Пандемия жылы, қиын-қыстау кезең деп сипаттап жатсақ та, Қазақстанның автомобиль өндірісі үшін 2020 жыл табысты болды. Былтыр жазға таман 96 елдің автоөндірісін жіті бақылап отыратын NCSA (Ұлттық автомобильдерді сату қауымдастығы) сарапшылары бүкіл әлемде автокөлік саудасы күрт төмендегенін хабарлаған. Бір қызығы, жағымды статистика көрсеткен төрт ел ғана болыпты. Оның көш басында Қазақстан тұр. Коронакризис кезінде отандық автомобиль өндірісінің күш алуына не әсер етті? Өзіміздің автокөліктерге сенім нығая бастады деуге бола ма?
Отандық өндіріске оң баға береміз бе?
Қазақстандағы автоөндірістің жылдық көлемі былтыр 77 471 техника болды. Бұл дегеніміз – 2019 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда, бір жарым есе көп. Соның ішінде жүк көлігі мен автобустарды көбірек шығара бастаппыз. Атап айтқанда, 2020 жылы отандық зауыттардан техниканың 5 000 данасы шығарылған. Байқағанымыздай, пандемия салдарынан туындаған кризиске қарамастан отандық машина өндірушілер өндірісті тоқтатпаған. Қолда бар дерекке сүйенсек, өткен жылдың 9 айындағы нәтиже бойынша, отандық өндіріс пайызбен есептегенде – 17, ақшалай есептегенде 1,2 триллион теңге болған. Индустрияландырудың соңғы 10 жылында машина құрылысының өндіріс көлемі төрт есе өсіп, инвестиция 2,5 есеге көбейген. Ал экспорт болса 3 есе артқан. Демек, бұл салада ауыз толтырып айтатындай алға жылжу байқалып отыр деген сөз. Өндіріс саласының ауқымы кең. Соның ішінде жеңіл автокөлік өндірісіне ерекше тоқталып өтуді жөн көріп отырмыз. Соңғы жылдары елімізде зауыттар жұмысын бастап, өзіміз автокөлік құрастырып жүргеніміз белгілі. Бұған дейін отандық өнімдерге сенім аз, күмән көп болған. Тіпті, таңдау тұрса, бағасы қымбаттау болса да, көбіне шетелдік дүние таңдайтынбыз. Десек те, мұндай түсініктің біртіндеп азайып бара жатқанын отандық автоөндірістің жыл өткен сайын бекіп, нығайып жатқанынан-ақ біле берсек болатын шығар. Ендеше жеңіл автокөліктердің елде құрастырылуына қатысты тоқталайық. 2020 жылдың 9 айындағы қорытындыға қарасақ, одан бір жыл бұрынғы көлемнен асып түскен. Салыстырмалы кезең емес, түгел 2019 жылдың нәтижесі 9 айда теңеспек тұрмақ, өсіп кеткен. Нақтырақ айтатын болсақ, жеңіл автокөліктердің өндірісі 2020 жылдың қаңтар-қазан айлары аралығында 51,92 мың дана автомобильге тең болған. Бұл болса, 2019 жылдың сол кезеңімен салыстырғанда бір жарым есе көп. Жалпы, 2019 жылмен салыстырғанда 18 пайызға артқан.Қазақстандық көліктерге үйір болудың себебі неде?
Осы тұста, отандық автоөндірістің қанаты қалай кең жайылғаны туралы да атап өту керек. Салада осындай жақсы нәтиже байқалуына бірнеше фактор әсер еткен. Өндіріске жаһандық трансұлттық инвесторлар тартылып, соның арқасында қолжетімді сегменттегі, жаңа брендтер пайда болды. Әрі пандемияға қарамастан, жұмысты жүргізу үшін автокөліктерді онлайн сатып алуға мүмкіндік ашылды. Бұл да болса, клиент жоғалтпай, байланыс орнатуға әсер ететіні сөзсіз. Сонымен бірге Үкіметтің тапсырмасымен автосалондарда автокөліктерді бірден тіркеуге болатындай мүмкіндік қарастырылған. Әлбетте, су жаңа көлікті сатып алған бойда сандалмай, қала шетіндегі арнайы ХҚКО-ға бармастан сол жерде тіркеуге болатыны сатып алушыларға майдай жағады. Ең бастысы, отандық автокөліктердің көбірек сатылып, халық арасында танылуына жеңілдетілген автонесие мен лизингтің әсер еткені анық. Себебі ел аумағындағы ең тиімді шарттармен салоннан автокөлік алуға жол ашты. Тағы бір айта кетерлігі, былтыр Қазақстанда біршама жаңа зауыт ашылды. Мысалы, Қостанайдағы зауытта енді Chevrolet автокөліктері шығарыла бастады. Жыл аяқталмай жатып-ақ, отандық автокөліктер ең көп алынған маркалардың біріне айналып, Қазақстандағы танымал брендтердің қатарына енді. Наурыздан бері Қостанай зауытында аталған автокөлік маркасының 15 000 данасы шығарылған. Негізі, бүкіл Қазақстан ауқымын алғанда, осы аймаққа барлық техниканың 51,7 пайызы тиесілі. Демек, көш бастап тұрған облыс – Қостанай. Жалпы алғанда, 40 050 көлік шығарыпты.Жаңа зауыттардың жұмысы
