Жалақы жыры тағы басталды
Жалақы жыры тағы басталды
201
оқылды

Picodi халықаралық сервисі пандемияның қалтаны қалай қаққанын талдап, биылғы жағдай бойынша әлем­дегі ең төменгі жалақы рейтингін түзіпті. Қазақстан хал­қының табысы аз елдердің «үздік» үштігіне енген. Неге? Тапқаны тамақтан артылмайтын азаматтар қым­бат­шылық қысқан заманда қалай күнелтеді? Биліктің не біл­гені бар?

Зерттеушілер үкімет бекіткен ең төменгі еңбекақысы бар 56 елді қарастырыпты. Рейтинг соңын­да Өзбекстан орналасқан. Ала шапанды көршімізде бұл көрсеткіш 57 доллар шамасында. Екінші орында – Нигерия (71 дол­лар). Үшінші орында – Қа­зақстан (88 доллар). Көш басына Люксембур жайғасқан (2 241 доллар). Таяуда депутат Айбек Паяев осы мәселені ашына қозғап, Премьер-Министрдің атына сауал жолдады. Дүниежүзіндегі озық отыздыққа ұмтылып отыр­ған ұлттың азып-тозғаны еш­қандай сын көтермейді деген ха­лық қалаулысы Асқар Маминге бірнеше сұрақты төтесінен қой­ды. Біз Мәжіліске жаңадан сайланған халық қалаулысына хабарластық. – Мемлекетіміз, Құдайға шү­кір, бай мемлекет. Бай мем­лекеттің Үкіметі сапалы жұмыс істеп, халықтың әл-ауқатын арт­­ты­руы керек қой. Түрлі бағ­дарлама бар. Қыруар ақша бө­лінеді. Бірақ сол қаражат халыққа жетпей жатады. Сай­лауалды нау­­­­қан барысында ауыл-аймақты аралап, 7 облысқа бардым. Сол кезде тұрғындардың шынайы тұрмысын өз көзіммен көрдім. Жаңағы рейтингте соңынан са­нағанда үшінші тұрғанымыз – масқара жағдай. Бұл масқараны ештеңемен ақтай алмаймыз. Дамыған 30 елдің қатарына кі­реміз дейміз. Мына тірлікпен біз қалай кіреміз? – дейді депутат. Кейбір елде ресми еңбекақы мен қолға тиетін еңбекақы мөлшері әртүрлі. Сондықтан зерт­теуде таза қалтаға түсетін сома есептелген. Қазақстанда ең төменгі номиналды айлық 42 500 теңгеге тең. Бірақ сақтандыру жарналары өскендіктен, был­тырдан бастап нақты жалақы азайып қалған. – Үкімет 42 500 дейді. Алайда сақтандыру компанияларына төленетін салымдарға байла­нысты азаматтар қолына 37 400 тең­ге алады. Биыл азық-түлік себетінің құны 13,87 пайыз өсіп, 25 280 теңге болды. Сонда адам 37 мыңның 25 мыңын та­­маққа жұмсаса, ар жағындағы он шақты мыңға киіне ме, ком­муналдық шығындарын төлей ме, бала оқыта ма? Өзбек­стан­ның жала­қысы бізден де төмен. Бізде 88 доллар болса, олар­да – 57 доллар. Дегенмен оларда азық-түлік арзан болған­дықтан, өзбек халқы нан мен жұ­мырт­қаны қазақ­тардан гөрі мол­ырақ алады, – деп бір тоқ­тады Айбек Паяев. – Бай мемлекетпіз дейсіз. Бай болсақ, ақшаның бәрі қайда кетіп жатыр? – дедік сәл кідір­генін пайдаланып. – Сауал жолдағандағы мақ­сатым – осыны білу. Енді Үкі­меттің жауабын күтеміз. Кейде халық зар жылағанда Қаржы ми­­нистрлігі ақша жоқ деп аузын қу шөппен сүртеді. Ал ауқымды мегажобаларға ақша та­былады. Ақша неге керек? Ақша халықтың әл-ауқатын арт­тыруға керек. Әкімдер жұрттың мұң-мұқта­жына құлақ түрмейді, кері бай­ланысқа шықпайды. Рес­пуб­ликалық бюджеттен қара­жат бөлінеді. Бірақ жымқырылып, ұст­­ағанның қолында, тістегеннің аузында кетеді. Орталық мем­лекеттік органдар, жергілікті әкім­діктер ай қарап отыр ма? Сөз­ден іске көшпесек, ертең қиын болады. Қазір Парламент қабырғасында отырмын. Қажет заңдарды талдап, қажетсіз заң­дарды құртып, халықтың мүдде­сін қорғаймыз, – дейді депутат. Рейтинке қатысқан мем­ле­кеттер ішінде Қазақстанда ғана жалақы азайыпты. Ең қызығы, жерінің үлкен бөлігінен айы­рылып, соғысты бастан кешкен Украинаның өзінде ең төменгі жалақы 27 пайыз ұлғайған. Одан кейін Түркия: өсім – 21,6 пайыз. Үштікті тұйықтайтын Алба­ния­ның жетістігі – 15,4 пайыз. Посткеңестік кеңістікте Ресей­де – 5,5 пайыз, Беларусьте – 6,7 пайыз, Өзбекстанда – 7 пайыз. Бізде керісінше – минус 1,1 пайыз. Мәселенің мән-жайына те­реңірек үңілейік деп бірнеше маманға қоңырау шалдық. Еш­қайсысы жарытымды жауап қатпады. Бірінің басы ауырып жатыр, екіншісінің уақыты жоқ, үшінші, төртіншілері ойлануға мұрсат сұрайды. Ал экономист Меруерт Махмұтова ә дегеннен өзімізге тап берді. – Picodi.com сайты қайдағы жоқ бірдеңелерді жариялай са­ла­ды. Сіздер неге тексер­мей­сіздер? Анық-қанығын білмей, дабыра қыласыздар. Ол тауар баға­сын­дағы жеңілдіктерді жар­на­ма­лайтын сайт қой. Зерттеу­мен ай­налыспайды. Жай бір сан­­­­дырақтарды жазады. Былтыр да осындай рейтинг шығарған. Соған арнайы пост жазғанмын. Мынаны сайттар сан-саққа жү­гіртіп, Facebook шулап жатыр. Қазақстан 54-орында тұр деген не әңгіме? Жер жүзінде 200-дей мемлекет бар. Басы жоқ, аяғы жоқ далбаса ғой, – деді са­рапшы. Осы жерде оқырманға тағы бір ескерте кетейік, жаңағы зерт­теуде ең төменгі айлық көрсет­кішін бекіткен 56 ел ғана зер­деленген. Бірқатар маманның пікі­рін­ше, ең төменгі жалақыны кө­теруден қоғам да, мемлекет те ұтады. Өйткені ол бюджет шы­ғындары мен қосымша шығыс­тарға қарамастан, бүкіл жала­қының өсімін қамтамасыз етеді. Халықтың төлем қабілеті артады. Ақша шетке ағылмайды, аза­маттар елде жұмыс істеп, тауар сатып алады. Осылайша, қаражат экономикаға, бизнеске қайта оралады. Айтпақшы, орташа жала­қының да жайы мәз емес. Ұлттық статистика бюросының дерегіне сенсек, орта және ірі кәсіп­орын­дарда жұмыс істейтін адам­дардың 50 пайызы 142,3 мың теңгеден төмен айлықты қанағат тұтуға мәжбүр. Сарапшылар мұны әлеу­меттік теңсіздікке балайды.

еркебуланЕркебұлан НҰРЕКЕШ