Шенеуніктерге берілетін сыйлықтың да түр-түрі бар екен. Оның ішінде қымбаты да, арзаны да бар. Өткен жылы Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментіне 245 сыйлық тапсырылған. Оның 18-і 159 937 теңгеге сатылған еді. Мемлекеттік заңды тұлғалардың теңгерімінде бағалау құны 967 971 теңгені құрайтын 30 бірлік бекітілген, 12 бірлік жойылды. Бұл туралы Қаржы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
2020 жылы тіркелген ең қымбат сыйлық – Iphone 12 Pro ұялы телефоны (2020 жылдың желтоқсанында есепке алынды). Ол 617 991 теңгеге бағаланды. Ең төменгі бағалау құны – 800 теңге. Мұндай сомаға ақ түсті пластик гүлдер және Dream маркалы шоколады берілген. Сыйлықтарды сату кезінде: Tom Ford Lost cherry EAU Parfum иіс суы аукцион арқылы 59 467 теңгеге (бағалау құны 118 934 теңге) сатылды, ең кішісі – ақ гүлдер мен Dream шоколады үшін 205 теңге (бағалау құны 800 теңге) бағаланған. Еске сала кетейік, жауапты мемлекеттік қызметті атқаратын адамдар (адамның хабарынсыз алынған; адам өзінің лауазымына немесе қызметтік міндеттерін атқаруына байланысты қабылдаған; көпшілік алдында немесе қолма-қол ауыстырылған (тапсырылған) өзінің қызметтік жағдайына немесе қызметтік міндеттерін орындауына байланысты ресми іс-шаралар барысында берілген) сыйлықтарды алған (табылған) күннен бастап 7 күнтізбелік күн ішінде сол сыйлықтарды тапсыруға міндетті. Оны ҚМ Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің аумақтық бөлімшелеріне тапсырады.Айша ЕРСҰЛТАН