекеттің бағыт-бағдарын айқындауға болысатын үлкен жұмыс. Санақта міндетті түрде география, демография, экономика, білім, этномәдениет, көші-қон, жарымжандық, кәсіп, жұмыс, табыс көзі сияқты параметрлер ескеріледі. Әр адамға 40-50 сұрақ қойылып, жауаптарынан нақты статистика түзіледі. Талай зерттеушінің азығына айналатын тың ақпарат қоры жасақталады. Санақ дегенде үнсіз қалуға болмайтын кілтипан бар. Осыдан 12 жыл бұрынғы дау-дамай әлі есімізде. 2009 жылғы санақ қорытындысына қоғамның көңілі толмады. Сол кездегі Статистика комитеті елдегі этникалық қазақтардың үлесін біресе 67 пайыз, біресе 63 пайыз деп мәлімдеп, жұртты әбден шатастырған. Ұлт патриоттары ендігі санақта қазақтың үлесі 70 пайыздан асады деп үміттенеді. Депутат Айдос Сарым: «Қазақстан туралы «көпұлтты мемлекет» деген дақпыртты осы санақ жоққа шығаруы керек. Қазақстанда, тағы да қайталап айтамыз, бір ғана ұлт бар: ол – қазақ ұлты. Қалғаны – осы ұлт құрамындағы этностар болмаса, ел ішіндегі диаспоралар. Бұл санақ Қазақстанда «130 ұлттың» жоқ екеніне баршаның көзін ашуы тиіс» деп жазған-ды. Алайда Ерболат Мұсабек биылғы санақта қазақтар 69 пайызға жетуі мүмкін деп жорамалдайды. Негізі, әрбір 4 жыл сайын мемлекет құраушы ұлттың үлесіне 2 пайыздан қосылып отырады екен. Демографтың пікірінше, 80 пайыздың ауылы алыстау. Өйткені славянтектес қауым азайғанымен, өзбек, ұйғыр, әзербайжан, түрік, қарақалпақ сынды туысқан ұлыстардың қарасы қалың.Еркебұлан НҰРЕКЕШ