Елімізге тиесілі KZ доменін пайдаланатын, бірақ шетелдік серверде орналасқан сайттарды Қазақстан қой қайырғандай қайтарып алмақшы. «Елге оралу үшін» оларға 1 ақпанға дейін уақыт берілді. Бұған дейін бірнеше рет бұл мәселенің басы қылтиған. Тіпті, нақты дедлайны 2020 жылдың 30 қарашасына дейін деп те бекіткен. Кейін мүмкіндік береміз деп уақытын тағы созды. Бірақ осы жолы 1 ақпанға дейін көшіріп үлгермесе, сайттарды бұғаттаймыз деген ескерту жасалып жатыр. Жауапты министрлік өкілдері бұл талаптың бірыңғай жағымды әсері бар деп сендіріп отыр.
Алғаш мұндай бастама 2010 жылдары сол кездегі Байланыс және Ақпарат министрлігі тарапынан көтерілген. «Домені KZ болса, серверлері де Қазақстанда орналасуы керек» деген еді. Бұлтты технологиялардың енді-енді дамып, шетелдік әлеуметтік желілердің экспансиясына тап келген кезең болады. Сөйтіп, әлгі бастама біртіндеп кейінге шегеріле берді. Басталған іс аяқталуы керек демекші, осы жолы нүктесін қоюға Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі бекініп отыр. Порталдар мен сайттардың иелері көшіп үлгере ме, жалпы бұған мән бере ме нақты белгісіз. Бірақ жылдың соңында министрлік таратқан баспасөз баянында 45 мыңнан астам домен атауларына тиісті хабарлама жеткен. Бірақ соның ішінде тек төрт мыңы серверлерін ауыстырған. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асхат Оразбек отандық кәсіпкерлерді шетелдің арзан қызмет көрсетуіне қызықпауға шақырды. «Қазақстандық атауы бар сайттарды жергілікті мәліметтерді өңдеу орталықтарына орналастыру керек. Сөйтіп, жергілікті IT мамандарды тартуға болады. Отандық бизнесмендерге аумақтық еңбек және өндірістік ресурстарды барынша пайдалану қажет. Сонда елге ақша түседі. Шетелдік арзан сервистің соңынан жүгіріп керек емес. Қазақстандық домендік атауы бар сайтты иесі ауыстырғысы келмесе, сайттың атауын өзгертсе болады. Мысалы, іnfo.kz деген атауы болса, info.kz.com немесе info. kz.org деп ауыстыра алады. Жалпы алғанда, бұл жүргізілетін жұмыс қарапайым қолданушыларға еш кедергі келтірмейді. Тіпті байқалмайды», – дейді министрдің орынбасары. Ал енді аталған талаптың қандай оң әсері барына тоқталсақ. Осының арқасында экономикада мультипликатив әсер туады екен. Атап айтқанда, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласында қосымша жұмыс орындары ашылып, электр энергиясы профициті жойылып, ішкі интернет-трафик қысқарып, байланыс операторлары жергілікті байланыс желісін дамытып, көрсететін қызметтерінің сапасын жақсартуға тырысатын болады. Бұл – министрлік тізбелеген жағымды тұстары. Айталық, хабарлама жететін жерге жетті, дегенмен мән бермесе не болады? Бұған дейін қазақстандық серверге көшпеудің себебі ретінде ақысының қымбат екені, қызмет көрсету сапасының көңілден шықпайтыны айтылып келді. Ал егер тіркеуші Hoster.КZ домен иесіне хабарлама жолдағанымен, ол тараптан жауап болмаса, қазіргі ереженің 16 тармағына сәйкес, сайттың жұмысын тоқтатып тастайды. Сонымен бірге SSL сертификаты реттелмеген, вирусы не спам белгілері бар беттерді де осыған ұқсас жағдай күтіп тұр деседі. Доменді қалай өшіретіні туралы айтар болсақ, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Ақпараттық қауіпсіздік жөніндегі комитеті толық тексеріс жүргізіп, ереже бұзылды ма, қарап шығады. Кейін ол тізім «Казник» тіркеушісіне автомат түрде жолданады. Ол болса, өз кезегінде бір күн ішінде ол сайттарды бұғаттап, HOLD статусын бекітеді. Қатесін түзеп, бұзылған жерді жөндеу үшін қолданушыға он күн мерзім беріледі екен. Ақауларды жөндеп болған соң, «Казникке» жіберу міндетті. Болмаса, доменді қайтарып алу мүмкін емес қылып жойып тастайды. Әдетте, домендер туралы әңгіме қозғалғанда, оның сол елдің имиджі іспеттес екені айтылады. Айталық, am – армян домені. Бүгінде екінің бірі қолданатын Instagram әу басында instagr.am деген армян сайты болған. Кейіннен Facebook доменді 1,5 млрд долларға сатып алды. Міне, көктен түскен пайда дерсіз! Мұндай мысалды Қазақстанның интернет қауымдастығының президенті Шавкат Сабиров келтірді. Оның ойынша, доменді шектеудің қажеті жоқ. «Ақпараттық қауіпсіздік туралы айтылғанның бәрі – бос сөз. Қандай да құқыққа қарсы амалдар істелсе, оны бұл талапсыз-ақ бұғаттап тастауға болады. Адам сайтын қайда және қандай шартпен орналастыруды өзі шешуі керек. Тіркеу тәртібін министр бекітіп отыр, демек заң тұрғысынан алып қарағанда оның заңдық күші жоқ. Дәл қазіргі пандемия кезінде министрлік шектеумен емес, даму бағытында жұмыс істегені жөн. Әлгі 40 мыңнан астам домен иелері қиын кезде жан бағып, кәсібін жүргізе берсін», – дейді сарапшы.Жадыра АҚҚАЙЫР