Шетелде лауазымды қызметте істейтін Әсел жайында не білеміз?
Әсел 1976 жылы Алматыда дүниеге келген. 1993 жылы АҚШ-тың Джорджтаун университетіне оқуға түсіп халықаралық дипломатия мамандығын тәмамдаған. 1998 жылдан бастап АҚШ мемлекеттік департаменті протокол басқарушысының сыртқы қатынастар жөніндегі орынбасары болып жұмыс істеген. Ал 2014 жылы АҚШ президенті протоколы басшысының орынбасары қызметіне дейін көтерілді.
Тұрмысқа шығуына байланысты Әселдің тегі өзгерген.
Осыдан үш жыл бұрын Ақ үйдің ресми сайтында Әсел туралы ақпарат жарияланды. Онда 2017 жылы қазақ қызы Мемлекеттік департаментте протокол қызметін басқарғаны айтылады. Әсел Робертс Ақ үйдегі тағылымдамалар бағдарламасы аясында сөз сөйлеп, өзінің өмірлік тәжірибесі туралы баяндаған. Америкада жетістікке қалай жеткенін де айтып беріпті.
«Әсел Робертс ханым президенттердің брифингтерін қалай ұйымдастырғанын еске алды. Ол Америкада өз арманыңа жетуге барлық мүмкіндік жасалғанын ерекше атап өтті», – делінген сайтта жарияланған хабарламада.
Жәмила Алмасқызы
Шетелде лауазымды қызметке тағайындалған қазақ қыздарының бірі – Жәмила Алмасқызы. Еуропада министр атанған алғашқы қазақ. Медицина ғылымдарының докторы, 53 жастағы чехиялық саясаткер Жәмилә Стехликованың (күйеуінің тегінде) есімі 2007 жылы Еуропада және Қазақстанда жиі атала бастады. Өйткені 2007 жылдың 9 қаңтарында Чехия Республикасының Премьер-министрі Мирек Тополанектің Жарлығымен қазақ қызы Ж.Стехликова Адам құқықтары және шағын ұлттар мәселесi жөнiндегi министр болып тағайындалды. Тіпті бір кездері президенттік сайлау додасына да қатысты.
«Лауазымды қызметке тағайындалғаннан кейін қоғамның атынан сөйлеймін. Сұхбаттарымда өзімнің Қазақстаннан екенімді мақтанышпен айтамын. Мені алғаш рет баспасөзге таныстырған кезде Қарақұрым ауылындағы туыстарыммен бірге атқа мінген фотосуретімді көрсетті. Басылымдардың бірі бұл жағдайды пайдаланып «Қазақ даласынан Чехия үкіметіне дейін» деген тақырыппен мақала берді», − дейді баспасөзге берген сұхбатында Жәмила Алмасқызы.
Есім Махмұтқызы
Есім Сабаш атты қазақ қызы Парижге жақын Крей қаласында сайлауда жеңіске жетіп, қала мэрінің орынбасары болды. Крей қаласы (фр. Creil) — О-де-Франс аймағына, Санлис округіне жататын, Францияның солтүстігіндегі қала. Есім Махмұтқызы 1991 жылы Францияда туған.
Есім бұған дейін БАҚ-та берген сұхбатында Францияның мемлекеттік басқару ісінде 50 пайыз әйел, 50 пайыз ерлер болуы тиіс екенін атап өткен.
«Франциядағы әкімдердің көпшілігі ер адамдар. Бұл үрдісті өскелең ұрпақ өзгертіп, әйелдердің де тең құқылы екенін дәлелдейді деп күтемін. Францияда сайлауға түсетіндер басқа жерде де жұмыс істей береді. Соған қарамастан қызметке сайлана алады. Сондай мүмкіндік бар болғандықтан мектептегі жұмысымды, ұстаздық қызметімді жалғастырамын. Мэрдің орынбасары қызметін де атқарамын. Яғни, екі жерде жұмыс істеймін", - дейді Есім.
Google компаниясында жұмыс істейтін қазақтар
Малика Әубәкірова Қарағанды қаласының тумасы. 27 жаста. Чикагода тұрып жатқанына 6 жыл болды. Астана (Нұр-Сұлтан) қаласындағы алғаш ашылған Назарбаев зияткерлік мектебінде оқып кейін Чикаго университетіне оқуға түседі. Алған мамандығы бойынша Google компаниясына жұмысқа тұрған ол өзіне мамандығы, жұмыс орны, әріптестері ұнайтынын жасырмайды.
