Атырауға биыл тағы да тасқын қаупі төніп тұр. Сарапшылар көктемгі тасқынның былтырғыдан да алапат болуы мүмкін екенін айтып жатыр.
Тасқын алдындағы Атырау
195
оқылды

«Себебі тасқын су былтыр сай-саланың көп бөлігін «толтырып» тастады. Жерге сіңіп кеткен су көлемі аз, биыл енді қар көп түсіп, оған Ресейдің Иректі қоймасынан су жіберуді бастап кеткенін ескерсек, жағдай біз ойлағаннан да қиын болуы мүмкін», – дейді мамандар.

Ресми ақпаратқа сенсек, қазір­гі уақытта Атырау қаласында, Ма­хам­­­бет және Жылыой аудандар­ында тасқыннан қорғану ша­ралары жүзе­ге асырылып жатыр. Белгілі болған­ындай, бүгінде Жылыой аудан­дарында Қамыскөлдің жаға­лауы нығайтылуда. Жем өзені­нің арнасы 23 шақырымы және Құр­сай каналы 35 шақырымы терең­де­­тілген. Нысандарға 100-ден астам техника жұмылдырылып отыр. 

«Сондай-ақ Махамбет ауыл­ында 4,5 шақырымға созылған жағалау нығайтылып, Махамбет және Сарытоғай ауылдары ара­сындағы көпір құрылысы аяқтал­ып отыр. Атырауда қауіпті учаске саналатын қала маңындағы Тал­ғайран, Ақжар және Еркінқала ауыл­дарында қорғаныс бөгеттерін салу жұмыстары жалғасып жатыр. Алмалы ауылында «Сарыөзек» канал­ының бойындағы 5,6 шақыр­ым бөгеттер нығайтылып, Жайық өзенінің бойында ұзындығы 2,5 шақырым жаңа жағалау бекіткіш­тері салынуда. 

Бұдан басқа, Жайық өзені, Соколок каналы мен Каспий теңізі арасындағы негізгі буын саналатын Гоголь каналын тазарту және кеңейту жұмыстары жалғасу­да. Жалпы ұзындығы – 30 шақыр­ым, ені – 18 метр және тереңдігі 2 метр каналдың түбін тереңдету жұмыстары жүргізілуде, күні бү­гінге дейін ұзындығы 9,5 шақырым учас­кедегі жұмыстар аяқталды. Су тас­қыны кезеңі басталғаннан бері Каспий теңізіне құятын жерде Жайық өзенінің сағасын тереңдету жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жоспар­лан­ған жұмыстардың жалпы ұзын­дығы – 10 шақырым, оның 9,5 ша­қырымы аяқталды», – дейді Атырау облысы әкімдігінің ресми өкілі Руслан Жұмағазиев.

Дегенмен жылыойлықтар тас­қынға қарсы атқарылып жатқан жұмыстарға разы емес. Жақында бір топ жылыойлық жиналып, Пре­зидентке үндеу де тастады. Олар Жем өзенінің арнасын кең­ей­ту жұмыстары сапасыз екенін айтады. Тұрғындардың уәжіне сенсек, Жылыой  ауданын­дағы Ақкиіз­тоғай, Қарағай, Шоқ­пар­тоғай және Тұрғызба ауылдары­ның тұрғындары өзенді кеңейту бой­ынша жұмыс­тарды дереу тоқтату қажет деп санайды. «Себебі жасалып жатқан жұмыстар құмға сіңген су сияқты сапасыз», – дейді олар. 

– Жем өзенін тереңдетеміз деген желеумен, қазып алынған өлі топырақты өзен арнасының екі жағына төсеп жатыр. Ол жерде нығыздау жұмыстары жүріп жат­қан жоқ. Борпылдақ топырақты жел ұшырып әкетуде. Желмен көш­іп жатқан топырақ жайылым­дар­ды бұзып, онсыз да оңып тұр­маған экологиялық ахуалды на­шар­латуда. Салдарынан Шоқпартоғай, Тұрғызба ауылдарын топырақ басып қалуда. Жем өзені тасыған уақытта тасқын су бес көпірден өтеді. Жабатай, Қоңыр­бай, Уықбай, Шоқпартоғай көпірі, Сарқырауық өзенінің көпірі бойы­нан өзеннің саласы шығады. Су тасыған кезде тасқын арналарды бітеп тастайды. Ескі көпірлердің жағдайы да сын көтермейді. Жем­нің жағасына қазып алынған өлі топырақ төселмеуі керек. 

Егер көктемде алапат су тас­қыны қайталанатын болса, бор­пылдақ топырақ Құлсарыны қор­ғай алмайды. Құлсары тұрғындары қайтадан суға кету қаупіне ұшыр­айды. Біз бұл жұмыстарды мұқият қарауды және бақылауды талап етеміз, – дейді бастамашыл топ өкілдері. Жылыойлық шаруалар­дың айтуынша, өзен бойына төселген борпылдақ топырақ мал суаруға да кедергі болып жатыр. 

«Біз биіктетіліп бөгет соғылған жерлерде суару орындарын қал­дыруды сұрадық. Бірақ дәл қазіргі уақытта өзен бойынан мал суару мүмкін болмай отыр», – дейді фермерлер. 

Жағдайға байланысты, Жылы­ой ауданы әкімдігіне хабарласып, мән-жайға түсінік беруді сұрадық.

Жылыой ауданы әкімдігінің мәліметінше, жергілікті атқарушы органдар тарапынан Жем өзенінің түбін тереңдету, бөгет салу мәселе­лері бойынша су саласының арнайы институты «Казгипровод­хоз» мекемесімен бірлесіп шілде, қараша, желтоқсан айларында шаруа қожалықтарымен бірнеше мәрте кездесулер ұйымдастырыл­ған. Алайда тараптар ортақ шешім­ге келе алмаған. 

«Су тасқынының алдын алу мақсатында Жем өзені арнасының өзен ағынын реттеу бойынша ал­дын алу жұмыстары жүргізілуде. Жылыой аудан әкімдігі тарапынан, атқарылып жатқан жұмыстарға күнделікті бақылау жүргізілуде. 

Жем өзенінің тереңдету, бөгет салу жұмыстарымен қазіргі уақыт­та Атырау облысы Құрылыс бас­қар­масы, мердігер мекеме «Сап-Ин-Вэст» ЖШС айналысуда. Жоба бойынша түп-тереңдету жұ­мыс­­тары­ның жалпы ұзындығы 95 шақыр­ым­ды құрайды», – делін­ген Жылыой ауданы әкімдігінің мәліметінде.

Бір қарағанда, жылыойлықтар­дың кұм көшкінінен де қауіптенуі тегін емес. Себебі Жылыойдағы Май­көмген ауылының жағдайы құм көш­кінінің де оңай жау емес екені­нің айқын дәлелі болып отыр. Қалай десек те, көшпелі құм мәселе-­сі Атырауда әлі де болса өткір тұр. Жалпы, Атырау облысы бойынша құм басу қаупі жоғары 6 ауыл бар. Және соңғы он жылда сол ауылдарда құм көшкіні белең алып бара жат­ыр­ғаны да шындық. Сондықтан тасқыннан қорғану шаралары өгіз де өлмейтін, арба да сынбайтын жағдайда ұйымдастыр­ылуы керек-ақ. Жылыой билігі мен халықтың екіжақты кездесу­лер­де бір шешімге келе алмай жүргеніне бірнеше ай өтті. Ал көктемнің келуіне ай жарымға жетер-жетпес уақыт қалды....

Баян ЖАНҰЗАҚ,

Атырау облысы