Сусыз, кәрізсіз, көліксіз: Гранитный тұрғындары базынасын айтты
Сусыз, кәрізсіз, көліксіз: Гранитный тұрғындары базынасын айтты
352
оқылды

Көкшетаудан таяқ тастам жерде Гранитный деген шағын ауыл бар. Елдімекенде 500-ге жуық адам тұрып жатыр. Көпшілікке бұл ауыл ЕЦ-166/25 түзету мекемесімен таныс. Ауылда кезінде «Ардагер – Неруд» серіктестігі гранит өндіретін. Тұрмысы тәуір ауылдың бірнеше жылдан бері кәрізі істен шығып, жолдары тазаланбай қалатын болған. Өйткені ауыл кәрізінің 90 пайызға жуығы шіріп кеткен. Оған қоса облыс орталығымен арадағы қашықтық он алты шақырым ғана болса да, ауылға автобус та қатынамай қалған. Аудан әкімдігі мәселені шешуге талай мәрте уәдесін берген. Алайда Гранитный тұрғындарын толғандырған жайлардың күрмеуі әлі де тарқатылмай келеді.

Жаз бойы жол мәселесі әбден титықтатқан. Көшелерге тө­гілген қиыршық тастар тегістелмей, ойлы-шұңқырдан құлап, тұмсығын бұзғандар да болыпты. Ал негізгі мәселе – кәріз жүйесінің жөнді жұмыс істемеуі халықты әбден қи­на­ғанға ұқсайды. Аталған мәселе өткен жылы да қозғалған. Аудан әкімдігінің тұрғын үй-комму­нал­дық шаруашылық бөлімі мәселені қарастыратынын жеткізген. Алайда қыстың қытымыр аязында комму­налдық жүйелер істен шығып, тұрғындарды әбігерге салуда. Осыдан бес күн бұрын Гранитный ауылында тіршілік нәрі – ауызсуы да тамбай қалыпты. Бес күн бойы ауызсусыз қалған ауылдықтар қайтерін білмей отыр. Балаларын жуындыруға су таппай қалған ауыл жағдайы туралы өткен жылы да қозғағанбыз. «Біз бес күннен бері сусыз отырмыз. Осыған дейін ыдыстарға құйып қойған барлық қорымыз да таусылды. Енді қайтіп тамақ істейтінімізді білмей, дал болып отырмыз. Көлігі бар ауыл адамдары ауызсуды Көкшетаудан тасып ішуге мәжбүр болып отыр. Ал кәріз туралы жергілікті билікке айта-айта аузымыз талған. Кәріздеріміз бітеліп қалды. Биліктің қайда қарап отырғанын білмеймін.  Тұр­ғындар кәріздерін өздері сорғызып тазалап жатады. Бірақ арада аз уақыт өтпестен қайта бітеліп қала­ды. Осыған қарамастан коммунал­дық төлемдерді уақытында төлей­міз», – дейді Гранитный ауылының тұрғыны Айзере Жәңгір. Ауыл адамдары мұнымен қоса жолдың да азабын тартқан. Қалаға қатынау үшін таксилетіп баруға мәжбүр болады. Қалтасынан қа­ғылған жұрт аудан әкімдігіне ша­ғым­данғанымен іс жуық арада шешілер түрі көрінбейді. Жақында түскен күртік қардан қарға адым аттау мұңға айналыпты. «Ауылды қар басып жатыр. Кеше, тіпті үйге кіре алмай қалдым. Бү­гін ауыл әкімдігі зордың күшімен тазартты. Ал қалаға тек көлігі бар­лар ғана барады. Автобус тоқтағалы жылға жуық уақыт болды. Бұған дейін Көкшетау-Васильков-Гранитный автобусы жүретін еді. Енді жолаушы аз деген сылтаумен жауып тынды. Ауылдан қоқыс та уа­қытында тасымалданбайды. Үй­іл­ген қоқыс қалдықтарынан аяқ алып жүргісіз. Жалпы, халық