Толықтырулар мен түзетулер білім саласына қаншалықты тиімді?
Толықтырулар мен түзетулер білім саласына қаншалықты тиімді?
294
оқылды
Жақында Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңына бірнеше түзетулер мен толықтырулар енгізілді. Олар білім жүйесінің барлық сатыларына қатысты болып тұр.     Мысалы, пандемия кезінде 2020 жылдың 15 наурызынан бастап барлық мектеп, колледж, жоғары оқу орындары қашықтан оқыту жүйесіне көшкен болатын. Сол кезден бері көптеген кемшіліктер айқындала түсті: білім орындарының компьютерлік базасының жеткіліксіздігі, интернеттің (әсіресе ауылды жерде) әлсіздігі, ұстаздардың ақпараттық технологияларды пайдалану даярлығының төмендігі және т.б. Сонымен қатар қашықтан оқыту оқу процесінде арнайы ұйымдастыру формасы ретінде жаппай пайдаланыла бастады. Ал бұрынғы заңнамада «қашықтан оқыту» оқыту процесінің формасы емес, технологиясы ретінде көрсетілген болатын. Осы қарама-қайшылықты жою мақсатымен Заңға қашықтан білім беруге қатысты жаңа нормалар енгізілді. Біріншіден, «Қашықтан оқыту» ұғымына нақты анықтама берілді. Екіншіден, «Қашықтан оқытуды ұйымдастыру қағидаларын» уәкілетті орган (Білім және ғылым Министрлігі) бекітетін болды. Осы Қағидаларда қашықтан оқытуды ұйымдастыруға байланысты нақты талаптар айқындалатын болады.
  1. Көптен бері балабақшалар, мектептер мен колледждердің мемлекеттік аттестаттауын қайтару мәселесі талқыланып келген. Заңнамаға осыған байланысты өзгеріс енгізіліп, осы білім мекемелері 5 жылда бір рет аттестаттаудан өтетін болды. Аттестаттау барысында оқушылардың білім деңгейі тексеріліп, ата-аналар мен педагогтар арасында сауалнама жүргізіліп, материалдық-техникалық және оқу-зертханалық базаның, ұстаздардың кадрлық потенциалын талаптарға сәйкестігі бағаланатын болады. Мемлекеттік аттестаттаудың негізгі мақсаты - балабақша, мектеп және колледждерде берілетін білімнің сапасын анықтау.
  2. Өздеріңізге белгілі, білім сапасы ең алдымен білім бағдарламаларына байланысты. Бағдарламалардың жиі өзгеруі оқулықтардың өзгеруіне алып келеді. Осы жағдай ұстаздар мен ата-аналардың наразылығын туғызатын. Бұл дұрыс емес деп ойлаймын. Енді оқу процесіне жаңа бағдарламаны енгізу үшін алдымен міндетті түрде сараптама, кейін апробация жүргізілетін болады.
  3. Заңнамада техникалық және кәсіптік білім беру бағыты бойынша нақты өзгерістер бар. Біріншіден, колледждер бірнеше жылдан бері дуалды оқыту жүйесіне көшкенін білесіздер. Көп жағдайда кәсіпорындар колледж түлектерін еңбек тәжірибесі жоқтығынан жұмысқа қабылдамайтын. Енді колледж студенттерінің дуалды жүйесі арқылы білім алған мерзімі еңбек өтілі ретінде есептелетін болады.
