Тарих қойнауына үңілсек, Қызылордада ел ертеңі, ұлт бола­шағы үшін күресіп, азаттық жолында аласапыранға түскен тағ­дырлы тұлғалардың талайының ізі қалғаны байқалады.
Тұңғыш инженердің үйі
214
оқылды

Соның ішінде қазақтан шыққан тұңғыш инженер, азаттық күрескері, ел ертеңі үшін аянбай еңбек еткен тұлғаның бірі де бірегейі Мұ­ха­мед­жан Тынышбаевтың күрішті өлкеде тұрмыс кешкенін көпшілік білмес бәлкім.

Азаттық таңын аңсаған тарихи тұлғаның өлшеусіз еңбегі халық жадынан өшпек емес. Жетісу өңірі­нен шығып, Алаш қозғалысы­ның негізін қалаушылардың бірі ретінде танылған қайраткердің өз заманында Қазақстан–Сібір темір жолын салудағы еңбегі көпке мәлім.

Негізінен, Мұхамеджан Тын­ыш­байұлының саналы ғұмыры XIX ғасырдың аяғы-ХХ ғасырдың І жартысындағы буырқанған тарихи оқиғалар аясында өтті. Дейтұрғанмен, ұлы қайраткердің тұлғалық ғұмырнамалық шежіресі әлі күнге дейін толық анықталып, нақты сипатқа ие болды деп айту қиын. Яғни, жаппай хатқа түсіп, жария болған емес. Тек мұрағатта сақталған баспасөз материалдары мен деректері негізінде ғылыми зерттеу жұмыстарының нәтиже­сін­де тың мәліметтер анықтала түсті. 

«Мұхамеджан Тынышбаев сияқ­ты дара тұлғаның ғұмырнама­лық шежіресін зерттеу арқылы тұтас өңірдің, яғни Жетісудың, Қа­зақстанның, Орталық Азияның толыққанды тарихи парақтарын жүйелеуге болады. Тұңғыш инже­нер­дің өмірдерегін зерделей отыр­­ып, қазақ халқының ХХ ғасырда басынан кешкен қасіретті оқиға­лары – 1916 жылғы көтеріл­іс, бір­інші дүниежүзілік соғыс, азамат соғысы, ашаршылық кез­еңі, бос­қын­шылық пен үркінші­лік, бай-ауқаттылардың мал-мүлкін тәркіл­еу, ұжымдастыруға қарсы хал­ық­тық қарсылық қоз­ғалыс­тары, толқын-толқын бол­ып жүргізілген саяси қуғын-сүрг­ін мен «Үлкен террор» сияқты тарихи оқиғалар­мен астасып жатқанын аңғарасыз. Бұл тұрғыда Қазақстан Респуб­ликасы Орта­лық Мемле­кеттік архиві қорынан табылған маңызды мәліметтер мен мерзімді баспасөз­ден табыл­ған тың құжат­тар тұлға өмірінің Қызыл­орда қа­ласындағы кезеңі туралы, бү­гінге дейін бей­мәлім болып келген Кеңестік Қазақстан астана­сының құрылысы бойынша жау­ап­кер­шілікке тар­тылуы тура­лы мағлұмат береді. Мұрағат­тан тұңғыш ин­женердің Ресейдегі қос революция мен аза­маттық қарсы тұру кезеңін толыс­қан саяси қай­раткер ретінде қа­был­да­ға­нын, Қа­зақстанға билік жүргізген құры­лымдардың бәріне ел жағ­дай­ын баяндап, хат жолда­ғаны­нан көруге болады», – деп түсіндірді бұл жайында Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану муз­ейі­нің ғылы­ми хатшысы Асхат Сайлау. 

Тұңғыш инженердің Сыр өңір­індегі өмір тарихы сан тарауға толы болған деп айтуға негіз бар. Мұрағат деректеріне сүйенсек, Тынышбаевтың тынымсыз мемле­кет­т­ік қызметі аясында 1924 жыл­дың 2-7 сәуір күндері Жетісу об­лысы жер комиссарлығының уә­кілі ретінде жұмыс істеген. 

Кейіннен, 1925 жылдың 9 ақ­пан­ында Қазақ АССР астанасы Орынбордан Ақмешіт (Қызылор­да) қаласына ауыстыру туралы Қазақ орталық атқару комитетінің қаулысы қабылданады. Қаулыны жүзеге асыру Қазақ АССР халық комиссарлар кеңесіне тапсырыл­ған. Соған орай ВКП (б) Қазақ өл­келік комитеті қаулысымен үкі­мет жанынан Техникалық комис­сия құру туралы шешім шығарыл­ған. Техникалық комиссия төр­а­ға­лы­ғына Аспандияр Кенжин та­ғай­ындалыпты. Сол 1925 жыл­дың 19 маусымында Қызылорда қаласының құрылысына басшы­лық жасау үшін Халық комиссар­лар кеңесі жанынан Құрылыс комиеті құрылады. Комитет төр­ағасы болып Абылай Серғазиев та­ғайындалып, оның техникалық жағынан орынбасары қызметіне инженер Мұхамеджан Тынышбаев бекітілген. 