Қазан айында Алматы қаласында Hyundai жеңіл автокөлігі өндірісімен айналысатын зауыт ашылды. Өндірістік қуаты алғашқы кезеңде 30 мың дана болса, екінші кезеңде жылына 45 мың болады деп жоспарланған. Мұның ішінде экспортқа жасалған келісімшарттар да бар. Өзімізде шығарыла бастағаны бар, бағасы мен марканың көпшілікке ұнайтыны бар, 2020 жылдың қорытындысы бойынша қазақстандықтар Hyundai маркасына оң баға беріпті десек болады. Себебі жалпы инвестиция көлемі – 28 млрд теңге. Осы ретте, қазақстандықтардың таңдауы қандай деген сауал туатыны заңды. Мамандар мұндай сауалнама жүргізіп үлгерген. Нәтижесінде, бағасы жөнінен ең қолжетімді әрі көпшіліктің таңдауы түскені Lada Granta екені анықталған. Сарапшылардың сөзіне сүйенсек, қазақстандықтар орта есеппен 5 миллион теңге шамасындағы автокөліктерді алады екен. Бұдан қымбатын көбінің қалтасы көтермейді деген сөз. 2020 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша, жалпы сомасы 313,4 миллиард теңгеге 35 086 жаңа жеңіл автокөлік сатып алыпты. Ендеше қандай марка және қандай бағадағы автокөліктердің ел арасында көп алынатынына тоқталайық. Айтқандай, Lada Granta көш бастап тұр. Құны 2,8 миллион теңге болатын автокөлік өзіміздің Өскеменнің зауытынан шығады. «Сатып алынған жеңіл автокөліктердің орташа бағасы – 10,3 миллион теңге. Бұдан бір жыл бұрынғы кезеңмен салыстырғанда 14,7 пайызға өскен. Негізі, нарықта қазақстандық өндірушілердің автокөліктері әжептәуір сұранысқа ие. Отандық өндірушілердің автомобильдерінің орташа құны 7,6 миллион теңге екен» делінген Қазақстанның автомобиль өндірісі кәсіпорындарының одағы таратқан ақпаратта. Ұйымның баспасөз қызметінің мәліметінше, құны 5-7 миллион теңге болатын көліктердің үлесі 21,5 пайыз болған. Ал 7-10 миллион теңге арасындағы автомобильдерді сатып алатын сегменттің үлесі 16,3 пайыз болған. Бизнес (10-15 миллион теңге) және премиум кластағы (15 миллион теңгеден жоғары) көліктердің үлесі тиісінше 23,4 және 10,1 пайызды көрсетіпті.Ең арзан және қымбат көліктер рейтингі
Ең қолжетімді автокөліктердің ондығына келер болсақ, басым көпшілігі қазақстандық автоөндірушілерге тиесілі екенін байқаймыз. Бағасы бойынша ондық мынадай көрініс тауыпты: 2,8 миллион теңгеге – Lada Granta, 3,4 миллион теңгеге – Lada 4×4, 3,7 миллион теңгеге – Ravon Nexia, 4 миллион теңгеден басталатын – Ravon R4, одан кейін бағасы осымен шамалас – Chevrolet Cobalt. Алтыншы орында – 4,2 миллион теңгеге алуға болатын Chevrolet Niva, одан кейін 4,4 миллион теңгеге – Lada Vesta, 4,6 миллион теңгеге – Lada XRAY, 5 миллион теңгеге – Ravon R2. Бұл – Қазақстан бойынша ең арзан көліктер. Ал енді қымбат көліктерге кезек берсек, тізім мынадай: Mercedes-Benz G-класс (110 миллион теңге), Mercedes-Benz S-класс (98,6-110 миллион теңге), Porsche 911 Turbo (71,1-110 миллион теңге), Audi A7/А8 (62-110 миллион теңге), Lexus LS (58,2-110 миллион теңге), Porsche Panamera (53,5-110 миллион теңге), Genesis G90 (53,2-110 миллион теңге), Porsche Cayenne (46,6-110 миллион теңге), Jaguar I-PACE (46,5-110 миллион теңге) және BMW 8 серия (46,1-110 миллион теңге).Жадыра АҚҚАЙЫР