Екіншіден, қазіргі нарық заманында колледждер тек мемлекеттік бюджетке қарамай, сонымен қатар қаржыландырудың басқа көздерін қарастыру қажет. Осыған байланысты колледждерге ақылы негізде қызмет көрсетуге заңды түрде рұқсат беріліп отыр: оку-өндірісте, шеберханаларда, шаруашылықтарда, оқу полигондарында дайындаған тауарларын сата алады. Үшіншіден, колледждерде оқу мерзімі типтік оқу жоспарына сәйкес 9-шы сыныптан кейін – 3 жыл 10 ай, 11-ші сыныптан кейін 2 жыл болатын. Тәжірибе көрсеткендей, кейбір мамандықтар бойынша осындай оқу мерзімінің қажеттілігі жоқ. Сондықтан енді оқу ұзақтығы нақты білім беру бағдарламасына және қажетті оқу нәтижелеріне байланысты болады. Төртіншіден, республикамыздың көптеген жоғары оқу орындары өз құрамында колледждер ашқан. Осы колледждерде жергілікті бюджеттен мемлекеттік тапсырысты орналастыру мәселесі заңды түрде шешілмеген еді. Қабылданған жаңа нормаға сәйкес қарамағында колледждері бар жоғары оқу орындары техникалық және кәсіптік білім беру бағыты бойынша мемлекеттік тапсырысты орналастыру конкурсына қатыса алады. Яғни бұл жаңа норма колледждердің материалдық-техникалық базасын дамытуға және олардың қаржылық тұрақтылығын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, мемлекеттік тапсырысты алу үшін колледждердің аккредиттеуден өтуіне қатысты талаптар алынып тасталды. 5. Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру жүйесінде де заңнамалық өзгерістер аз емес. Біріншіден, енді жоғары оқу орындарында оқу жетістіктерін сырттай бағалау процедурасы жүргізілмейтін болды. Бұл норма Заңнан алынып тасталды. Ол дұрыс деп ойлаймын. Себебі сырттай бағалау процедурасы қажет еместігіне көзіміз жетті. Алғашқы жылдары сырттай бағалау нәтижелері бойынша жоғары оқу орындарында кезектен тыс мемлекеттік аттестация өткізілетін. Кейін сырттай бағалау жалпы мониторинг жұмысына айналды. Барлық жоғары оқу орындарына үлкен құрамды комиссиялар жіберіліп, мемлекеттік бюджеттен тиімсіз ауқымды қаражат пайдаланылды. Сондықтан бүгінде сырттай бағалаудан бөлек білім сапасын бағалайтын басқа құралдар жеткілікті деп есептеймін. Екіншіден, үлкен жаңалықтардың бірі – 2021 жылдан бастап әрбір жоғары оқу орны жеке үлгісі бойынша өз дипломын беретін болады. Бәсекелестік заманында бұл өте керек норма деп ойлаймын. Себебі барлық оқу орындары (ұлттық, мемлекеттік, акционерлік қоғам, жекеменшік) ұйымдастыру – құқық формасына қарамай мемлекеттік үлгідегі дипломдар беретін. Шетелдік тәжірибеге қарасақ, әр университет өз дипломдарын береді. Университеттің берген білім сапасын бағалайтын жұмыс берушілер. Жақсы университеттің дипломы бағаланатын болады, нашар университеттің түлегі жұмыссыз қалады деген сөз. Үшіншіден, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер Палатасы жоғары оқу орындарының рейтінгісін анықтағанда негізгі көрсеткіштердің бірі – түлектердің жұмысқа орналасуы. Осы орайда мемлекеттік грант арқылы оқуға түскен студенттердің грантты жұмыспен өтеу шарттары жеңілдетілді. Енді түлектер тек мемлекеттік мекемелерде ғана емес, жекеменшік ұйымдарда да жұмыс істеп, гранттарын өтей алады. Басты шарт – дайындық бағыты (мамандығы) бойынша жұмыс істеуі тиіс. Бұл норма мемлекеттік – жекеменшік әріптестікті ары қарай дамытуға қосымша жағдай жасап отыр. Төртіншіден, грант иегерін анықтауға мемлекет жұмсаған шығындарды өтеу бойынша жаңа норма енгізілді. Студент қанша жыл грантта оқыса, сонша жыл грантты жұмыспен өтеуге міндетті. Мысалы, екі жыл ақылы негізде оқып, соңғы екі жылда грантқа ауысса, онда сол екі жылды жұмыспен өтеуге тиіс. Немесе, үш жыл грантпен оқып, соңғы жылы ақылы бөлімге ауысса, онда алдыңғы үш жылды жұмыспен өтейді. Бұл норма білім беру гранттарын тиімді пайдалану мақсатымен енгізіліп отыр. Жалпы қорыта айтқанда, «Білім туралы» Заңға енгізілген барлық өзгерістер мен толықтырулар негізінен бір мақсатты көздейді – барлық деңгейдегі (балабақшадан университетке дейін) білім сапасын жақсарту, бүгінгі жастарымызды қолжетімді және сапалы біліммен қамтамасыз ету. Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасының жетекші стратегиялық бағыты – қазақстандықтардың өмір сапасын жақсарту, егеменді елімізді әлауқатты мемлекет ретінде құру. Ал өмір сапасы тікелей білім беру сапасына байланысты. Соны ұмытпауымыз керек.

          Махметғали САРЫБЕКОВ, Жамбыл облыстық мәслихатының хатшысы, Қазақстанның еңбек  сіңірген қайраткері.