Біршама уақыттан кейін құры­лыс комитеті мәжілісінде М.Тыныш­баевтың ұсынысымен Орта­лық атқару кеңесі, Халық комис­сарлар кеңесі, аупартком сияқты үкі­меттік мекемелер құрылы­сының іргетасын құю туралы қаулы қа­был­данады. Техникалық комитет төрағасы А.Серғазиевтің 1925 жылдың 10 тамызындағы қызмет­тік хатында М.Тыныш­баевтың осы жылдың 20 шілдесі­нен бастап Қызылорда қаласын салу туралы Құрылыс комитеті төрағасының техникалық мәселе­лер жөніндегі орынбасары және Құрылыс коми­те­тінің бас инжене­рі болып тағай­ындалғаны, оған 350 сом жалақы белгіленгені баяндалады.

Ғылыми хатшының айтуын­ша, тұңғыш инженердің Қызылор­дадағы тұрғылықты мекенжайы мұрағат құжаттарынан табылып отыр. Онда Тынышбаев сол кезең­де Қызылорда қаласындағы Шу­ми­л­ов­ская көшесіндегі 20-үйде тұрады деп көрсетілген.

«Мұрағат құжаттарын зерделеу барысында Тынышбаевтың Сыр өңіріндегі өмір жолдары мен тұр­ғылықты мекенжайын да таптық. Құжатта көрсетілген мекенжай бойынша арнайы зерттеу жұмыс­тарын жүргіздім. Нәтижесінде, құжатта баяндалған бұрынғы Шу­миловская көшесі, қазіргі Қазан­таев көшесімен тұспа-тұс келеді. Бұрын ол орында ескі әскери ко-м­ис­сариат ғимараты орналас­қаны мәлім. Алайда бүгінде аталмыш жерде көне Қызылордадан сақ­талған бірде-бір ғимарат жоқ. Тұң­ғыш инженердің үйі де бұзыл­ып кеткен. Әрине, тарихи орынды сақтап қала алмағанымыз өкінішті. Тек қайраткердің тұрғылықты же-р­ін ғана құжат жүзінде дәлелдеуге мүмкіндік алып отырмыз», – дейді музей қызметкері. 

Негізінен, М.Тынышбаевтың есептеулерінде, Қызылорда қала­сы­ның құрылысы бойынша ғана емес, үкіметтік мекемелердің қа­ла­ға көшіп келуіне байланысты национализацияланған ғимарат­тарды жөндеу жұмыстары да бар. Сөзімізге дәлел ретінде айтар бол­сақ, 1925 жылдың 12-26 тамыз аралығында Есқараевтың комис­сиясы қабылдаған национализа­цияланған үйлерді жөндеуге қан­ша қаражат кететінін осы М.Тыныш­баев есептеп шығарған. Ал 1925 жылдың күз айларында құры­лысты қабылдап алу актілерінен М.Тынышбаев пен А.Будассидің қолын көруге болады.

Жалпы, тарихи тұлға Қызыл­орда қаласының құрылысына қа­тысты күрделі әрі жауапты қызмет­тер атқарғаны жайында сарғайған парақтар сыр ақтарады. Кейіннен, Қызылорда қаласының құрылыс­ындағы кінәраттары үшін инже­нер­лерге түрлі айыптар тағылды. Оның қатарында халық комис­сарлар кеңесі жанындағы құрылыс комитетінің бас инженері М.Тын­ышбаев та болды. Уақыт өте келе, құрылыс сапасыздығы салдарынан ол шартты негізге сотталып, кейін­нен ақталады. Бірақ Жетісу қай­рат­керінің басына үйірілген қара бұлт «Инженерлер ісімен» толас­тамады. Соның салдарынан 1930 жылы 3 тамыз күні ОГПУ-дің Қа­зақ­стандағы тұрақты өкілдігі қау­лысына сәйкес қайта тұтқында­лады. Бұл жолы Мұхамеджан Тынышбаевқа қылмыстық кодекс­тің 58-7, 58-11 және 59-3 баптары бойынша іс қозғалады.

Жалпы, тұңғыш инженердің қилы тағдыры жайында тың дерек­тер сарғайған парақтарда көптеп кездеседі. Онда қайраткердің ғұмыры­ның соңғы сәттері көне Қызылордамен тікелей байланыс­ты болғаны баяндалады. 

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,

Қызылорда облысы