қай­тіп күнелтерін білмей отыр», – дейді Айзере Жәңгір. Коммуналдық жүйелері жүй­кені жұқартқан Гранитный кентін­де ауызсу 1963 жылы бұрғыланған №57 ұңғымадан беріледі. Су құ­бырының жалпы ұзындығы – 4 600 шақырым. Оның ішінде 1 500 метр Гранитный кентінің ішінен өтеді. Осыдан 57 жылы бұрын пайда­лану­ға берілген су құбыры 11 көпқабат­ты үйлер мен әкімшілік ғимаратты ауызсумен қамтамасыз етеді. Бірақ соңғы уақытта жөндеу көрмеген құбырлар жиі істен шығатын болған. Гранитный Мәселе өткен жылы да қоз­ғалған. Жылға жуық уақыт өтсе де еш өзгермеген жайдың себебін аудан әкімдігінен сұрап білдік. Әкімдік төмендегідей жауап берді. «15 қаңтарда ауызсу беру №3 МЖД учаскесінде су құбырының жарылуына байланысты уақытша тоқтатылды. Кеше 18 қаңтарда Қонысбай ауылдық округі әкімдігі және «Зеренді-Сервис» ШЖҚ МКК апатты бригадасы бірлесіп №3 МЖД учаскесіндегі су құбыр­ының жарылған тұсы жөнделді. Гранитный кентін сумен қамту жаңартылды, – деді Зеренді ауданы әкімдігінің баспасөз қызметінен. Аудан әкімдігінің мәліметінше, ауылдағы кәріз желілерінің әбден тозығы жеткен. Ол осыған дейін «Ардагер Неруд» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің меншігінде болған. Мемлекет меншігіне еш құжатсыз тапсырылған. Содан жөндеу жұмыстарын жүргізу еш мүмкін болмапты. «Қазіргі уақытта мемлекеттік акт қолымызға тиді. Техникалық төлқұжатын алғаннан кейін кәріз желілерін қайта жаңарту бойынша жобаны жасауға бюджеттік өтінім берілмек. Ал қаламен ауыл ара­сын­дағы автобус қатынасына келсек, Гранитный кентінде жолаушылар тасымалына қызмет көрсетуге ниет­ті ұйымдар жоқ. Тасымал­дау­шылар пандемия кезіндегі санитар­лық талаптардың көбеюі тиімсіз еткенін алға тартады. Қоқыс «Та­за­лық» ШЖҚ МКК коммунал­дық кә­сіпорнымен жекелей кел­і­сім­­шарт негізінде жүзеге асыры­ла­ды. Қоқыс тасымалдауға өтінім көп бол­ғандықтан, кәсіпорын мүм­кін­ді­гінше қоқысты тасымал­дай­ды», – дей­ді Зеренді аудандық тұр­ғын үй-ком­муналдық шаруашы­лық бөлі­мінің басшысы Марат Жүнісов. Аудан әкімдігі жарылған су құбырын жөндедік десе де, тұр­ғын­дар жергілікті билікке наразылығын жасырмады. «Су құбырының жарылғанын жөндедік, су беру жаңартылды», –дейді. Бірақ су қайда? Түстен асты, әлі сусыз отырмыз. Біз қайда шағымданбадық? «Nur Otan»-ға, телеарнаға тіпті Президентке дейін хат жаздық. Ал әкім әлі әрекетсіз отыр. Кәріз сол күйі жұмыс істе­мейді. Ауызсу бірде бар, бірде жоқ. Жол да сол күйі ойлы-шұңқыр. Үнемі бәрі сынып, қирап жатады. Ал билік тек құрғақ уәдемен құ­тылады», – дейді Анар Жүсіпова. Ауыл жұрты осылай билікке шағымын айтты. Көкшетаудың іргесінде отырса да, осындай қиыншылықты бастан кешірген тұрғындардың мәселесі қашан түп­кілікті шешілетіні әлі белгісіз бо­лып отыр.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы