Денсаулық сақтау министрлігінің коронавирусқа қарсы дәрілік заттарға жаңа шекті баға белгілеген бұйрығы күшіне енді. Бұйрыққа сәйкес, COVID-ке шалдыққан науқастарды емдеуге пайдаланылатын препараттардың 370 түрінің шекті бағасы 30-40%-ға арзандауы тиіс. Бұл дәріхана бизнесімен айналысатындардың ашуын туғызды. Себебі олар бұған дейін сатып алып қойған препараттарын 30-40 пайыз төмен бағаға сатуға мәжбүр болмақ. Шын мәнінде, олар қоймадағы тауарын арзан бағаға сатуға құлықты емес. Сондықтан министр бұйрығының күшін жойсын немесе жаңа талапқа көшу үшін уақыт берсін деген талап қойып отыр.
COVID-ке қарсы дәрілер сөреден жоғалуы мүмкін бе?
Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой кезекті Үкімет отырысында CОVID-19 індетіне шалдығу көрсеткіші наурыз айында тәулігіне 3-9 мың адамды құрайтынын болжады. Содан бері министрліктен маза кеткендей. Жаздағы ажиотаж қайталанбас үшін дәрі-дәрмектің бағасын реттеуді де дереу қолға алғаны содан болса керек. Алайда жаңа бұйрық дәріханашылар көңілінен шықпады. Фармацевтика қызметін қолдау мен дамыту агенттігінің президенті Марина Дурманованың айтуынша, қоймалардағы препараттың барлығы ескі бағамен сатып алынған. Ол препараттарды министр бұйрығындағы жаңа бағада сату шығынға батырады. «Біз Денсаулық сақтау министрлігі, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне жазбаша өтінім жібердік. Мемлекеттік органдардан өтпелі кезең сұраймыз, сол аралықта ескі бағадағы дәрі-дәрмектердің қалдығын өткізіп алар едік», – дейді ол. Фармацевтика өнімдері дистрибьюторлары қауымдастығының жетекшісі Науан Жанғабылов та жаңа бұйрықпен жұмыс істеу үшін, өндірушілермен келіссөз жүргізу үшін уақыт керек дейді. «Өтпелі кезең бізге көмектеседі, өйткені әлемдік сұраныс жағдайында барлық өндіруші дәрі-дәрмектерді арзан бағамен жеткізгісі келмейді. Белгіленген бағаға сәйкес жеткізушілер жұмыс істеуден бас тартқан жағдайда бірқатар дәрі-дәрмек сөреден жоғалуы әбден мүмкін» деген қаупін де жасырмады. Бұдан бөлек, дәріханашылар препараттардың қалдықтарын ескі бағамен сатқаны үшін айыппұл сала ма деп алаңдайды. Өйткені былтыр жазда коронавирус қаһарына мінгенде дәрі-дәрмектің бағасы аспандап кетіп, халық шу шығарды. Үкімет дәріханаларға тексеру жүргізді. Кей дәрі-дәрмектің бірнеше есе қымбатқа сатылғаны анықталды. Алматының өзінде 200-ге жуық дәріханаға айыппұл салынды. Сол оқиға қайталанбауы үшін аралық кезең берілуі керек деген ұсыныс айтылып отыр.Бастамашы министрлік емес, агенттік болып шықты
Біз осы мәселеге байланысты Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне хабарластық. Себебі бұйрықты Денсаулық сақтау министрлігі бекіткенімен, КВИ-ді емдеуге пайдаланылатын дәрілік препараттарға шекті бағаны қалыптастыруға осы агенттік бастамашы болған. Агенттік бұл өзгерістерге Мемлекет басшысының бірінші кезекте коронавирус инфекциясын емдеу үшін қолданылатын дәрілік заттардың бағасын төмендету туралы тапсырмасынан кейін кірістік дейді. «Агенттік ковидке қарсы препараттардың қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында бағаларға экономикалық талдау жүргізді. Экономикалық талдау жеткізушілердің дәрілік заттар құнына өзінің маркетинг шығыстарын (құнның 30%-ға жуығы) енгізуінің бұрынғы практикасының, көтерме және бөлшек саудадағы расталмаған сауда үстемелерінің негізсіз екенін көрсетті. Дәл осы шығыстар Қағидалардың ерекше тәртібі шеңберінде ковидке қарсы препараттардың құнынан алынып тасталды, бұл дәрі-дәрмектерді өндірушілерден немесе жеткізушілерден объективті баға бойынша сатып алу мүмкіндігін қамтамасыз етеді», – дейді. Агенттіктің 2020 жылғы 31 желтоқсанда Денсаулық сақтау министрлігімен коронавирусқа қарсы препараттарға бекіткен шекті бағасына сәйкес, 96 препарат бойынша баға бөлшек саудада шекті бағадан төмен қолдануға байланысты өз деңгейінде қалды. Ал 232 препарат бойынша іс жүзіндегі бағаларды орта есеппен 27%-ға төмендету көзделді. Қысқасы, агенттік коронавирусқа қарсы препараттарды халыққа қолжетімді еттік деп отыр.Бұл – науқастар құқын қорғайтын шешім