«Біздің компанияның артықшылығы көп. Тіпті дәрігерге барып көз, тіс емдейтін болсаң соның ақшасын да Google төлеп береді. Сонымен қатар спорттық жаттығу жасаймын. Оның да шығынан компания өтейді. Жұмысқа қатысы жоқ курстарға қатысу жағы қарастырылған. Бұл тұрғыда компанияның қызметкерлеріне жағдай жасалған», − дейді Малика.
Ол Чикаго кеңсесінде жұмыс істейтін жалғыз қазақ қызы. Бірақ оның айтуынша, жалпы Google-да қазақстандықтар өте көп. Тек соңғы бір жылдың өзінде 30-ға жуық қазақ жұмысқа орналасыпты.
Бақытжан Төрехановтың «әлемдегі ең ірі компаниясында жұмыс істеймін» деген арманы 33 жасында орындалды. Ол Түркістан облысынан шыққан. Мектептен кейін Алматыдағы Қазақстан-Британ техникалық университетіне оқуға түседі.
«Google компаниясында жұмыс істеуді армандайтынмын.
Калифорнияға магистратураға оқуға түстім. Америкаға 2011 жылы жалғыз келдім. Кейін оқуымды аяқтап әртүрлі компанияларда жұмыс істедім. Google-ға төрт рет жұмысқа орналасу үшін құжат тапсырдым. Тек төртінші рет барлық сынақтан өтіп жұмысқа қабылдандым», − дейді ол.
Бақытжан Google қызметкерлеріне жақсы жағдай жасағанын айтады. Таңғы ас және түскі ас, бассейн, массаж бөлмесінің барлығы тегін.
«Жұмыста ұйықтауға болады. Таңғы сегізде жұмыста отыру міндеттелмейді. Біреулер ерте, біреулер кейінірек, біреулер үйде жұмыс істейді. Біз жиналыстарға онлайн режимінде қатысамыз. Қажет болған жағдайда адам жұмыс істейді, шаршаған кезде демалады. Бірақ сапалы жұмыс істеу маңызды. Компаниядан маған ғана емес әйелім және үш балама медициналық сақтандыру қарастырылған. Тіпті, отбасы мүшелерінің біреуі қайтыс болған жағдайда Google 10 жыл ішінде белгілі бір мөлшерде қаражат төлеп отырады», − дейді Бақытжан.
Жасан Байпақбаев Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданы Қаратоғай ауылының тумасы Google компаниясының инженері болып жұмыс істейді. Алматы қаласында «Ақпараттық жүйелер» мамандығы бойынша бакалавр және магистратураны бітірген.
«Көбіне академиялық білімге назар аудару керек. Ғылымға деген қызығушылық болу керек. Сондай-ақ, есептер шығару дағдылары артық болмайды, яғни алгоритм ережелерін терең білуіңіз керек. Әрине, тәжірибе қажет. Ірі компанияларда жұмыс істеудің артықшылығы - қызметкерге барлық жағдай жасалады. Сондықтан көптеген жастар ірі компанияларда, холдингтерде жұмыс істеуге бейім. Бұл жағымды тенденция. Google-да барлық қызметкерлерге үш мезгіл тамақ беріледі және қызметтік автокөлік қарастырылған», - деді Жасан Байпақбаев.
Сергей Пасиченко Қарағанды қаласының тумасы. Facebook-те бағдарламашы болып жұмыс істейді.
«Америка Құрама Штаттарында техника жеткізумен айналысатын халықаралық компанияда жұмыс істеуге ұсыныс түсті. Бір жылдан кейін өз жұмысыма көңілім толмайтынын түсіндім. Дәл осындай сезім Қазақстанда жүргенде болып еді. Бірақ АҚШ-тың Қазақстаннан айырмашылығы мүмкіндік көп. Жарты жыл жұмыс іздедім. Кейін Facebook-тен ұсыныс түсті. Компаниядағы екі жыл ішінде көптеген тәжірбие жинадым. Маған берілген мүмкіндік және жағдай жасау жағы қатты ұнайды», − дейді Сергей.
Оның сөзінше, кез-келген елде жетістікке жету үшін көп оқып іздену керек. Тәжірибе жинап табандылық таныту ең бастысы сенімді болу маңызды.
Бибисара Шарипова модельдік мансабын Алматы қаласында бастаған.
Бірнеше жыл бұрын Нью-Йорктегі сән апталығында ерекше көзге түскен ол сол кезден бастап сән әлемінде «Биби» деген атпен таныла бастайды. 2015 жылы жапондық Uniqlo киім компаниясының бет-бейнесі атанды. Әйгілі Vogue және Grazie журналдарының мұқабасында суреттері жиі жарияланды. Бибісара қазір АҚШ-та тұрады.