Бұл мәселеге қатысты пікір білдірген Денсаулық сақтау министрлігі Фармацевтикалық саясат департаменті директорының міндетін атқарушы Ботагөз Сыздықова да министрлік қабылдаған шешім, ең алдымен азаматтарымыздың мүддесін қорғауға, оларды дәріханадағы бағаның негізсіз өсуінен қорғауға бағытталғанын айтады. Соған қарамастан әр нақты жағдайда, нақты сауда атауы және әр шекті баға үшін министрлік диалогке дайын екенін жеткізді. «Бұл шешім науқастардың құқын қорғау мақсатында қабылданды. Коронавирус инфекциясының өршу кезеңінің жазғы кезеңінде дәріханаларда дәрі-дәрмектер бағасының қымбаттау фактілері тіркелді. Тиісті тергеу жүргізіліп, әкімшілік шара қолданылды», – дейді. Оның айтуынша, шекті бағаны төмендету үшін маркетингтік шығындар алынып тасталды, сондай-ақ көтерме және бөлшек сауда бағалары да азайтылды. Шекті бағаны сақтау дәріхана ұйымдарынан ғана емес, бірінші кезекте өндірушілер мен дистрибьюторлардан да талап етіледі. Осы тұста коронавируспен ауырған науқастарға тегін дәрі-дәрмек қарастырылғанын айта кетуіміз керек. Егер ауырып қалған жағдайда тіркелген емханаға жүгініп, дәрігерден қажетті дәрі-дәрмектің тізімін алу керек. Дәрігер көбіне дене қызуын түсіретін дәрілерді жазып береді, ал қан қысымы жоғары, қант диабеті, демікпе сияқты созылмалы аурулары бар адамдар мен аяғы ауыр әйелдерге аурудың асқынуын тежейтін басқа да дәрілер жазып береді. Егер коронавирус инфекциясына бактериялық инфекция қосылса, пневмонияны емдеуге арналған дәрі-дәрмек пен антибиотиктер тегін беріледі. Науқастың жағдайы нашарлап кетсе, күндізгі стационарға жатқызу немесе стационарлық ем қабылдау сияқты медициналық көмек түрі ұсынылады. «Бұл мақсатқа «СК-Фармация» ЖШС 44 тауардың қорын сатып алды. Бұл дәл қазір сатып алынатын және аймақтық қоймаларда, медициналық ұйымдарда бар антибиотиктер, антикоагулянттар, стероидты емес гормондар. Көлемі жеткілікті. Сонымен қатар дәріханалардағы дәрі-дәрмек қоры азайса немесе кейбір дәрі-дәрмек болмай қалса – аймақтарда жергілікті бюджет есебінен тұрақтандыру қоры құрылады», – дейді Ботагөз Сыздықова.Препараттар тізімі сараптамаға ұсынылған жоқ
«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы атышулы бұйрықты әзірлеу кезінде реттеушілік әсер талдауы жүргізілмегенін, ковидке қарсы препараттардың тізімі сараптамалық қорытынды жасау үшін палатаға ұсынылмағанын мәлімдеді. «Денсаулық сақтау министрлігінің болжамына сенсек, онда бізді «қаһарлы» наурыз айы күтіп тұр, қазақстандықтар індеттің өршуі туралы хабарламадан кейін дәрілерді жаппай сатып ала бастайды. Осы ретте бізде нарық шағын екенін, бізге тиімсіз бағада препарат алып келуге ешкім құлшынбайтынын ескерген жөн. Біздің міндетіміз – тепе-теңдікті сақтау: дәрі-дәрмектің нарықтан жоғалып кетуіне жол бермеу, халықты өмірлік маңызды дәрі-дәрмексіз қалдырмау және баға мәселесін реттеу. Дәрі-дәрмектердің сөреде тұруын дәріханалар ғана қамтамасыз етпеуі керек. Халық ауруханалардағы заттарды дәріханалардан іздемеуі керек. Антибиотиктер мен гепариндер рецепт бойынша беріледі, демек олар тегін медициналық көмек аясында болуы керек», – дейді Палата басқарма төрағасының орынбасары Юлия Якупбаева. Оның айтуынша, былтыр «Атамекен» палатасы IT-қоғамдастығымен бірге дәріханалар мен дистрибьюторлардағы дәрі-дәрмектерді онлайн бақылау платформасын іске қосты. Ксарелто препаратына қатысты мәліметтерді зерттегеннен кейін, 2020 жылдың қазан айынан бастап қоймалардағы дәрі-дәрмектің күн сайын азаюы анықталған. Ал BAYER, Sanofi компаниялары жаңа бағаға байланысты ксарелто, клексан және фраксипарин препараттарын жеткізу көрсеткіші қазірдің өзінде төмендеп кеткенін ескертіп отыр. Дәл осы перпараттарды айдың-күннің аманында қолға түсіру оңай емес. Пандемия күшіне мінсе, қайтер екенбіз?..Халима БҰҚАРҚЫЗЫ